Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Гидротехникалық құрылыстардың 60%-дан астамы тозған - депутат

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Серік Шайдаров гидротехникалық құрылыстарға 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жасалмағанын және 60%-дан астамы тозып кеткенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гидротехникалық құрылыстардың 60%-дан астамы тозған - депутат

Фото: senate.parlam.kz

«Министрліктер мен әкімдіктердің су қоймаларын салу, еріген қар суын жинау және өзен арналарын тазарту жөніндегі он жыл бұрынғы орасан зор жоспарлары қағаз жүзінде қалды», деген Серік Шайдаров елімізде жыл сайын су тасқыны оқиғалары қайталанатынын айтты. Оның айтуынша, билік мұндай апаттардың алдын ала алмай, кейін тек салдарымен күреседі.

«Жыл сайын көзбен көріп, тексерудің қорытындысы бойынша 537 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет екені анықталды, оның ішінде 427 гидротехникалық құрылыс коммуналдық меншікте тұр. 2024 жылы коммуналдық меншіктегі бөгеттерге көп факторлы тексеру жүргізу мен қауіпсіздік декларациясын ресімдеуге 20 өңірдің тек 5-еуінде ғана бюджеттен қаржы көзделген. 2025-2026 жылдарға ешқандай облыста қаржы қарастырылмаған. Жағдай неге бұлай? Ең алдымен, қолданыстағы заңнаманың жетілмегендігі себеп болып отыр», деді сенатор.

Сенатордың айтуынша, мұндай құрылыстарды пайдалану, күтіп ұстау және жөндеу үшін қаржы керек. 2010-2012 жылдары иесіз бөгеттерді анықтау қорытындысына сәйкес олардың барлығы сот шешімі бойынша аудандық коммуналдық меншікке өтті. Қолданыстағы заңнама аясында оларды басқару үшін аудандар облыстық коммуналдық меншікке беруі керек еді, ал олар өз кезегінде қаржы жұмсамау үшін қарамағына қабылдамаған.

«Гидротехникалық құрылыстардың шамамен 75%-ы аудандық коммуналдық меншікте. Мәселені қысқа мерзімде зерделеп, заңнамаға өзгеріс енгізіп, аудандар мен қалаларға өкілеттік беру керек.  Облыстағы жергілікті атқарушы органдарында да гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік кәсіпорындар құру құқығы функциясы бар, гидротехникалық құрылыстарды облыстық және аудандық коммуналдық меншікке жатқызу шарттарын айқындау қажет деп санаймыз», деді сенатор.

Серік Шайдаров әрбір елді мекеннің бас жоспарында аумақтарды табиғи құбылыстардың қауіпті әсерінен қорғау жөніндегі шараларды тіркеуді және дайындауды, оларды іске асыруды, сондай-ақ елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі инвестициялық жобалардың қай жерде іске асырылғанын тексеруді ұсынды.