Оқиға • 11 Сәуір, 2024

Бәсі биік бес кітап

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві өткен жы­лы ғасырлық мерейтойын атап өткен болатын. Осы той­­дың тәбәрігі ретінде жақында архив қорында сақталған құн­ды құжат мәліметтері жинақталған 5 кітап баспадан шықты.

Бәсі биік бес кітап

Бұл кітаптың бірі – Батыс Қа­зақ­­стан облысының әкімшілік-аумақтық құ­ры­лымы бойынша анықтамалық (1869-2015). Жинақ­ты архив директоры Айжан Сауғабае­ва, Оралбек Тас­ма­ғанбетов, Мұрат Қал­менов, Айболат Құрымбаев сынды та­­рих­­шылар құрастырған. Анық­та­ма­­лық­та Opaл oблыcының 1869 жылы ал­ғаш құpылyынaн бacтaп қaзipгi кeзгe дeйiн­гi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнici тapи­xы көрсетілген. Сондай-ақ Ішкі Бөкей ор­да­сының тарихы, губерния, уезд, ауылдар та­рихы берілген. Айта кетейік, тарихшы­лар мен зерттеушілер бұл жинақты асы­ға күткен еді, өйткені түрлі қоғамдық фор­мацияның ауысуы кезінде жер-су атау­лары, әкімшілік бөліністер өте жиі өз­гер­гендіктен, тәжірибелі мамандардың өзі бұл тақырыпта жиі жаңылысып жататын.

Тарихшылар мен өлкетану­шылар үшін өте құнды тағы бір жинақ «Батыс Қазақстан об­лысы номенклатуралық қыз­меткерлерінің анықтамалығы. 1919-1991 жылдар аралығындағы губерниялық, уез­дік коми­тет­терінің, облыстық, қалалық, аудан­дық партия комитеттерінің 1-ші, 2-ші, 3-ші хатшылары» деп аталады. Ата­уынан белгілі болып тұрғандай, мұн­да өңір­дің ғасырға жуық тари­хында ел бас­қарған тұлғалардың тізімі, қыс­қаша өмір­баяны, фотосуреттері беріл­­ген. Олардың арасында репрессия жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған қайраткерлер де бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын­да Орал қаласы майданның жа­қын ты­лы ре­тін­де аса маңызды стратегиялық міндет ат­қарды. Сол кезде қалаға кеңес одағы­ның еуропалық бөлігінен 62 мың­ға жуық адам көшірілген екен. Эва­куа­циямен келген халыққа Орал қалалық тұрғын үй бөлі­мі 6 604 пәтер мен бөлме бөліп берген. Соғыс кезінде қалаға Ле­нинградтан №231 Ворошилов зауыты, Воронежден Усман меха­никалық зауыты, Мәскеуден Зем­лячка тері-былға­ры зауыты, Киевтен жүн-киіз фабрикасы, Рязан облысынан арақ зауыты, т.б. көптеген кәсіпорындар кө­шіп келіп орналасқан. Бұл өндіріс орындарының бірқатары соғыс­тан кейін де осы жерде қалып, кеңестік Қазақстанның, кейін­­­нен тәуелсіз республикамыз­дың өркенде­­уіне үлес қосты. Міне, «Эвакуация в За­пад­но-Казахстанскую область в период Вели­кой Отечественной войны 1941-1945 годов» атты қос­томдық тарихымыз­дың осы кезеңін қамтитын құжаттарды топ­тастырған.

Оқырман қолына тигелі отыр­ған тағы бір жинақ «Жеке тек­тік қорлар бойын­ша архив құжаттарының анықтамалығы» деп аталады. Бұл кітапта Ба­тыс Қазақстан об­лыстық мем­лекеттік архиві мен оның фи­лиал­­дарының архивтік қор құ­жат­тарында сақтауда тұрған же­ке тек­­тік қорлар мә­лі­меті жи­нақ­талған. Анық­тамалықта Жа­йық өлкесінен шық­қан Кеңес одағының батырлары, Социа­листік Еңбек ерлері, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, «Даңқ», «Құрмет Бел­гісі» ор­ден­дерінің толық иегерлері, «Еңбек ардагерлері», қоғамның әлеу­мет­тік-экономикалық, сая­си-мәдени саласына еңбек сіңір­ген қайраткерлерге қатысты құжаттар көрсетілген.

– Бұл жинақтар архив қыз­меткер­лерінің көп жыл­ғы сараптау жұмысы­ның қоры­тын­дысы десе де болады. Архив қой­масының әртүрлі қорында жат­қан жүздеген, мыңдаған құ­жатты ірік­теп, сараптап, бір жер­ге жинақтау ға­лымдар мен зерт­теушілердің жұмысын көп жеңілдетеді. Оқырман үшін өте құнды осындай жинақтарды дайындап шығаруға оң ықпал еткен архив басшы­сы Айжан Нұрғалиқызына алғыс айта­­­мыз, – дейді «Ғылыми зерттеулер­ді қол­дау қорының» жетек­шісі, тарих магистрі Айболат Құрымбаев.

 

Батыс Қазақстан облысы