
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов қатысып, баяндама жасады.
Брифингте хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден аса ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілгені айтылды.
– Ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні «Abay Academiyasy» энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Бұл бірегей платформа ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтеді. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылып, «Асыл мұра» облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады, – деді Жанжігіт Абзалбекұлы.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2-6 тамыз аралығында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады. 3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» рухани кеші өтсе, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің қорытынды концерті ұсынылады. 5 тамызда «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанады және 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен Әлихан Бөкейхан университетінде «Өлең – сөздің патшасы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтпек. Оған 100 қатысушы бақ сынамақ деп жоспарланып отыр.
– 7-9 тамыз күндері Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтеді. 7 тамызда халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабының тұсаукесері өтеді. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы, Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауының ашылуы өтсе, 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Ал кешкісін орталық алаңда «Абайға тарту» концерті өтеді, – деді спикер.
Тағы бір мәдени іс-шара – 3 тамыз күні Абай атындағы театрда «Абай әлемі» атты ұлттық рухани кеш өтеді. Кеште қазақтың дәстүрлі классикалық музыка өнерінің майталмандары – Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали өнер көрсетеді. Ал 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» атты аудандар арасындағы көркемөнерпаздар байқауының үздіктер концерті ұсынылып отыр. Бағдарламада дәстүрлі ән-күйлер, көріністер мен хореографиялық композициялар сахналанады.
9 тамыз күні Шәкірім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Конференцияда абайтану ғылымының өзекті мәселелері талқыланып, ғылыми қауымдастық арасында пікір алмасып, мақалалар жинағы жарыққа шығады. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай. Уақыт. Өнер» тақырыбында бейнелеу өнер туындыларының көрмесінің ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында республикалық «Абай» баспасының «Абай әлемі: аударма, тағылым, мұра» кітаптар топтамасының тұсаукесері өтеді.
Сонымен бірге кітапханада «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп ...» халықаралық ақындар фестивалі өтеді. Оған 15 елден ақындар келеді. ТҮРКСОЙ және халықаралық Эминеску поэзия академиясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл шарада Абай өлеңдері 15 тілге аударылып, біртомдық пен антологиялар шығарылады.
Орталық алаңда кешкі сағат 18.30 - 21.30 аралығында «Абайға тарту» өзге облыстардың шығармашылық ұжымдарының концерті ұсынылады.
10 тамыз – Абай күні. Бұл күн таңертең Жидебайда ұлы ақын рухына Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімінен бастау алады. Одан соң еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтпек.
Семейдегі сауық
Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Семейде 1-10 тамыз аралығында өтетін 10 күндік іс-шара бағдарламасын таныстырып өтті.
– 1 тамыз қалалық іс-шаралар бағдарламасы Бейбітшілік аралындағы Этноауылда сағат 09:00-де бастау алады. Бейбітшілік аралында 10 киіз үй мен алтыбақан тігіліп, ұлттық спорт ойындары, концерттер мен көрмелер, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтеді. Сол күні Абай өлеңдерінен халықаралық марафон басталып, шетелдегі жастар онлайн қатысады. Сонымен қатар сағат 11:00-де зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өз есігін айқара ашады, – деді ол.
Ал этноауыл аумағында 9 спорт түрінен ашық қалалық турнирлер ұйымдастырылмақ. Мәселен, 2 тамыз – каратэ-до кекушинкай, 3 тамыз – таэквондо, 4 тамыз – тоғызқұмалақ, 5 тамыз – дойбы, 6 тамыз – гір спорты, 7 тамыз – қол күресі, 8 тамыз – кермеге тартылу, 9 тамыз – садақ ату, 10 тамыз - асық атудан жарыстар өтеді.
Бұл жарыстарға еліміздің барлық өңірінен спортшылар қатысады. Қатысушыларды жарыс күндері тегін тамақтандару да жоспарда бар.
– 2 тамыз күні Аренада сағат 15:00-де 180 команданың қатысуымен зияткерлік «Абай Quiz» ойыны өтеді. Республикалық ойынға мерейтоймен мазмұндас етіп, 180 команданы қатыстыру жоспарланып отыр (әр командада 6 адамнан 1 080 қатысушы). Ал 3 тамызда Арена спорт кешенінде Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, сағат 10:00-де қазақ күресінен республикалық чемпионат өткізіледі. Жарысқа 200-ден астам балуан күреседі. Сонымен қатар М. Әуезов алаңында Абай облысының жастар саясаты жөніндегі басқармасымен бірлесіп, «Абай мұрасы – халық даналығы» атты республикалық әдеби кеш ұйымдастырылады. Мұнда жастар мен ақындар Абайға арнаған шығармашылығын паш етеді, – дейді Бекжан Бапышев.
Спикердің мәліметінше, 4 тамыз күні Ертіс жағасында елге кеңінен танымал «Семей Батыры» күштік экстрим турнирі өтеді. Бұл жолы турнирге алғаш рет еліміздің барлық облысынан спортшылар қатыспақ. Жарыс бағдарламасы түрлі қызықты әрі күрделі жаттығулардан тұрады. Мысалы, қап көтеріп жүгіру, зерхерді уақытқа көтеру, гір тасын жұлқа көтеру, бөренемен отырып-тұру, гантельді иықтан көтеру, дөңгелек аудару, фермерлік серуен, автобус сүйрету сайыстары өтпек.
– 5 тамыз күні «Тайқазан» мейрамханасында үш күндік халықаралық мәдени-шығармашылық сән көрсетілімі басталмақ. Ал 6 тамызда Alikhan Bokeikhan University-де «Өлең сөздің патшасы» атты халықаралық ақындар мүшәйрасы өтеді. Оған 7 шет мемлекеттен және еліміздің барлық өңірінен ақындар қатыспақ. 7 тамыз күні Семей қаласынан Қарауыл төбеге дейінгі 2 күнге созылатын 180 шақырымдық халықаралық марафон басталады. Туризм және спорт министрлігі, Абай облысының спорт басқармасы және Семей қаласының әкімдігі бірлесіп, екі бағытта марафон ұйымдастырады. Қала тұрғындарына арналған 3 шақырымдық марафон, Семей – Қарауыл бағытымен өтетін 180 шақырымдық марафон өтеді. Кешкісін, сағат 19:00-де «Спартак» стадионында «Жастықтың жалыны жалындап» атты жастарға арналған гала-концерт өтеді. Онда елімізге белгілі жас өнерпаздар өнер көрсетеді, – дейді Б.Бапышев.
Онымен бірге 10 тамыз күні сағат 19:00-де Семей қаласының Орталық алаңында «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты гала-концерт өтеді. Кештің басты қонақтары – әлемге танымал «Ұлытау» тобы, сондай-ақ Әбдіжаппар Әлқожа, Әмре, Жанар Дұғалова, Жұбаныш Жексен, Анар Батырхан сынды танымал әншілер. Кеш соңында қала тұрғындары мен қонақтарын әсем мерекелік отшашу күтеді. Бұл кеш әуезді ән мен ұлттық рух тоғысатын нағыз музыкалық мереке болмақ.
Қарауылдағы қызық
10 тамыз – Абай күні өткізілетін шараларға тоқталсақ, сағат 09.00-де Жидебайда құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі өтеді.
Сағат 10.00-де бүкіл республикалық акция Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі болады. Сонымен қатар сағат 11.00-де Абай ауданында «Бала Абайдан дана Абайға» атты театрландырылған қойылым сахналанады. Бұл ұлы ойшылдың балалық шағынан дана деңгейге дейінгі өмір жолы, тұлғалық қалыптасуымен рухани өсуі сахнада көрініс табады. Әкесі Құнанбайдың тәрбиесі, замандастары мен ұстаздарының ықпалы, ел тағдырына жанашырлығы бейнеленеді. Сағат 11.30-да «Абай күні» мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі басталады. 12.00-13.00 аралығында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты күндізгі концерт ұйымдастырылады. 13.00-14.30 Қарауылтөбеде ас беріледі. 14.30-17.00 аралығында Ұлттық ат спорт ойындары өтеді (топ бәйге, жорға, аламан бәйге). 15.30-17.30 Қазақша күрестен республикалық турнирдің финалдық бәсекелері (түйе және өгіз палуаны). 19.00-21.00 өнер жұлдыздарының «Желсіз түнде жарық ай» Гала концертімен аяқталады.
– Данышпан ақын, қазақ руханиятының шам-шырағы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – тек біздің облысымыз ғана емес, бүкіл ел көлеміндегі айтулы тарихи оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен және облыс әкімі Берік Уәлиұлының қолдауымен мерейтой аясында республикалық деңгейде кең ауқымды шаралар өткізілмек. Облыс көлемінде де мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып, ел көлемінде «Абайға құрмет» атты республикалық акция қолға алынды, – деді Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов.
Аудан әкімінің айтуынша, «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі өтеді.
– Биыл 8-10 тамыз күндері Қарауыл ауылында тұңғыш рет республикалық деңгейде өтетін «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі. Фестиваль атауы халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы жеті қасиетті ұғымға негізделген: Ер жігіт, Сұлу әйел, Ілім-білім, Қыран бүркіт, Жүйрік ат, Құмай тазы, Берен мылтық. «Жеті қазына» мәдениет, спорт және туризм фестивалі сайыстарынан бөлек ұйымдастырылатын бабамыздың сүйікті ойыны тоғызқұмалаққа, ұлттық ат спорты мен қазақ күресі (өгіз палуан, түйе палуан) жарыстарына жиыны 1000-ға жуық қатысушы қамтылады деп жоспарлануда, – деді аудан әкімі.
Абай тойы қарсаңындағы іс-шараларға 30 мыңнан астам адамның қатысуы жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық іс-шара мазмұнды, тәрбиеге негізделген, ысырапсыз өтеді.
Абай облысы