Өнер • Бүгін, 12:07

Фотоөнер кімге керек?

16 мин
оқу үшін

Екінің бірі фото түсіріп, жариялап жатқан мына заманда мұндай сұрақтың қойылуы тосын көрінер. Бірақ мен осы сұрақ арқылы фотограф мамандығы үшін қажетті академиялық білімнің маңыздылығына назар аудартқым келеді.

Фотоөнер кімге керек?

Фото: Shutterstock

Иә, қазір кез келген адамның фотокамерасы болмаса да, ұялы телефонымен қалаған дүниесін түсіруге шамасы жетеді. Фотосурет түсірудегі түрлі қиындық барынша жеңілдегендіктен, әрбір адам «фотограф» атанып кеткенін мойындамасқа болмайды. Бүгінгідей аса жоғары жылдамдықпен дамыған дәуірде фотография әрбір адамның күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Осы күні тіпті өмірімізді фотосуретсіз елестете алмайтындай дәрежеге жеттік. Фото оңай нәрсеге айналғаны сонша, еңбектеп жүрген бала да фотосурет түсіруді біледі десек болады. Бұл – ғылым мен технология жетістігінің, қоғам дамуының бір көрінісі. Осындай жағдайда фотографияның адамдарға өнер ретінде қажеттілігі қалмағандай сезілетіні рас. Әрине, «оның өнер ретінде қажеті жоқ» деп ешкім кесіп айта алмайды, Фотоның қоғамды дамытудағы, оның кем-кетігін түзеудегі рөлі төмендеген емес, алдағы уақытта да төмендемейтіні анық. Мәселе оның қалай қолданылатындығы мен қоғамға не ұсынатындығында. Ащы шындықты айта ма, әлде әлем-жәлем сұлу суреттер ғана ұсына ма? Фотографияның рөлі мен қызметіне терең бойлататын академиялық білімнің керек жері де осы тұс.

Негізінде, фотосуретке түсірудегі ниет бастапқыда өте қарапайым болған: тек тұрмыстық сәттерді, әдемі немесе өзімізге қызық көрінген дүниелерді басқалармен бөлісу ғана. Уақыт өте келе, фотосуреттердің алуан түрін көрдік: көркем табиғат фотолары, репортаждық фотолар, сәнді портреттер, көркем жарнамалық фотолар және т.б. Ал мұндай сан алуан фото көпшіліктің фотография туралы түсінігіне әсер етті. Бұрындары фотоға түсіру кәсіпқой фотографтарға тиесі күрделі іс болып көрінсе, сөз басындай айтқанымыздай, технологияның қарқынды дамуының арқасында қазір суретке түсірудің техникалық жұмыстары мен машықтары мәтін жазудан да оңай шаруаға айналды. Иә, мәтін жазудан гөрі фотоға түсіру оңайырақ болды. Мәтін жазу сауатты қажет етсе, фотоға түсіру үшін ешқандай білім қажет емес сияқты. Ол сауатсыз адамның да қолынан келетін тәрізді. Бір жақсысы – қолында камерасы бар кез келген адам «өнер» жасай алатын болды. Бұл басқа өнер түрлерінде жоқ ерекшелік еді.

Бірақ оның кері жағы да бар, себебі фотография – ашық медиа өнім. Ондағы мағына көбінесе динамикалық тұрақсыздық жағдайында болады, пайдалану ортасына сай өзгеріске ұшырап отырады. Күнделікті өмір ылғи да әдемі, «тәтті» табиғи көрініске жолықтыра бермейді. Сондықтан да адамдар әдемілікті, фотографияның жеңіл жолын іздейді. Интернет желілерін тінтіп, компьютерде сурет өңдеу тәсілдерін игереді. Сонымен мол «тәжірибе» жинақтап, фотобайқау, фотокөрме сынды іс-шараларға қатысады. Түрлі марапаттарға қол жеткізіп, фотоқауымдастықтарға мүше болады. Фотоәуесқойлар мен «мамандардың» өсіп-жетілу процесі, міне, осындай.

Ал бұрынғы фотосуретшілер портрет немесе табиғатты түсірерде объективін таңдап, күннің белгілі бір уағын күтетін. Олар шексіз әсемдікті көрмейінше тыным таппайтын. Соның арқасында фотография романтикаға, тіпті тәуекелге ұласатын. Ал қазіргі «тәтті сурет» қуғанның көбі камераның жылдамдығына, композицияға, күн сәулесіне үңілгенімен, көркемдік пен эстетиканың тереңіне бойламайды. Өздерін дамып жатырмыз деп сезінгенімен, алғашқы жылдардағы деңгейден аса алмайды. Осылайша, «тәтті фотоның» бал шырынына белшеден батып, мың-мыңдап басылған «лайктан» басы айналғандар көбейді. Тіпті түрлі марапат кенеліп жатқандар да жетерлік. Мұндай суреттерді бағалаудың  академиялық өлшемі болуы керек еді, бірақ ол көрінбейді. Бұл фотография саласында көпшілікті жүйелі білімге иек артпаса да болады деген жаңсақ сенімге әкелді.

Сұлу суретті ешкім жоққа шығармайды, бірақ өнертанушылар мұны «тәтті суға» теңейді. Оның тәттілігінен басқа берері жоқ, ләззаты ұзаққа бармайды. «Тәтті сурет» дегеніміз де сол сияқты. Сондықтан аңсаған тәттілік ащыдан басталуы керек еді. Жұрт «Өнер – сұлулықтың көрінісі» деп қабылдайды, бірақ өнердегі эстетика тек сұлулықпен шектелмейді. «Тәтті» суретшілер эстетиканы тек сұлулық теориясы деп қате түсінеді. Огюст Роденнің «Өмірде сұлулық аз емес, соны көретін көз аз» деген сөзін бәрі жатқа айтқанымен, оның астарын түсінетіндер санаулы. Өнерді тек сұлулық деп түсіну – өнердегі сауатсыздық.

Ласло Мохоли-Надь: «Болашақта фотоөнерді түсінбеген адамдар сауатсыз саналады», – деген еді. Еліміздегі фотоөнердің әлемдік қадамға ілесе алмауы осы «тәтті суреттен» ләззат іздеумен байланысты. Сюзан Сонтаг айтқандай, «Платон үңгірінде» өмір сүргісі келетіндер шынайылықтан гөрі суретті артық көреді.

Дұрыс жол қайсы?

Мейлі практикалық, мейлі танымдық болсын, жол аса қарапайым: «Фотография тарихы + Өнер тарихы» арқылы түрлі дәуірдің классикалық туындыларын көру, шығармашылық логикасын түсіну. Фотоөнердің дұрыс бағдары – осы.

Фотоөнердің қиындығы техникада емес, өнер тұрғысынан ойлауында. Бұл қасиет көп адамда жетіспейді. Фотография есігін аттағандардың таным-түсінігі көбіне үзік-создық, жүйесіз болып келеді. Соның салдарынан көзқарастары бұлыңғыр, салмақты сұрақтарға мардымды жауа бере алмайды. Фотосуретшінің танымы тоқыраса, оның жақсы фотоға деген көзқарасы да тоқтайды. Осыдан кейін олар не фотодан бас тартады, не «тәтті фото» арқылы арзан атаққа ұмтылады. Нағыз фотоөнер адамды шаршатпайды, шаршау – дұрыс бағытты таба алмағандықтан болады.

Академиялық білімнің маңызы

Фотография саласындағы білім академиялық зерттеудің жоқтығынан кенже қалып келеді. Біздегі ұстаздардың көбі классикалық туындыларды емес, техниканы түсіндірумен шектеледі. Академиялық мақалалардың өзі лирикалық прозаға ұқсап кетеді. Сондықтан, егер біз Қазақстанда фотоға түсіру ісін мамандық ретінде оқытып, білім беру мәселесін шешпесек, бұл салада өзге елдерден кейін қала береміз.

Фотография өнерінен, белгілі бір елдің мәдени өресінің қандай екені «Эстетика» мен «Сұлулық» өлшемінің белгіленуімен, танылуымен байқалатыны бар. Қазақстанда мұны сурет көрмелері мен фото байқаулардан сезінуге болар еді. Мысалы, қылқалам шеберлерінің көрмелеріне барсаң, әлемнің дамыған елдеріндегі түрлі өнер ағымы бізде де бар екенін байқап, одан бойымызға азды-көпті нәр жинап қайтатынымыз рас. Ал фотокөрмелерде оның бірі де жоқ. Фото байқаулары дүркін-дүркін болып жатқанымен олардан сол баяғы «тәттіліктің бал дәмі» шығып тұрғанын жақсы сезінесің.

Сондай-ақ фотоөнердің дамуы әлеуметтік экономикамен, саясатпен және мәдениетпен тығыз байланысты. Әлемдік деңгейдегі деректі фото шеберлері қарапайым істерден ерекше мән табуды үйретеді. Ал біздегі ахуал өзгеше: көптеген әуесқой «тәтті суреттің» шеңберінен шыға алмай, арзан атақ пен марапатқа құмартады. «Нағыз сұлулықты көрсету қиынның қиыны ...», дейді танымал деректі фото шебері Руан Ичжон (Тайвань).

Модернизм: Фотографияның дербес өнерге айналуы

Жақсы сурет мазмұнға толы болады. Ол тек әдемілігімен емес, өзіндік ішкі құндылығымен бағаланады. «Тәтті» суреттер бүгін ғана пайда болған жоқ, оның тарихы тереңде жатыр. Фотография пайда болғалы екі ғасырға жуық уақыт ішінде ол қолөнерден өнеркәсіптік жаңғыру деңгейіне дейін көтеріліп, адамзат қоғамындағы ұлы бетбұрыстардың бастамашысы бола білді.

О баста фотосуретшілердің өнер сарайына кіруі үшін қолданыстағы қатаң ережелерді сақтауы талап етілді. Фотография өзінің көркемдік мәртебесін дәлелдеу үшін дәстүрлі кескіндемеге жақындауға мәжбүр болды. Осылайша, фотографияның ойлану тәсілі мен жасалу әдістері кескіндемеге еліктеуден басталды. Олар жасанды көріністер мен модельдерді пайдаланып, қараңғы бөлмеде сурет шығарудың күрделі техникаларын қолданды.

Бұл бағытты «Салон фото» (немесе пикториалдық фото) деп атайды. «Салон» атауы италияның Salotto (өнер туындыларымен безендірілген үй) сөзінен шыққан. Кейін бұл атау Францияға келіп, Лувр галереясындағы бейнелеу өнерінің таңдаулы туындылары қойылатын шараларға қатысты қолданылды. Бара-бара «Салон» мәдени ортаға айналып, өнер шеберлерінің басын қосатын, ақпарат алмасатын алаңға айналды.

Ал XIX ғасырда эстетизм бағыты өнердің міндетін адамға тек шаттық пен ләззат сыйлау деп түсінді. Оның тәтті фотоның келуіне үлесі тіпті зор. Фотография өнері дүниеге келгеннен кейін сол кездегі қылқалам өнеріне еліктейтіндер фотосуретшілердің көрініс түсіруі де суретшілердің көзқарасымен ұқсас болуын міндетті санаған. Ол кездегі фотосурет түсіру процесі кескіндеме өнерін салу тәсілімен де, уақытымен де қарайлас келетін. Көрмеге қабылдайтын фотосуреттің өлшемі тек қылқалам туындыларының өлшемі бойынша болған. Міне, дәл сол кезден бастап, фотография (салон фото) өзінің аяқ тірер орнын тапқан еді. Эстетикалық қозғалыстағы жазушылар мен суретшілердің ойынша: «Өнердің борышы – адамға сезімдік ләззат сыйлау», ол мүлде моральдық немесе эмоциялық хабарды жеткізуші емес еді. Олар: «Өнер өмірді көрсетпейді, өмір өнерге еліктейді» деп есептейді. Сондықтан да болар «тәтті фотоның» ешқандай ішкі мәні мен құпиясы жоқ. Ол логикасыз, қарапайым әрі ойланбай түсірілген суреттер еді. Мұндай туындылардың тамыры Германияда пайда болған «Китч» (неміс тілінде «қоқыс») өнерінде жатыр. Китч – қоғамдық талғамға сай, атүсті жасалған, арзан эмоцияға негізделген өнер. Оның мақсаты – халықтың көзін алдау. Тәтті фотолар адамның сезіну қабілетін бұлыңғырлатып, бір сәттік өткінші ләззатқа масайтады.

Кескіндемеге еліктеуден қол үзудің алғашқы күресі фотографияның өз тілі болуы керектігін түсінген. Альфред Стиглиц деген адамнан басталды. Ол  1902 жылы өзінің және басқа да пикториалдық фотосуретшілердің шығармаларын жинап фото көрме өткізді және көрмені сол кездегі танымал бола бастаған пикториалдық фотодан бөлініп шығу мәнінде «Фотографиядағы бөлшектенушілер» деп атады. Сөйтіп, іс жүзінде  фотографиядағы бөлшектенушілер мектебін – заманауи фототүсіру бағытының негізін қалады. Фотографияның кескіндемеге тәуелді болмай, таза фото (Straight Photography) болуына күш салды. Бұл бағыт академиялық кескіндемеге соқыр еліктеуден шектеп, фотографияның бірегей бейнелеу формасын белгіледі. Осылайша, Стиглиц «Заманауи фотоның әкесі» ретінде танылды.

Деректі фотоның мәні немесе фотоөнер кімге керек?

Қазіргі кезде қоғамның, халықтың нақты өмірін шынайы көрсете алатын бірден-бір бейнелеу өнері – жүз жыл бұрын пикториалдық фото жанрынан, «тәтті фотодан» бөлініп, фотоөнердің өз ерекшелігін әйгілеп шыққан деректі фото. «Фотоөнер кімге керек? Фотоөнердің мәні неде?» деп жанайқайымды білдіргенде де меңзегенім, назар аудартқым келгені осы – деректі фото.  Оның мәні шындықты ашуда және рухани құндылықты сақтауда жатыр. Ол – жай ғана оқиғаны түсіру емес, фотосуретшінің құндылықтарын, өмірге деген көзқарасы мен рухын бейнелеу, яғни  идея, рух және позиция деген сөз. Осыдан келіп оның төрт ерекшелігі шығады:

  • Оқиғалық көрініс;
  • Ниеттілік мәні;
  • Деректілік стиль;
  • Поэтикалық тіл.

Сондықтан нағыз фотосуретші әлемнің сұлулығын емес, өмірдің мәнін іздейді. Егер біз «Өнер – тек сұлулықты бейнелеуші» деген қатып қалған түсініктен арылмасақ, танымдық шектеулерді бұза алмаймыз. Бір жағынан, фотография ойлауды, ойлануды үйрететін өнер екенін де айтуға тиіспіз. Соның ішінде деректі фото түсірілетін субьектінің сыртқы бейнесін ғана емес, ішкі дүниесін де көрсете алатынымен ерекше. Ол айналамызда болып жатқан оқиғаларды шынайы қалпында жеткізіп, бізді қайта ойлануға шақырады. Мықты фотосуретші шығармасы арқылы өзінің сол оқиғаға деген терең түсінігін көрсетеді. Өзіне тән дара көзқарасын білдіреді. Мұндай фотосуретшілердің нақты бір тақырыптарды нысанаға алып, ұзақ уақыт зерттеп-зерделей жүріп түсіретіндігі де сондықтан. Олар тақырып нысанасына сериялы еңбегін арнап, мәселенің немесе үдерістің, құбылыстың толыққанды картинасын түзеді. Ондай еңбектің әрбір суреті адамды бейжай қалдырмайды.

Қазір еліміз бір маңызды кезеңде тұр, шеттен келген мәдениет пен жергілікті төл мәдениеттің тоғысуы бізге көз алдымызға сенгісіз постмодерн көріністерінен елес тудырып тұр. Бәлкім оларды бірден түсініп кете алмайтын шығармыз, бірақ оларды шынайы түрде түсіріп алуға міндеттіміз. Бұл нағыз заманымыздың материалдануының бейнесін көрсетуде. Біз оны дұрыстап түсіне алмаған болуымыз да мүмкін, алайда оны шынайы бейнелеп қалуға хақылы екенімізді ұмытпайық.

АҚШ-тағы 30-жылдардағы депрессияны түсірген FSA суреттері немесе Роберт Франк, Джейкоб Риис, Льюис Хайн сияқты шеберлердің еңбектері неге тарихта қалды? Өйткені олар мәселені көре білді және көрсете алды. Егер біз фотоөнердің дамуындағы осындай тарихи бетбұрыстарды білмесек, өнердің де, өмірдің де мәні жұмбақ күйінде қала береді. Ал деректі фото әлеуметтік жағдайды өзгертуге, шындықты көрсету арқылы қоғамның өзекті проблемасын шешуге қауқарлы құрал. Сол себепті де Льюис Хайнның: «Егер тіл барлығын жеткізе алса, камера көтеріп нем бар еді?» деген сөзі ойландырмай қоймайды.

Біз деректі фотоның әлеуетін қоғамды дамытуға пайдалана алып отырмыз ба? Біздегі фотокамера ұстағанның бәрі шынайы шебер ме? Олар фотографияның, соның ішінде қоғамға аса қажет деректі фотоның мәнін түсіне ме? Осы сұрақтар ойландырады және еліміздің жоғары оқу орындарында фотоөнер арнаулы мамандық ретінде оқытылмайтыны қынжылтады. Бұл мүлдем түсініксіз жайт. Фотоөнер бізге, қоғамға өте керек, сондықтан оған араша түсу – біздің міндетіміз.

Серік МҰҚЫШҰЛЫ,

фотоөнертанушы

Соңғы жаңалықтар

Кел, ағайын, оқылық!

Қоғам • Бүгін, 13:07

Фотоөнер кімге керек?

Өнер • Бүгін, 12:07