Басылым • 15 Сәуір, 2024

Дәстүрлі ақпарат құралдары дами береді

87 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ақпарат құралдары – қоғам­дық сананың қалыптасуы мен жетілуіне әсер ететін маңызды институттардың бірі. Бүгінгі әлемнің келбетін баспасөзсіз, радио, телевизия, әлеуметтік желісіз елес­тету мүмкін емес. Ақпарат құралының құлағынан ұстағандар өз кезеңінің оқиғасы мен құбылысын тарихтың шежіресіне айналдыра отырып, оқырманы мен көрерменіне бүкіл әлемнің сұлбасын айна қатесіз жасап беріп отыр. Сол себепті бүгінгі масс-медиа өкілдерінен кәсібилікпен бірге, азаматтық жауапкершілікпен қызмет ету қасиеті талап етіледі.

Дәстүрлі ақпарат құралдары дами береді

Суреттерді түсірген – Азамат ҚҰСАЙЫН

Кейінгі жылдары газет-жур­нал­дардың тағдыры қылдың үстінде тұр­ған­дай тілшілер қауымының кө­ңі­ліне қор­қыныш келіп ұялайтыны бар. Ке­йінгі жылдары идеясы айқын, бағ­дары белгілі, талай жылдық тарихы бар мерзімді басылымдар тақырып, мазмұн, пішін жағы­нан өзгеріске ұшырай бастағанын байқау қиын емес. Қоғам қаласа да, қаламаса да, интернет ресурс­тары алға озып, ақпарат тарату мен қабылдаудың басты арнасына айналып келеді. Интернет дәстүрлі ақпарат құралдарын түбегейлі жо­йып жібермегенімен, түр-тұрпа­тын өзгертіп, сұранысқа сай жаңа фор­матқа көшуге мәжбүрлеп отыр. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруы­мен Алматы қаласында өткен ІІ рес­пуб­ликалық Өңірлік мерзімді басылымдар форумында бас қосқан БАҚ өкілдері газет редакциялары сәт сайын бетпе-бет келетін заманауи медиа кеңістіктегі күрделі мәселелерді талқылауға шақырды.

Достық үйінде «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты екі күнге жал­ғас­қан форум жұмысы ұлттық жур­налистиканың ең көкейкесті мә­се­лесін көтерген бес панельдік отырысты қамтыды. Форумның екінші күнгі жұмысы Президент Баспа­сөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізген «Баспа басы­лымдарын жетілдіру: жаңа тә­сіл­дер» тақырыбындағы панельдік ­оты­­рыспен басталды.

им

– Қазір заман өзгерді. Газет-журналдарды қалай бәсекеге қабі­летті етеміз, баспасөзге оқырман­ның ықыласын қалай аудару керек деген сұрақтар туындайды. Ке­зінде аға буын аңыз етіп айтатын «қойшының етігінде «Жалын» журналы жүруші еді, диханның қосында «Қазақ әдебиеті» тұрушы еді, жастар бригадасында «Лениншіл жас» оқылушы еді» деген күндер артта қалды. Ол кезде ақпарат көзі баспасөз еді. Қазір бір телефонның өзі тұтас телеарнаның, бір гаджет бір редакцияның жұмысын атқарып отыр. Сондықтан жаңа за­ман­ның талабына сай әрекет ету ба­сылымдардың басты міндетіне айналды. Бүгінгі отырысымызда бәсекелестік артып отырған кезеңде қағаз басылымдардың ғұмырын қалай ұзақ ете аламыз деген мәселені тал­қылаймыз, – деді Ержан Байтілес.

Басылымдарды онлайн фор­матқа өткізу туралы «Курсив» сай­ты­ның бас редакторы Мира Халина әңгімелеп берді. М.Халина қан­дай ақпарат құралы болса да, алды­мен тұтынушының сұранысын қанағаттандыруды мақсат етуге тиіс екенін алға тартты. Оқырманға тек тексерілген дерек, нақты дерекке құрылған шынайы ақпарат, оқығанда жалықтырмайтын қызықты оқиға керек. Әсіресе тасқа басылатын газет ақпаратының сенімді дереккөзінен алынғаны жөн. Сараптама, инфографика, карикатура, сурет – барлығы рөл ойнайды. «Мен әрқашан сапа мен сенімділік жағындамын», деп сөзін түйіндеді Мира Халина.

Youtube арнасын жүргізудің ерек­шелігі мен менеджменті тақы­рыбында сөйлеген «Сұрауы бар» жо­ба­сының авторы Ербол Сейілхан аудитория қалыптастырудағы өз тәжі­рибесімен бөлісті. Youtube ар­насын қалай ашуға болады, қар­жы бөлінбейтін арнаны жүргізу үшін ақшаны қайдан алу керек, жар­нама іздеу, инвестор тарту – жур­налисті ғана емес, қарапайым аза­маттарды да қызықтыратын сұрақ­тар. Бүгінде Youtube арнасын Қа­зақстан халқының 12 млн жуық тұр­ғыны тұрақты көреді. Оның 8 млн көрермені қазақ тіліндегі контентті тұтынады. Бұл әлі де болса қазақтілді аудиторияның ақпаратқа зәру екенін көрсетеді. Осы қызмет нарығының жеткілікті игерілмеген орнын толтыратын, қазақтілді көрерменнің сұранысын қанағаттандыратын вакуум әлі де бос. Әзірге саяси-әлеу­меттік бағыттағы арналар ғана дамып жатыр, ал желінің салалық ба­ғыт­тағы алаңы бос тұр. Мысалы, білім, құрылыс, тіпті үйге жөн­деу жұмысын жүргізу секілді адам­ға керек қарапайым тұрмыстық сұранысты қанағаттандыратын қа­зақ­тілді алаң атымен жоқ. Оның ор­нына сұраныс иесі өзге тілдегі, өзге бір елдің ақылмандарының ақыл-кеңесін тұтынуға мәжбүр. Сол секілді балалар контенті де жетіс­пейді. Е.Сейілханның айтуын­ша, мысалы, «Айгөлек» журналына шыққан қызықты мақаланың Youtube нұсқасын жасап, оқылымды жасаудың мүмкіндігі зор. Бұған қоса, бұл арна жай ғана ақыл бе­ріп, үйретіп қоймай, еңбекке ақы тө­лейді. «Сондықтан Youtube-ке келі­ңіздер, кәсіби тұрғыда тұлғалық қы­рыңызды ашуға әсері бар алаңды еркін пайдаланып, авторлық хаба­­ры­ңызды әзірлеп, қазақтілді контент­ті арттырыңыздар», деді Е.Сейілхан.

Әлеуметтік медиа, жасанды ин­теллекті пайдалану арқылы мер­зімді баспасөздің ықпалын арттыру та­қырыбын көтерген медиа-тренер, PR маманы Ақерке Берлібайдың ке­ңестері журналистер үшін жаңа­лығы мол пайдалы кейс ретінде қа­былданды. Оның айтуынша, PR маркетинг мейлі ол интернет басылым, мейлі баспасөз болсын, кез келген ақпарат құралында өз дегенін жасап, билігін жүргізіп отыр. Ең ғажа­бы, қазір адамдар ақпарат іздемейді, әлеу­меттік желінің ұлан-ғайыр жеке мәліметтер қоры негізінде ақпарат адамның өзін табады. Ал әлеуметтік медианы пайдалану, нейрожүйе­нің мүмкіндігі бұл міндетті тіпті де жеңілдетіп әрі жеделдете түсуде. «Мерзімді басылымдар өз міндетін атқарып болды, енді оның жаназа­сын шығара берсе болады» деген пі­кір түбірінен қате. Цифрлық дәуір­дің ­сананы өзгерткені, айналаға мән беруді азайтып, керісінше, қабылдауды арттырып, ақпарат тұ­тынудың адам айтса сенгісіз шетсіз-шексіз мүмкіндігін қамтамасыз етіп бергені рас. Тіпті қаралымы көп рес­ми сайттардың өзі тексерілмеген жаңсақ ақпараттарды жариялауға жол береді. «Жұмысқа кетіп бара жатып, жолай дүңгіршектен газет сатып алып, кофе ішіп отырып газет оқудың «шармы» жоғалып барады. Алайда жаңалық деген – ес­тен шыққан ескі дүние, мерзімді ба­сылымдарда да солай. Өткенде «Курсив» газетін қолыма ұстап оқып отырып, мен бәрібір интернетте, әлеуметтік желіде оқыған ақпараттан гөрі газетте жазылған ақпаратқа кө­бірек сенетінімді байқадым. Түрлі көңіл күйге негізделген жалғаны бар, шыны бар, толассыз ағылған ақпарат тасқынын талғаусыз жұтып жатқан кезде мидың еріксіз «тоқта!» деп белгі беретінін газет арқылы түсіндім. Өзге елдердің тәжірибесін зерттей келе, мерзімді басылымдардың өмір сүре беретініне сендім. Бар болғаны заманауи медиа-пейзаж талабына сай басылымдарды тартымды жасай түсудің тәсілдерін қарастыру керек», дейді Ақерке Берлібай.

Бүгінгі баспасөздің маңызды са­ла­сының бірі – балалар басылым­дары. «Басылымдардың балалар кон­тентін қалыптастырудың идео­логиялық шарттары мен тетіктері» аталған форумның 5-панельдік оты­рысына «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш модератор болды.

– Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы оқырман қалыптастыру, балалар кітапханасын құру, балалар­дың кітап оқуға құштарлығын арттыру, оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Қазақстанда 30-ға жетер-жетпес балалар басылымы бар. Өңірлік мерзімді басылымдар форумына қатысушы әріптестер балалар контентін дамытуға арнал­ған жақсы идеяларымен бөліседі деп сенеміз, – деді Думан Анаш.

Сессияда алғашқы болып сөз ал­ған педагогика ғылымдарының кандидаты, SDU оқытушысы Бақытгүл Салықова балалар басылымдары­ның дамуы және оның балалар мен жасөспірімдер медиа құзыреттілі­гіне әсері туралы әңгімелеп, ерте бас­тан оқу дағдысы қалыптасқан бала­ның өскенде түрлі манипуляцияға қарсы тұра алатын мәдениеті де қалыптасатынын айтты. «Елімізде 4 миллионнан аса оқушы бар, бірақ балалар басылымдарының таралымы неге 3-4 мыңнан аспайды?» дейді баяндамашы ғалым. Ал Оқу-ағар­ту министрлігінің «Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапха­на­сының» директоры Әлия Сай­дем­баева оқуға құштар буынды қа­лыптастыру үшін балалар кітапха­насын насихаттау, журналистер мен кітапханашылардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін, ал еліміздің кейбір ауылында кітапхананың атымен жоқ екенін ашына айтты.

«Еркетай» журнал-комиксінің бас редакторы Оразхан Жақып отан­дық комикстердің даму бағыты туралы сөз қозғады. Сарапшы қазақ­­тілді комикс журналдарға сұраныс ар­тып келе жатқанымен, кино саласы­на ағыл-тегіл қаражат бөлініп жат­са да, осы уақытқа дейін аудитория­ның сұранысына сай балаларды қызық­тыратын суперкейіпкерлері бар мультфильм немесе кино түсі­рілмегеніне қынжылыс танытты. Сондай-ақ форумның ең жас спикерлерінің бірі «Ulan» газетінің тілшісі Нұрлыхан Жұмаханның «Қы­зықты контентті қалай жасауға болады?» тақырыбындағы баяндамасы қатысушылардың пікірталасын тудырып, қызықты көзқарастардың тоғысуы ортақ ойға жетеледі.

Сонымен, алыс аймақтардан бас­­­­пасөз өкілдерін шақырып, әріп­тестердің жүздесуін ұйымдасты­рып, екі күнге созылған форум көңілге сенім ұялатып, мерзімді ба­сылымдардың тамырына қан жүг­ірткендей тың серпін берді. Форум жұмысын қорытындылаған Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейір­лан Раханов басылым өкіл­дерінің көтерген мәселелері мен ұсыныстары бойынша хаттама толтырылып, алдағы уақытта ше­шімін табуына министрлік тарапы мүдделілік танытатынын айтты. Сондай-ақ «Медиа дамыту қоры» БАҚ саласына арнайы грант жариялайтынын мәлімдеді. Бұл тұста атап өтетін бір жайт, жобаға қатысу үшін редакция құрамы он адамнан кем болмауы керек және бөлінетін қаржы 10 миллион теңгеге дейін болады. Форум соңын­да Президент Бас­пасөз хатшысы­ның орынбасары Ержан Байтілес пен Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов сала­ға еңбегі сің­ген журналистерді «Ақпа­рат сала­сының үздігі» төсбелгісімен марапаттап, министрліктің Алғыс­хатын тапсырды.

 

АЛМАТЫ