Еңбек • 14 Сәуір, 2024

«Бақыт гүлінің» бабын тапқан

24 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарасай ауданындағы «Еco Сultura» жылыжай кешені бүгінде отандық кәсіптің өркендеуіне сүбелі үлес қосып отыр. Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан ірі кешенде көз жауын алатын гүлдің сан түрі жайқала өседі. Соның ішінде ерекше назар аудартқаны – хризантема, яғни бақыт гүлі. Жылыжай кешеніндегі мамандардың айтуынша, бұл сорт еліміз бойынша алғаш рет өсіріліп, халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында нарыққа шыққан.

«Бақыт гүлінің» бабын тапқан

Хризантеманың кейінгі кезде жас­тар арасында кеңінен сұранысқа ие бола бас­тағаны байқалады. Соған қарап махаб­баттың нышанын білдіретін раушан гүлін алмастыруға лайық екенін жоққа шығаруға болмайды. Елтай ауыл­дық округінде орналасқан бұл жы­лыжайда өткен жылдың қазан айы­нан бастап осы сортты жерсіндіріпті. Балаша баптап, ерекше күтім жасаудың нәтижесінде биылғы көктем мерекесінде 500 мың данаға жуығы сатылымға шыққан.

«Бұл – еліміздегі алғашқы жоба. Жаңа сорттың аумағы 3,5 гектар жерді алып жатыр. Сауда сөресіне жол тартқан алғаш­қы өтімі өте жақсы болды. Дайын­дықты өткен жылдың желтоқсан айынан бастағанбыз, нәтиже жаман болма­ды», деген жылыжайдың бас агрономы Мөлдір Мырзахметова гүлдің өсу үдерісін баяндап берді.

Маманның айтуынша, гүл көшеті отырғызылғаннан кейін 45 күн дегенде қауашағын жарып, өнім бере бастайды екен. Жыл он екі ай бойы бір тамырдан өсіп шыққан сабақты бес жыл бойы пайдаға жаратудың шаруашылық үшін тиімділігі орасан зор.

Отандық өндірісте ойып орын алатын «Еco Сultura» жылыжай кешенінің сол қанатта орналасқан 3,5 гектар гүлстаны 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда гүл атаулының 23 сорты өсі­ріледі. Соған сай жұмысы да жыл бойы саябырсыған емес. Айына орта есеп­пен 800 мың дана гүл сатылымға шық­са, көрсеткіш 8 наурыз мерекесі кезінде мил­лион данаға жуықтапты. Жоға­ры сапаға ие өнімнің жартысынан астамы Ресей нарығына жөнелтіледі.

Қыс бойы ішкі температурасы 20 мен 25 градус жылылықты сақтайтын алып кешенде 200-ге жуық ауыл тұрғыны тұ­рақты жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүргенін айрықша атау ләзім.

«Мен 6 жылдан бері осы жылыжай­да жұмыс істеп келемін. Мұндағы жұмы­сымыз – гүлдерді сорттау. Күніне 32 мың данадай гүл сортталады. Жұмысым өзіме ұнайды. Еңбекақымызды да уақытында аламыз», дейді гүл сорттаудың шебері Жания Құрбанова.

Жылдың қай мезгілінде де жақынына гүл сыйлап, көңіл аулап, қуанта білетін тал­ғамы биік тұтынушылар барда жай­қал­ған жылыжай өнімінің саны артпаса кемімесі анық.

 

Алматы облысы