Ауыл • 16 Сәуір, 2024

Солтүстіктегі саламатты ауылдар

46 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде басталған алкогольдік ішімдіктен бас тарту бастамасы Солтүстік Қазақстан облысы ауылдарында да күш алып келеді. Соның арқасында бұл ауылдарда ешқандай құқық бұзушылыққа жол берілмей, қылмыс тіркелмеген. Ішімдік сатудан бас тартқан елді мекеннің бірі – Есіл ауданындағы Қарағай аулы.

Солтүстіктегі саламатты ауылдар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұлақ ауылдық округіне қарайтын бұл ауыл кезінде жүзден артық түтіні бар іргелі ел еді. Қазір жастардың көбі қалалық жерлерде жұмыс істеуді мұрат тұтып, көшіп кеткен. Бала-шағасы қалада болған соң, артта қалған біраз тұрғын да солай қарай жылжыған. Қазір бұл ауылда 88 жаны бар 27 шаңырақ қана қалыпты. Мектеп үйі жабылған. Алайда ауылда баталы ақсақалдар бар. Солардың шешімімен кейінгі он шақты жылда «ауылда ішімдік ішілмесін, дүкенде де сатылмасын» деген шешім қабылданған.

«Сол шешім іске асқаннан бері кейінгі жеті жылда бұл ауылда бірде-бір қылмыстық іс тіркелген емес», дейді учаскелік инспектор Қанат Жанғарин.

«Ауыл халқы тәртіпті, ортақ мәселе туындаса, бірігіп шешуге тырысады. Бір-біріне жанашыр. Биылғы қалың қарда жол аршу, боранда батып қалған жандар болса, көмек қолын созу сияқты жұмыстарда ешкім де іркіліп қалған жоқ. Мен ауыл тұрғындарына сол үшін ризамын», дейді ауылдық округтің әкімі Болат Бейсенбаев.

Қазір ауылдағы жалғыз мәселе – интернет алаяқтарға алданып қалмау. Учаскелік инспектор бұл мәселе туралы үнемі айтып, тұрғындарды құлақтандырып жүрген көрінеді.

Ішімдіктен бас тартқан ауылдар Есілмен көршілес Айыртау ауданында да бар. Мұндағы Қарасай, Бірлестік ауылдарының ақсақалдары да осындай бастама көтеріп, қазір ауылда бар­лық той-томалақ арақ-шарапсыз өткізіледі. Осыған орай бие сауып, қымыз ашытатын отбасылар да көбейген. Кез келген қонаққа адал сусын ұсынғандарды жолаушылар да сыйлап, құрмет көрсе­теді. Қарасай аулына қарайтын Арықбалық ауылдық округінің учаскелік инспекторы Абылай Рамазановтың айтуына қарағанда, бұл ауылда да кейінгі 7-8 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Бір қызығы, спиртті ішімдіктен бас тартуды облыста алғашқы болып бастаған ауыл – Тайынша ауданында орналасқан Теңдік аулы. Теңдіктің айналасындағы елді мекендерде өзге этнос өкілдері көп тұрады, соған қарамай алғашқы болып, осыдан 22 жыл бұрын арақ-шараптан бас тарту туралы бас­тама көтерген. Ауылда 2002 жылы көк күмбезді мешіт тұрғызылған. Сол жылы ауыл ақсақалы Орынбай қажының бастамасымен ауыл тұрғындары бірауыздан спиртті ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылдаған. Содан бері бұл ауыл­да түрлі қылмыс түгілі, орынсыз айғай, дөрекі сөздер де айтылған емес. Ауыл тұр­­ғындарының арасында Моңғолиядан көшіп келген қандастар, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бастамасымен қоныс аударған ағайындар да бар. Қазір ауылда 85 түтін түтетіп отырған 300-ден артық тұрғын бар.

Жергілікті кәсіпкер Ақан Әлжан ауылға, әкімшілікке, мектепке көмегін көрсетіп келеді. Шеттен келген кісілерге үй беріп, жұмыспен қамтамасыз етеді.

«Көшіп келгендерге ауылда ішімдік ішілмейтінін бірден ескертеміз», дейді ауыл әкімі Ержан Қасқұлақов. Бұл ауыл облыс орталығынан алыс, 200 шақырымдай жерде орналасқан. Алайда тұрмысы тәуір, халық мал, егін өсірумен айналысады. Дүкендерінде спиртті ішімдіктің ауыр түрлері түгілі сыра, шарап сияқты жеңілдері де сатылмайды. Барлық мереке мен той-томалақта тек қымыз, шырын сусыны пайдаланылады.

Бұл ауылдар тегіс қазақ қоныстанған ауылдар болса, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тахтаброд ауылдық округіне қарайтын Ковыльное аулында қазақтармен қатар басқа этнос өкілдері де көп тұрады. Бұл ауыл да спиртті ішімдіктерден бас тартып, оны өздері ғана тұтынбай, дүкендерінде де сатқызбайды. Ауылды ұстап отырған «Ақселеу» ЖШС басшысы Серік Молдахметов бұл бастаманы 16 жыл бұрын көтерген екен, оны тұрғындар тегіс қолдап, қазір ешкім бұл ауылда аузына арақ алмайды. «Соның арқасында тәртіп бар, ешқандай ұрлық, ұрыс-керіс, төбелес мұнда болмайды. Еңбек тәртібі де бұзылмайды», дейді учаскелік инспектор Дәулет Молдахметов.

«Біз тіпті заттарымызды да есік алдына тастап кете береміз, ешкім ұрлық жасамайды», дейді ауыл тұрғыны Светлана Гончаренко мақтанышпен.

«Бірлік бар жерде – береке бар». Ауыл тұрғындары «Ақселеу» ЖШС-на разы. Мектепте балаларға бір мезгіл ыс­тық тамақты тегін береді. Нан 90 теңге, ауылда асхана, монша бар. Барлық үйлер­ге су тартылған. Сондықтан да болар ауылға көшіп келгісі келетіндер көп көрінеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы