Қазақстан • 17 Сәуір, 2024

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды

61 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының орта таулы аймақтарының оңтүстік беткейлерінде қардың еруіне байланысты су тасқынының екінші толқыны басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің аға инженері Аяулым Кекиева мәлімедеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды

Фото: ҚР ТЖМ

«Қазіргі уақытта облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аймақтарында (Риддер, Алтай, Самар, Марқакөл, Глубоковский, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандары) су тасқыны қаупі бар. Облыс бойынша қар жатқан аумақ 44 пайызды құрайды. Көптеген ауданда қар қоры мен ондағы су мөлшері нормадан 1,5-2 есе асып кеткен», деді Ә.Кекиева.

Оның айтуынша, барлық гидротехникалық құрылыстар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны жағдайын уақтылы бағалау үшін тұрақты негізде аэровизуалды барлаулар жүргізіледі. Спикер мобильді топтар тәулік бойы мониторинг жүргізіп отырғанын да айта кетті. Облыстағы ахуал бақылауға алынды.

«Профилактикалық іс-шаралар жоспары шеңберінде жағалауды қорғау және тереңдету, бөгеттерді салу, қаптарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар арналарды, арықтарды, көпірлерді тазарту бойынша жоспарланған жұмыстарды толығымен орындады. Барлық қызметтердің жұмысын үйлестіретін аймақтық жедел штаб жұмыс істеп тұр. Қауіпті аймақтарда суды сору және құм толтырылған қаптарды төсеу бойынша шұғыл шаралар қабылданды», деді аға инженер.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті