Көрме • 17 Сәуір, 2024

Шығысқа шақырған «Алтай аңыздары»

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуықта А.Пушкин атындағы облыстық кітап­ханада танымдық жобаның тұсауы кесілді. Өңірдегі киелі жерлер туралы аңыз-әңгімелер арнайы интернет-порталына енгізіліп, осы тақы­рыпта кітап шықты. Сондай-ақ өнер сүйер қауым лентасы қиылған суретшілер көрмесінде де QR код арқылы Алтайдың аңыздарын тыңдады.

Шығысқа шақырған «Алтай аңыздары»

Бұл жобада Катонқарағай өңіріндегі жайлаудың Алтықыз атануы, Ұласты арудың құсқа айналуы, «Алып әйелдің ұршығы» сияқты өңірімізге қатысты аңыздар топтастырылған. Жобаның көздегені – Шығыс Қазақстанның жер-су атауларына, киелі жерлеріне байланысты халық арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелерді жинақтау, сақтау, оны дәріптеу. Аңыздардың электронды нұсқада үш тілде шығарылуы ішкі-сыртқы туризмнің дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Алтай аңыздары әртүрлі дереккөздерден жиналып, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде https://anyz.pushkinlibrary.kz порталына орналастырылды.

– Порталды ашсаңыз, өлкемізге қатысты бұрын-соңды естімеген қызықты аңыздарды оқуға болады. Мысалы, қала шетіндегі өзен неге Аблакетка, ал Катонқарағайдағы жайлау неге Алтықыз аталғанын, Алқабек атты жас жігіттің көңілінен шықпаған Ұласты арудың қандай құсқа айналғанын, «Алып әйелдің ұршығы» облысымыздың қай аймағында орналасқаны туралы қызықты ақпарат алып, басқа да аңыздармен таныса аласыз. Сондай-ақ порталда Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды саяхат жасап, «Ақ-Бауыр» обсерваториясын тамашалауға, Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтауға шығуға, «Ырғызбай ата» кесенесімен танысуға болады, – дейді кітапхананың анықтама-библиографиялық бөлімінің қызметкері Меруерт Жайлыбаева.

Айта кетерлігі, кез келген оқырман порталға өз туын­дысын жариялай алады. Ол үшін аңыз желісімен сурет салып, Шығыстың әсем жерлеріне жасаған саяхаты жайын­да әйтпесе, авторлық аңыздар жазуға болады.

 

Өскемен