Денсаулық • 19 Сәуір, 2024

Дәрумен тапшылығы: Нені білу маңызды?

64 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Денсаулықтың күтімі үшін дәрумен қабылдайтындар көп. Осы орайда көктем кезінде ағзаға дәл қандай дәрумен қа­жет екенін қаперде ұста­ған жөн. Өйткені бүгінде қызыл-жасылды жарнамаларға сеніп, өз бетін­ше препараттарды ішіп жүре беретіндер бар. Ал оның ақыры не болып жатқаны мамандарға ғана аян.

Дәрумен тапшылығы: Нені білу маңызды?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Көктемде қуат беретін дәрумендер

Жуанның жіңішкеріп, жіңішке үзілердей көктемгі мезгілінде се­бепсізден себепсіз талай адамның ұйқысы қанбай, еңсесі басылып, ағзасы әлсіреп, көңілсіз күй кешеді. Діңкелеп жата бергісі келеді, қит етсе мұрны пышылдап, суық тие­ді, тіпті күйзеліске түсетіндер де кез­деседі. Мәселен, тұрақты оқыр­ман­дарымыздың бірі: «Мұндай халге дәрумен жетіспеушілігі әсер ететінін білмеппін. Д дәрумені жетіспесе, ағза әлсіреп, адам үнемі шаршаң­қы, торығып жүреді де, созылмалы күйзеліске бейім болады екен. Ағза әлсірегенде түрлі ауру-сырқауға да төтеп бере алмайды. Дәрігерлер тағайындаған дәрумендерді қабыл­дағалы бері ойым да, бойым да сергек. Бұрынғыдай уайым-қайғыға берілмеймін. Еңсем тіктелді. Көңіл күйім де, күш-қуатым да көтеріліп келеді. Кейінгі үш жылда тұмауға мүлде шалдыққан жоқпын. Суыққа төтеп беретін иммунитет пайда болды. Өткенде моншаға барғанда үстіме оп-оңай он шелек мұздай су құйдым. Бұрын суық суға өлсем жолай алмайтынмын», дейді.

Ендеше, өзгелер де денсаулығын түзегісі келсе, ең алдымен ағзада қандай дәру­мен жетпей жатқанын білу, В дәру­мендер тобы, А, С, Е, фолий қыш­қылы, ферритин, темір, кальций, Д сияқты негізгі дәрумендерге міндетті түрде талдама жасатып, мамандар тағайындаған препараттарды қабыл­дағаны жөн. Бүгінде елдің көзі ашық, ағзаңыз қандай дәруменге шө­лір­кеп тұрғанын дөп басып бере­тін медициналық орталықтар, тал­дау технологиялары бар десек те, мамандар кеңесіне жүгініп көрейік.

Мамандардың мәлімдеуінше, мау­сым аралығында адамдардың 80%-ы­на дейін дәрумен тапшылығын бас­тан өткереді екен. Бұл денсаулық­тың нашарлауына әсер етіп, иммунитет төмендеп, соның салдарынан түрлі дерттерге соқтыруы мүмкін. Мұны дәрумен тапшылығы дегеннен гөрі, гиповитаминоз, яғни ағзадағы дәрумендердің төмен деңгейі деп атаған дұрыс. Ол ауа райының ерек­шеліктеріне, өмір салты мен ішіп-жемге де тікелей байланысты.

«Көктемгі дәрумен тапшылы­ғының белгілерін мынадан аңғару­ға болады: апатия, бұрын ләззат алған нәрселер мен әрекеттерге қызығушылықты жоғалту; суық тию мен мұрыннан су ағу жиілейді, бір немесе бірнеше созылмалы аурулардың өршуі, ұйықтау, таңертең ұйқыдан тұрудың қиындауы, түн ортасында оянып кету, теріде безеудің пайда болып немесе терінің шамадан тыс құрғауы, шаштың сынуы, тырнақтың бөлінуі, іш қату, бұзылу, гастрит түріндегі асқазан-ішек жолдарында кеселдердің пайда болуы», дейді Алматыдағы №26 емхананың геронтолог дәрігері Светлана Фазылжанова.

Бұған қоса дәрігерлер қызыл иек­тің қанауы, зейіннің азайып, жиі бас ауырып, құлақта шу пайда болып, жеңіл бас айналу сияқты ахуалға немқұрайды қарауға болмайтынын ескертеді.

«Осы тізімдегі кемінде екі белгі байқал­са, онда бұл – жедел түрде дәрумен жетіс­пеушілігімен күресу қажеттігінің нышаны. Көктемгі дә­румен тапшылығы ересектер­де ғана емес, балаларда да бола береді», дей­ді Алматыдағы №11 қалалық емхана дирек­торының орынбасары Алмаш Ардабаева.

Ағзаны керекті дәруменмен байытуда дұрыс әрі теңшелген тамақ үлкен рөл атқаратындықтан, дәрігерлер күнделікті аз мәзіріне балық, балғын шырын, түрлі көкөніс пен жеміс қо­су, консервіленген тағамдардан бас тартып, дәрумендердің деңгейін тексертіп отыру да маңызды дей­ді. Күн шуағына шомылып, таза ауада се­руендеу, тұрақты спорттық жат­ты­ғулар да дәрумен тапшылығын жеңу­ге көмектеседі.

Дәрумен тапшылығын елемеудің салдары ауруханаға дейін апарып, тіпті хируругтердің араласуын қажет ететін ауыр халге жеткізуі ғажап емес. Бұл – мамандардың тұжырымы.

 

Суицидті Д витаминімен жеңген ел

Енді мына қызықты қараңыз, күнделікті азық-түлікке қосылатын тұздың мөлшерін 17 грамға дейін азайтуды мемлекеттік тұрғыда насихаттап, сол арқылы жүрек-қан та­мыр­лары ауруларын азайтып отыр­ған Еуропа елдері бар. Сол сияқ­ты тұрмыстық қалдықтардың өзін кәдеге жаратып, өз қоқысы өзіне жет­пей, көрші елдерден қоқыс сатып алып, одан энергия алып отырған пла­нетадағы жалғыз ел Швеция десек, суицидті Д дәруменімен жеңген де – осы мемлекет. Сонау 1960-1970 жыл­дарда өз-өзіне қол жұмсаудан алдыңғы орынға шыққан Швеция, жалпы Скандинавия елдері ол проб­лемадан Д дәруменінің көмегімен құтылған. Бұл елдердің географиялық орналасуы, климаты тұрғындарында Д дәруменінің тапшылығына душар ететіндіктен, халықтың психикалық саулығындағы кінәратты осы дәру­менмен реттеген.

Одан да қызығы, Швеция халқы тапқан табысының жартысынан көбін салық ретінде мемлекетке төлеп отырса да, кезекті бір зерттеулердің нәтижесі дүниеде өзін ең бақытты сезінетіндер Скандинавия елдерінде тұратынын анықтаған көрінеді. Себебі «Lagom» ұғымы Швеция халқы­ның санасына тумай тұрып құйылады. Өйткені бұл бақыттың кілті деп есептеледі. Бүкіл мемлекеттік жүйе, барлық өндіріс, қызмет көрсету, жалпы өмір сүру салты «Lagom» ұстаны­мына сүйенеді. «Lagom» деп отырған­дары қарапайымдылық деген саяды. Ешбір адам өзін өзгеден артық көрсетуге тыраштанбай­ды. Ал мақтаншақтық – мәдениетсіз­дік қана емес, тіпті жат қылық деп есеп­телінбек. Өзін қарапайым ұстау, жұртпен тең жүру – Швецияда ең бас­ты құндылық.

Қала берді, архитектура да, жиһаз шыға­ру өнеркәсібі де осы «Lagom» түсінігінде салы­нып, жасалады. Қазір сәнге айналған сканди­навиялық стиль, минимализмді ойлап тапқан – осы ел. Үйде артық дүние тұрмай­ды, тек қолданатын дүние ғана болу керек. Бұл да – бөлмеге жиһазды үйіп, артық дүние жинап, мақтану мен өзгенің қызғанышын тудырмау үшін «Lagom» түсінігімен жасалған идея. Артық безендіру, асыра сілтеу жоқ, алтынмен аптап, күміспен баптап, жылтырақ тағып сәндеу дегеннен мақұрым.

Дәрумен тапшылығын баяндап отырып, басқа тақырыпқа ауып кеткендей көрінсек те, бүкіл саланы айналып келгенде бірінші кезекте адамдардың денсаулығын сақтауға жұмылдырып, түпкілікті мақсатын бір ізге үйлестірген елдердің үлгісі бізді ойлантуға тиіс. Бұл да «Lagom» деген түсініктіктен пайда болған дүние – артық жұмыс істеймін деп ақшаға құнығып кетпеу, уақытын отбасына, өзіне арнау. Ашкөздікке салынбау. Яғни халқы денсаулығына, жүйкесіне артық салмақ салмай уа­қытында демалуын көздейді. Мұндай жүйе Швеция тұрғын­дарын әлемдегі ең бақытты елдің бірі етуге себін ти­гізіп келеді екен. Өзін бақытты сезі­не білген адамның денсаулығы да мықты, қашанда көңіл күйі көтеріңкі болады билейді. Айтқандай, мұны біздің ата-бабаларымыз уайым-қай­ғысы жоқ адамның қара суға да се­міріп, көңілі тоқ жүретінін дәйектеп кеткен. Ал бұл – дала пәлсафасы.

Сол Швецияда «Қомақты ақшаны несіне табасың, егер оны жұмсап, рақатын көре­тін уақытың болмаса» деген қағида бар. Сон­дықтан ақшаны қажетінше ғана тауып, жұм­сап, ра­қатын көруге уақыт қалдырады. Мұн­да уақыты жоқ адам ең кедей адам екенін жақсы түсінеді.

Ал біздің айтпағымыз, қарапайым бір ғана дәруменнің жетіспеушілігі адамдарды күйзеліске душар етіп, қуанышымызды көлегейлеп, тіпті суицидке жетелеуге түрткі болып жатса, онда ағза дейтін әлі күнге дейін толық зерттеліп бітпеген әлемге дәрумендермен қоса, қаншама қорек, нәрмен қоса, оны түйсінуге парасат пен пайым да керек екені даусыз.

 

АЛМАТЫ