Қаржы • 23 Сәуір, 2024

Қаржы секторындағы ахуал

54 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық банк (ҰБ) наурыз айында Ұлттық қордан 748 млн доллар сатқан. Сәуір айындағы көрсеткішті 1-1,1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Демек күн сайын айналымға 50 млн доллардан жібереді. Валюта сатудан түскен қаражат республикалық бюджетке трансферт ретінде түседі. Сәуірде БЖЗҚ үшін шетел валютасын сатып алу 450-500 миллион долларды құрайды.

Қаржы секторындағы ахуал

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық банктің  алтын-валюта резерв­те­рін пайдалануға қатысты көзқара­сын қайта қарағаны өткен жылы белгілі болған. Енді ол өз интервенцияларында Ұлттық қордан бюджет тапшылығын қаржыландыруға кететін шығындарды есепке алады.   Бас банктің жаңа валюталық интервенция тетігі қалай жұмыс істейді? Ол теңгемізді ны­ғайтуға қаншалықты көмектеседі және елдің қалған резерві қанша уақытқа жетуі мүмкін?

Сарапшылар бюджеттегі ойын ере­же­сі экономикамыздың мұнай баға­сы­на тәуелділігін реттеу үшін ойлап табыл­ға­нын, бағаның құбылуына байланысты ойын ережесі де өзгеріп тұратынын айтады. Бұл жағдай қолайлы уақытта Ұлттық қорды қорландырып алуға, ал тапшылық кезде артығырақ шығын шығаруға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігі ай сайын бюджетке түсетін нақты кірістерді бағалайды,  кіріс жоспардан төмен болса, онда жетіспеушілік мөлшері жарияланып, Ұлттық қордан доллар не теңгені сатады. Сатудан түскен қаражат бюджет шығындарына жіберіледі.

Бұл жағдай валюта бағамының құ­былма­лылығын төмендетуі керек. Экс­порт­­таушылар аз табыс алған кезде ішкі на­рықта шетел валютасының тапшылығы байқалады, бұл теңгенің  әлсіреуіне әкеледі. Доллардың орнына алтын сату тапшылықтың орнын толтырады. Теңгенің күшейіп кетуіне жол беруге болмайды деген қатып қалған қағида 2023 жылы бұзылды. Енді ішкі нарық теңгенің күш алып кетуінен де, тым қатты әлсіреп кетуінен де қорықпайды. Наурыз айының соңында теңге бағамы 0,9%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасында бір айда орташа күндік сауда көлемі 187-ден 225 млн долларға өсті, сауданың жалпы көлемі 3,8 млрд доллар  құрады. БЖЗҚ зейнетақы актив­терінің валюталық үлесін 30% дең­гейінде ұстап тұру үшін Ұлттық банк наурыз айында биржалық сауда-саттықта 500 млн долларды немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын сатып алды.

«Ұлттық банк Ұлттық қордың қаража­тымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату­ды білдіреді. Аталған тәжірибе Ұлттық қор­дағы операциялардың валюта нары­ғына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», деп хабарлады бас банк.

Ұлттық банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін бар­лық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарық­тағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзге­руіне байланысты түрленеді.

Экономист Андрей Чеботаревтің пікірінше, сәуірде теңге тұрақты күйінде қалуы, мүмкін одан да нығаюы мүмкін. Бұл Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің ұлғаюымен байланыс­ты.

«Теңге нығайып жатыр. Сәуірде Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің ұлғаюына байланысты төл валюта дәл сондай күшті немесе одан да күштірек болуы әбден мүмкін», дейді сарапшы.

Alpari сарапшысы Анна Бодрованың айтуынша, наурыздың соңғы аптасында әлемдік капитал нарықтарындағы тәуе­келге қатысты оң көзқарас, мұнай ба­ға­сының қымбаттауы және ішкі на­рықта валютаның тұрақты ұсынысы теңге бағамына қолдау көрсетті. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы қайтадан оң аймақта. Әлемдік мұнай нарығында өсім байқалады – Brent маркалы мұнай баррелі 89,53 долларға көтерілді. Наурызда елі­мізде іскерлік белсенділіктің артуы да – ел экономикасы үшін оңды белгі. Өткен аптада доллар бағамы – 445-450 теңге, еуро – 480-485 теңге, рубль – 4,80-4,95 теңге, юань 61-63 теңге аралығында болады деп болжанып отыр. Демек сәуірде теңгеге төніп тұрған қауіп жоқ.