Су тасқыны • 24 Сәуір, 2024

Сын сағаттағы ынтымақ

68 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқынының салдары ауыр. Жер-жерді су басып, үйлер мен көше­лерді шайып, төрт тү­лік мал қырылды. Елді әбі­­герге салып, қаншама шығын келтірген табиғи апат халқымыздың ауыз­бір­лігін, ынтымағын та­ғы бір сынады.

Сын сағаттағы ынтымақ

Ағайын аянып қалған жоқ

Тасқын судан келген зардап орасан. Кей сарапшылар шығын көлемі 200 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін болжайды. Дегенмен бұл табиғи апат бір нәр­сені анық көрсетіп отыр. Ха­лық біріксе, алынбайтын қамал жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан аймақтарға барып, тұрғындармен кездесіп, халықтың хал-жағдайын сұра­ды. Ешкімнің назардан тыс қал­майтынын, әрбіріне көмек көр­сетілетінін, шығынның өтемі жасалатынын жеткізді. Қиын сәтте Мемлекет басшысының қа­рапайым халықпен жолығуы жа­бырқаған жандарға дем беріп, көңілге медеу болады. Пре­зиденттің апаттан зардап шеккен өңірлерді аралауы билік пен халықты жақындастырады.

Қоғам апат кезінде ауызбір­шілік таныта білді. Оның бір мысалын Құлсарыдан аңғардық. Өздеріңізге мәлім, су басқан қала­дан 20 мыңға жуық адам Маң­ғыстау өңіріне эвакуация­ланды. Маңғыстаулық такси жүргізушілері дүние-мүлкі мен баспанасын тастап, көшуге мәж­бүр болған тұрғындарды тегін тасыды. Сондай-ақ Құлсарыдан Атырауға пойызбен жеткен жолаушыларды да қаладағы такси жүргізушілері діттеген жеріне дейін пұл сұрамай жеткізіпті. Тасқын қауіп төндірген басқа аймақтарда да жүргізушілер осындай қайырымдылық жасап жүр. Қиын сәтте құлқынның қа­мын емес, елдің амандығын ті­леп, жүргізушілердің ақы-пұл­сыз қызмет етуіне қалай риза болмайсың?

Әрине, құтқару жұмыстары кезінде тасқыннан зардап шек­кендерді қауіпсіз жерге орналастыруды биліктің ұйым­дастырғаны белгілі. Бірақ қара­пайым халық та аянып қал­мады. Маңғыстаудағы Бейнеу сынды қауіпсіз жерге көшірілген адамдарға пана тауы­п беру мә­селесіне де жергілікті тұр­ғындар бел шеше кірісті. Бірі үйін ұсынып жатса, келе­сісі уа­қытша орналастыру пункт­терінде күндіз-түні қызмет көр­сетті. Қазан-ошағын көтеріп келіп, ас-су әзірлеп, тасқынмен күресіп жатқан құтқарушыларға таратты. Қысқасы, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың нағыз үлгісін көрсетті.

Төтенше жағдайлар министр­лігінің мәліметіне жү­гін­сек, құт­қару және су тасқынына қар­сы жұмыстарға 46 мың адам жұ­­мылдырылған. Құ­тқару­шы­­лармен бірге тұрғындар да күн­діз-түні апаттың салдарын жою­ға, жаңа тасқынға жол бермеуге барын салып жатыр. Күндіз жұмысқа барып, кешке үйіне қайтпай, толарсақтан су кешіп, тасқынмен күресіп жүргендер туралы әлеуметтік желілерден естіп-көріп отырмыз. Тіпті кіш­­кентай балалардың да қап тол­тыруға көмектесіп жатқанын көргенде көзге жас келеді. Мы­салы, Атырауда бес жастағы Ал­дияр есімді бала өзінен үлкен күрек ұстап, топырақ салып жат­­қаны көпшілікті сүйсінтті. Маңғыстауда Ақшұқыр аулында 4-сыныпта оқитын Нұрасыл есімді бала жинап жүрген ақшасын Құлсары қаласына көмек­ке беріп, халықтың ыстық ықыласына бө­ленді.

Аймақтардан көптеген ерікті келіп, құтқару жұмыстарына белсене араласты. Волонтерлер ха­лықты қауіпсіз орындарға көші­ру, суды бөгеттеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап үлес­тіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз етумен айналысып жүр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама тонна гуманитарлық көмек келіп жатыр. Боржоми қаласының муниципалитеті Аты­­рауға «Боржоми» минералды суының 3 мың бөтелкесін гуманитарлық көмек ретінде жіберген. Сондай-ақ Еуропалық одақ ең көп зардап шеккен отба­сыларға көмек ретінде 200 мың еуро көлемінде гуманитарлық көмек бөлді.

Бұл ретте дағыстандық Ома­расхаб Ахмедов туралы да айта кеткен дұрыс шығар. Ол тасқын­нан қорғануға пайдалану үшін Атырауға 50 мың қап әкеп берді. Дағыстандық азамат 50 мың қап салынған сөмкелерді жеткізу үшін 24 сағат жол жүрген.

Осы күндері су басқан өңір­лерде 4 634 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 17 әуе кемесі үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Жеке компаниялардың да апатпен күреске өз меншігіндегі техникаларды жібергенін айта кеткен жөн. Мәселен, NCOC компаниясы Атырау облысына көмек ретінде 50-ге жуық арнайы техника бөлген. Соколок арнасының бойында ұзындығы 24 шақырымдық қорғаныш дуал тұрғызуға 19 дана арнайы техника мен 34 адам жіберілді.

«Теңізшевройл» және мерд­і­гер компаниялар барлығы 90-ға жуық арнайы техника, 30-дан аса автобусын тасқынмен кү­реске жіберді. Сондай-ақ Аты­рау облысы Жылыой ауданынына азық-түлік пен жанар-жағармай өнімдерін ұсынды. Өңірлерде апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға «QazaqGaz» компаниялар тобының 915 қызметкері, шамамен 205 дана техникасы жұмылдырылған. Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысына тартылған 99 техника да тасқын сумен күреске бағытталған.

Қарапайым халықтың құмды қаптап, оны бөгет салуға әзірлеуі көңілді елжіретеді. Деген­мен тасқынға қарсы күрестегі негізгі жұмыс ауыр техникаға байланыс­ты екені айтпаса да түсінікті. Он шақты адам атқаратын жұмыс­ты бір экскаватор әп-сәтте тындырады.

 

Көп түкірсе – көл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барғанда зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсетуге кәсіпкерлер де араласу керек екеніне назар аударған еді.

«Елімізде «Forbes» тізіміне кіре­тін ірі кәсіпкерлер бар. Олар­мен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекен­ге бекітіледі және нақты жа­уап­кер­шілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қос­қан үлесінің нақты нәтижесін көреді», деді Қ.Тоқаев.

Бірқатар компания табиғи апатпен күресуге қомақты қаржы бөліп отыр. Мәселен, «Kaspi.kz» тең құ­рылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке 20 млрд теңге аударатынын мәлімдеді. «Самұрық-Қазына» компаниясы халыққа көмек қоры ретінде 15 млрд тең­ге бөлген. «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы – 3 млрд теңге, «Теңізшевройл» – 2 млрд теңге, «Freedom Holding» компаниясы, «Halyk bank», «Air Astana» 1 млрд теңгеден аударды. Бұдан бө­лек, қаржы бөлген компаниялар жетерлік.

Елімізге белгілі тұлғалар да қаржылай көмек беріп жатыр. Қазақтың маңдайына біткен жұл­дызы Димаш Құдайберген тасқыннан зардап шеккендерге 15 млн теңге аударды. Сондай-ақ Ақтөбе және Құлсары қалала­рында қарапайым халықпен, құт­қарушылармен кездесіпті. Танымал әншінің осындай сәтте тұрғындардың хал-жағдайын сұрап келуі көңілге медеу болып, жігерлендірері сөзсіз.

Ал «Тәуекел» қоғамдық ұйы­мының жетекшісі Бурахан Дақа­нов астындағы темір тұлпарын са­тып, одан түскен қаражатты Қызыл­жар өңіріне көмекке жібе­ретінін хабарлады.

Көптеген қайырымдылық жасап, әлеуметтік желіде «Бетперде киген жігіт» атымен танылған белгісіз жан тасқыннан зардап шеккендерге 450 млн теңге аударды. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева зардап шеккен өңірлерге 5 млн теңге жіберді.

Жалпы, «Қазақстан халқына» қорына 500-ге жуық адам қаражат жіберген екен. Шетелдердегі қа­зақ­­стандықтар да қаражат жи­науға кіріскен. Қиындыққа душар болған тұрғындарға көмек қолын созған компаниялар мен қарапайым адамдардың тізімі мұнымен бітпек емес. Қысқасы, бүкіл халық ақша жинап, «Көп түкірсе – көл» екенін дәлелдеді.

 

Басты байлық – бірлік

Күрмеу жіптің бір қолмен байланып, бір қолмен шешілмейтін жақсы білген бабаларымыз «Бір­лігі жоқтың – тірлігі жоқ» деп өсиет қалдырыпты. Көне түркі жұртының билеушісі Күлтегін «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады», дейді.

Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста «қамқорлық жасауға» ұм­тыл­ған кей елдер өздеріндегі ин­ди­­видуализм ұғымының мағы­­насын майыстырып енгізуге ты­рыс­қанын мамандар айтып жүр. Соның салдарынан ынты­мағы жарасқан елге жік түсіп, бұрынғы салт-санамызды ман­сұқтауға көш­тік. Әйтпесе, қазақ халқының татулық пен бірлікті әр­дайым жоғары қойғаны белгілі. Қай салт-дәстүрді алып қарасаңыз да, осыған үндейді.

Тасқын кезінде ынтымақ пен бірлік таныта білдік. Биылғы табиғи апат ұлттық жадымызда бар, бірақ заман ағымына сай сана түкпірінде жасырын қалған осындай асыл қасиетімізді қайта оятты. «Құдайдың өзі бере­кесі бекем, бірлігі мығым қауымға алдымен көмектеседі» деп па­йымдайды қаламгер Әбіш Кекіл­байұлы. Бәлкім, Жарат­қанның өзі халқымыздың ұлттық болмысын сақтап қалуын қалап тұрған шығар. Ендеше, тасқын­нан кейінгі жеңілдік – қоғам санасының жаңғыруы болар, бәлкім?

Америкалық психиатр Трэйси Асамоа адамдар қиыншылық кезде ынтымақ танытуы физикалық, эмоциялық, психологиялық болмысын жақсартатынын жазыпты. «Адамзат – әлеуметтік жаратылыс, ынтымақтастықта өмір сүруге бейімделген. Бұл – ресурстарды жинауға, бөлісуге таптырмас тәсіл. Физикалық және эмоциялық болмысымызға зор ықпалын тигізеді», дейді зерттеуші.

 

P.s. Дәл қазір табиғи апат ке­зінде ұлттық құндылықтарымызға қайта оралып, ынтымақ пен бірліктің озық үлгісін көрсетіп отырмыз. Қазақ халқының ға­сыр­ларға созылған тарихында тағдырдың тезіне тап келген, сын сағаты туған сәттер аз бол­ған жоқ. Ортақ мүдде аясында ұйы­сып, бірлік танытып, қашанда замана тауқыметінен аман-сау қалып­пыз. Биылғы табиғи апат та – осындай қиын-қыстау кезеңнің бірі. Халқымыз ұйымшылдық көрсетіп, асар жасап, бір-бірімізге қолдау білдіру арқылы мұндай қауіп-қатерден құтылатынымыз анық. Тасыған су басылар, қираған дүние-мүлік қалпына келер, шығынның өтемі жасала жатар. Бірақ дәл қазіргідей сын саға­тындағы халықтың бірлігі мен тұтастығы ешқашан бұзылмауы қажет. Мұндай асыл қасиетіміз апат кезінде ғана көрініс таппай, күделікті қалыпты қасиетке айналса игі. 

 

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,

журналист