Экономика • 25 Сәуір, 2024

Жаңаөзенде жаңа зауыт салынады

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласында мұнай және газ өндірісіне қажетті тұрақты және ұзақмерзімді пайдаланылатын тауарлар өндіретін зауыт бой көтереді. Бұл туралы «Өзенмұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңаөзенде жаңа зауыт салынады

Өткен жылы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төрағасы Нұрлан Жақыпов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің қолдауымен сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне толықтырулар енгізілген болатын. Толықтыруға сәйкес, «ӨМГ» АҚ Жаңаөзен қаласы аумағында өндіріс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды өз мін­детіне алған инвестормен бір көзден ұзақ мерзімге келісімшарт жасауға тиіс.

Осыған орай, «ҚазМұнайГаз» басқар­ма­сының шешімімен инвес­торды іріктеу регламенті бекітіліп, оның негізінде «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Маңғыстау облысы әкімдігі, «Атаме­кен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкіл­де­рі­­нен құралған жұмыс тобы құрылды. Ал­­дын ала жарияланған хабарландыруға сәй­­кес, ин­весторлардан келіп түскен өтінім­­дер­­ді тиісті жұмыс тобы қарап, нәти­жесін­де, Жаңа­өзен қаласының аумағында жаңа өнді­ріс ошағын салатын инвестор анықталды.

Аталған зауытта 16 түрлі тауар өнді­рілмек. Қажетті тауарлардың тізбесі «ӨМГ» АҚ-ның 2025-2028 жылдарға арнап бекітілген бизнес-жос­пары негізінде жасақталды. Алдағы уақытта бой көтеретін зауыттың құрылысы мен қызмет ету кезеңінде жаңаөзендіктер үшін 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

«Жаңа өндіріс орындарының ашылуы компаниямыздың импортқа тәуел­діліктен арылуына, қаланың дамуы­на, өңір экономи­касының өркендеуіне, жергілікті және рес­публикалық бюджетке түсетін салық түсім­дерінің ұлғаюына ықпал етпек. Жаңаөзен мұнайлы қаладан өндірістік қалаға айналатын сәт те келді. Біз мұнда жергілікті жастарға жұмыс ұсынатын инвесторларды тарту ісін жалғастыра береміз. Отандық кәсіпкерлерді Жаңаөзенге инвестиция құюға шақырамыз», деді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа зауыт Жаңаөзен қаласында жаңа жұмыс орындарын ашуға және мұнай саласына қажетті жабдықтарды бағасын аспан­датып алыстан тасымалдауды азайтуға мүмкіндік береді.

 

Маңғыстау облысы