Президент • 25 Сәуір, 2024

Нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын – Президент

73 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Қазақстандағы су тасқыны кезінде адам шығынын болдырмау басты назарға алынғанын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын – Президент

Фото: Ақорда.кз

«Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды.

Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын.

Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент өз сөзінде су тасқыны болған аймақта қол ұшын созып жүрген барша азаматтарға алғыс айтып, мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға тапсырма бергенін айтты.

«Кезінде бір ғана бөгеннің бұзылуы үлкен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырғанын білесіздер.

Мен жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болдым. Тұрғындармен арнайы кездестім. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр.

Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды.

Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін», деді Президент.