Президент • 25 Сәуір, 2024

Қазақстан әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр

47 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр

фото: stan.kz

«Біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұр. Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді. Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны айтарлықтай азайды. Осының бәрі еліміздің тұрақты дамып келе жатқанын, біздің елге қызығушылықтың арта түскенін және мемлекетіміздің халықаралық беделі жоғары екенін көрсетеді», деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Ассамблея жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды.

«Ассамблея этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, еріктілерді және жергілікті бірлестіктерді ынталандырумен шұғылданады. Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек», деді ел Президенті.

«Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім әрекеттер ауқымды өзгерістерге жол ашады.

«Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек», деді Мемлекет басшысы.