Мәдениет • 26 Сәуір, 2024

«Мона Лиза» көшіріле ме?

34 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Леонардо да Винчидің атағын айға шығарған «Мона Лизаны» Лувр музейінің бөлек залына сақтық шараларын орындай отырып көшіру үшін 500 мил­лион еуроға жуық қаражат қажет екен.

«Мона Лиза» көшіріле ме?

«Euronews» хабарлағандай, музейге келушілердің көбі картинаны анық көре алмайтынына шағымданған. Шыны панельдің артында ілулі тұрған картина үлкен залдың ішінде пошта маркасы сияқты әсер қалдырады дейді жұрт.

Луврдың XVI ғасырдағы италиялық кескіндемелер бас кураторы Винсент Делевиннің айтуынша, бұл картина авторының идеясына қайшы.

«Леонардо да Винчи картина мен оны көрген адам арасында жеке қарым-қатынас орнатқысы келді», дей­ді ол.

Айта кетейік, қауіпсіздік талабының қатаң болуы соншалық, музейге келу­ші­лерге картинаны көру үшін небәрі 30 секунд қана уақыт беріледі. Ал бұл уақытта селфиге түсуге асыққан адам­дар бір-біріне ыңғайсыздық тудырып, туын­дыдан ләззат алуға кедергі кел­тіреді екен. Сондықтан да Лувр дирек­ция­сы портретті қайта ілу керек деген шешім қабылдады.

Мұражай директоры Лоренс де Карстың айтуынша, картинаны көшіру оңай шаруа емес. Ол үшін Лувр музейіне жаңа кіреберіс ашып, жертөледегі екі залды реттеу қажет. Сөйтіп, «Мона Лиза» картинасы жеке залға орналастырылып, келушілердің кезегі де азаймақ.

Ал бұл мақсатқа жету үшін тиісті жөндеу жұмыстарына 500 миллион еуро қажет болып отыр. Аталған бастаманы Францияның Мәдениет министрлігі қолдаса, ендігі жауап Қаржы министрлігінен болмақ.