Жоба • 30 Сәуір, 2024

Ауызсу мөлшерін арттыратын жоба

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында ауызсу тап­шылығы қашанда өзекті. Мә­селені түбегейлі шеш­пегенмен, жеңілдету жо­лын­дағы мүмкін бағыттар қа­рас­тырылып, жұмыстар жоспарланып отыр. Өңірде аталған мәселені еңсеру бағытындағы нысанның бірі – «Құйылыс-Меловое» кен орны.

Ауызсу мөлшерін арттыратын жоба

Облыс орталығы Ақтау қаласынан 50 шақырым жерде, Мұнайлы ауданы аумағында орналасқан «Құйылыс» жерасты сулары кен орнындағы станса Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының орталық сумен жаб­дықтау торабына (ОСЖТ-1) үздіксіз су жеткізуді жүзеге асырады. Қазіргі таңда 30-дан аса адамды жұмыспен қамтып отырған станса өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері жұмыс істеп келеді. Ұзақ жылдар бойы жабдықтары жаңартылмаған кен орнындағы ескі құбырларды реконструкциялау жұ­мыстары қолға алынды. Ақ­тау қала­сы­ның тұрғындарын сумен қамтып, орталық сумен жабдықтау торабына түсетін техникалық су көлемін ұл­ғайту үшін, сондай-ақ «Каспий» су тұшы­ту зауытын сумен қамтамасыз ету мақ­са­тын­да «Альянс-ЛТД» ЖШС ұзындығы 46 шақырым құбырды реконструкциялады.

– Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 46 шақырым учаскеде 28 шақырым құбыр орнатылды. «Құйылыс» кен орнынан Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына және «Каспий» су тұшы­ту зауытына дейін тартылатын су құбы­ры реконструкцияланып біткен соң облыс орталығындағы техникалық су­дың көлемі едәуір артады, – дейді Маң­ғыс­тау облысының энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­масының басшысы Әбдеш Түрікменбаев.

Аталған жобаның құны шамамен 18,4 млрд теңгеге бағаланады. Жобаны іске асыруға 2024 жылы республикалық бюд­жеттен қосымша 5,5 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 1,8 млрд тең­ге бөлінді. Сондай-ақ Маңғыстау об­лысының энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасы Су ресурстары және ирригация министр­лігіне 5,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берді. Су құбырын реконструкциялау жөнін­дегі жоба уақтылы қаржыландырылса, жұмыстар 2024 жылдың жаз айларында аяқталады деген жоспар бар.

Қыс болса жылудың, жаз басталысымен ауызсудың айқайы басталатын Ақтауда ауызсу көлемін арттыруға сәл де болса себі тиетін жобаның уақытын­да қаржыландырылмай, қаражаттан қағылуы мүмкін емес. Бұл – елдік мәселе.

 

Маңғыстау облысы