Отбасы • 29 Сәуір, 2024

Сенім мен сыйластық үлгісі

69 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дана халқымызда «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген бар. Тарих көшінде тағдыр айдап топырағымызға табан тіреген әртүрлі этнос өкілдері елімізде мәңгілікке тұрақтап қалды. Қасиетті мекенімізде ынтымақ, татулық, бірліктің арқасында түрі, тілі, діні бөлек жандар бір үйдің баласындай бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Сенім мен сыйластық үлгісі

Олардың арасында туыстық қатынас құрып, бір отбасы болғандары көп-ақ. Солардың бірі – 6698 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген тәжік ұлтының өкілі, аға сержант Хамза Шакаров. Оның отбасында өзге ұлтпен туысқан болған өзі ғана емес, інісі де бар, ол неміс ұлтымен аралас өзбек қызын өзіне жар еткен. Сондықтан да бұл отбасын бірлігі мен берекесі жарасқан отбасы деуге болады.

Аға сержант Хамза Шакаров Жетісай ауданында дүниеге келген. Отбасында інісі, ағасы, қарындасы бар. Атасының айтуынша, ата-бабасы Өзбекстанның Жизақ деген қаласында тұрған. Соғыстан кейін, 50-жылдары Қазақстанның Жетісай ауданына қоныс аударған. 1999 жылы В.Терешкова атындағы орта мектепті аяқтап, 2000 жылы Талдықорған қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты 18404 әскери бөлімінде мерзімдік әскери қызметін өтейді. Ал 2006 жылы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің атқыштар батальонында келісімшарт бойынша қызметін бөлімше командирі болып бастайды. Кейіннен қарауыл бастығының көмекшісі, күзеттің инженерлік-техникалық құралдары маманы қызметіне ауысады. Тура бір жылдан кейін, 2007 жылы жары Ұлжанмен танысады. Өмірін өнермен байланыстырған скрипкашы қазақ қызымен таныстығы үлкен махаббатқа ұласып, 2008 жылы отбасын құрады.

«Алғашында ұлтымыздың әртүрлі болуына байланысты әрқайсы­сы­мыз­дың ата-анамыз үйленуімізге қарсы болғаны рас. Алайда бір-бірімізге деген сенім мен махаббатымыз бәрін жеңді. Ата-анамыз баталарын беріп, 2008 жылы бас қостық. Біз салт-дәстүрге келгенде бөлінбейміз, бастысы – дініміз, сеніміміз бір, екі ұлттың да жоралғыларын жасап, сыйластықпен қарап, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Ұлжанның үйінде қазақтың салтын жасасақ, үйімізде тәжік халқының дәстүрін ұстанамыз», дейді Хамза. Бүгінде бірлігі жарасқан шаңырақта Айруза, Кәусар, Дінмұхамед есімді ұл-қыздар өсіп келеді. Отбасының барлық мүшесі тәжік, қазақ тілінде еркін сөйлеп, қатынас жасайды.

«Тәжік және қазақ тілінде еркін сөйлесе береміз. Үлкен қызыма қазақша «Ай», тәжікше «Руз» деген сөздерден құралған ай мен күн деген мағынаны білдіретін Айруза есімін бердік. Ал ұлымыздың есімін еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан тарихи тұлға Қонаев атамыздың құр­ме­тіне, сол кісідей елге қызмет етсін деп Дінмұхамед деп атадық», дейді жары Ұлжан.

Отбасының бірлігі – сенім мен сыйластықтың үлгісі. Сан түрлі этнос өкіліне сая болған кең-байтақ жері­міздегі ынтымақ, татулық, жана­шырлық, мейірімділік секілді асыл қасиеттің жылдар бойын жалғасып келе жатқаны да бірліктің туын биік ұстаудан басталатынын аңғартса керек.