Пікір • 30 Сәуір, 2024

Достық үйлері – елдіктің нышаны

37 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Достық үйлері өздерінің қызметін түбегейлі өзгертті. Олар азамат­тардың күшін біріктіре отырып, түрлі бастаманы іске асырады. Достық үйлері – мәдени іс-шараларды өткізетін орын ғана емес, аза­маттық қоғам институттары үшін ресурстық және комму­ни­ка­циялық орта.

Достық үйлері – елдіктің нышаны

Фото: kazpravda.kz

Апат айтып келмейді. Биылғы су тасқыны бәрімізді әбігерге салып, жос­парымызды өзгертті. Достық үйлері де үйреншікті жұмысын су апатымен күресуге бағыттады. Сын сағатта отан­дастарымыздың ауызбіршілігіне тағы да риза болдым. Олар ешкім айт­қыз­бастан, қарапайым азаматтардан бастап, үлкен-кіші демей Достық үйлеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық заттар әкеліп жатыр. Сөйтіп, Достық үйлері «Жүректен – жүрекке!» акциясының алаңы мен гуманитарлық көмек жинаудың штабына айналды. Қазір біз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз.

Ассамблеяның Достық үйлері – бірегей бренд. Ол бүгінде – еліміздің 34 қала­сындағы тұтас желі. Бүкіл қоғам­мен бірге біз де өзгеріп жатырмыз. Біріншіден, біз 24/7 режімінде кеңселерде, кабинеттерде қамалып отырмай, шаруашылық, іс басында болып, адамдармен тікелей жұмыс істейміз. Ұлттық құрылтай мен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құнды­лық­тарын насихаттаймыз.

Екіншіден, кешегі сессияда әлеу­мет­тік нысандарды салу қажеттігі айтылды. Солардың ішінде көпұлтты елді мекендерде Достық үйлері болса, құба-құп. Бұл – өте маңызды. Қанат­қақты жоба ретінде шалғай елді мекендерде жұмыс істеуге арналған көшпелі Достық үйлерінің форматын сынақтан өткізіп жатырмыз.

Үшіншіден, Достық үйлері әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы азаматтарды тарту орталығына айналды. Мысалы, біздің Достық үйімізде ерекше балаларға арналған сабақтар, белсенді ұзақ өмір сүру клубтары, әлеуметтік бағыттағы заңгерлік кеңестер бар. Сондай-ақ, мұнда кез келген адам мемлекеттік және басқа тілдерді тегін меңгере алады.

Қазақ тілінің қолданыс аясын ке­ңейту – Ассамблеяның басты басым­дығы, оны барша этнос өкілдері қолдай­ды, қуаттайды. Этностық топтар арасында қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, сол тілде өлең жазу, әңгіме құрастыру қалыпты жағдайға айналды.

Қазақстан – көпмәдениетті және көптілді мемлекет. Бұл – біздің ерекше артықшылығымыз. Біз мемле­кет­тік және орыс тілдерінде, сондай-ақ этнос­тар тілдерінде сөйлей­міз. Ал тіл білуде, үй­ренуде тек артық­шы­лықтарды көріп, баға­лап, жаңа мүм­кін­діктер табу керек.

Биыл Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен түркі әлемінің астанасы – киелі Түркістанда заманауи Достық үйі ашылады. Бұл жерде алуан түрлі мә­дениеттің орталығына айналады деп үміт­тенеміз.

 

Руфина УСАНОВА,

Жетісу облысы Достық үйінің директоры