Кәсіпкер • 30 Сәуір, 2024

Алма бақпен аты шыққан серіктестік

57 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Апортпен аты әйгілі өңірде алма бақ шаруашылығы қарқын алып келеді. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының бәсі жоғары. Бүгінде аталған ауданда жалпы аумағы 2432 гектарды құрайтын 34 шаруашылық үдемелі бақ өсірумен айналысады. Соның бірі әрі бірегейі – Балтабай аулындағы «Unifruit Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Алма бақпен аты шыққан серіктестік

Бұл серіктестік он жылдан астам уақыт жеміс-жидекті қайта өңдеу өнеркәсібінде табысты жұмыс істеп жатыр. Табиғи әрі дәмі тіл үйірер шырын мен түрлі жеміс езбесін дайындауға қажет жемістерді алу үшін компания өзінің алма бағын жайқалтып өсірген. 

«2019 жылдан бастап алма өсірумен айналысамыз. 70 гектар жерді тамшылатып суару технологиясымен баптаймыз. Содан бері бақ өсірудің тиімділігі артты. Бағымызда алманың гала, голден, ред делишес, ред джонапринц, фуджи сорттары өсіріледі. Ерекше күтімнің нәтижесінде жылдан-жылға өнім көлемі артып келеді», дейді «Unifruit» ЖШС директоры Олжас Шарафиев.

см

Алма бақты қажетті құрыл­ғы­­лар­мен қамтамасыз ету үшін ком­­па­ния үлкен тәуекелдерге ба­рып, елімізде ең алғашқы болып шпа­­лер­лі бағаналар шығаруға бел буған.

Осы күні интенсивті бақ өсіретін шаруашылықтардың алқаптары арнайы тормен қапталғанын көреміз. Бұл тор ағаштардың жемістерін құстардан, бұршақтан, желден сақтайды. Ал тор мен оны орналастыратын бағаналарды компания өзі өндіріп, отандық өнеркәсіпке тың жаңалық енгізді. Кәсіпорын Еңбек­ші­қазақ ауданы Есік қаласында орналасқан.

«Unifruit Production» – елімізде қарқынды бақтар мен жүзімдіктерге арналған торлы жүйелерді салу бойынша кешенді шешімдерді ұсынатын өндірістік компания. Италиялық технология бо­йынша Орталық Азия нарығындағы темірбетон бақша торының жалғыз өндірушісіміз. Тордың жоғары сапасына қол жеткізу үшін Италияның ең озық технологиясын таңдадық. Ол 1968 жылдан бастап алдын ала кернелген темірбетон конструкцияларын жасауға арналған жабдықты өндірудің шебері саналады. Клиенттер тізімінде «Valente Spinazze» компаниясы және тағы басқалар бар. Біздің компания Орталық Азиядағы осы өндіріс технологиясының эксклюзивті құқық иесі болып есептеледі. Сондай-ақ «Unifruit» компаниясы Алматы облысында 100 гектардан астам аумақта қарқынды бақтар салу бойынша өз жобаларын іске асыр­ды», дейді серіктестіктің инженер-тех­нологі және цех басшысы Дәуренбек Қоразов.

Жоғары сапалы материалдарды пайдалана отырып, қарқынды бақтар мен жүзім­діктерге арналған қорғаныс құры­лыс­тары бөлігінде кешенді шешімдерді іске асыруды мақсат еткен компания алдын ала кернелген бетон торларын,  бұршаққа қарсы торды және басқа материалдарды өндіру және жеткізумен айналысып келеді. Соны­мен қатар көгалдандыруды қолжетім­ді ету және еуропалық технология­ларды әзірлеу мен оны енгізу арқылы бағбандар­дың мол өнім алуын қамтамасыз ету компанияның басты мақсатына кіреді.

«Уақыт талабына сай италиялық өндіріске негізделген интенсивті бау-бақша өсіру технологиясы бойынша шпалерлі бағаналар керек болды. Бұл бағаналар Қазақстан нарығында жоқ, шетелде, яғни Италияда ғана болған­дықтан компания жетекшілері осы өндірісті алып келіп, іске қосуға шешім қабылдады», дейді компания өкілі.

см

Алдын ала кернелген бағаналардың өлшемі әртүрлі, ұзындығы 5 метрден төмен қарай кез келген өлшемде шыға­ры­лады. Ал автоматтандырылған желі тұтас­тай алғанда 65 метр ұзындықта өнім шы­ғарады. Дайын болған өнімді қарқын­ды бақ технологиясы бойынша белгілі арақа­шықтықта жерге қадап, орналастырады. Оны бақтарға ғана емес, егіс алқаптарын, жол жиегін қоршауға да пайдаланады.

Бес жылдан бері іске қосылған бірегей өндіріс ошағында екі желі жұмыс істейді. Онда тәулігіне 5 200 метр шпалерлі бағаналар дайындалады.

Сапалы отандық өнімнің қолдану аясы да кеңи түскен. Мысалға айтар болсақ, Үлкен Алматы айналма ақылы жолының 150 шақырымын қоршап шығуға осы компанияның өнімі қолданылған екен. Сол себепті, ұзындығы 250-270 өлшемдермен бағаналар өндіру жолға қойылған.

«Біздің бағаналардың көлденең қиғандағы өлшемдері 70*80 мм, 90*90, 5 мм және 95*120 болып үшке бөлінеді. Материалға (құйматасқа, арматураға) алдын ала кернеу үрдісі қазіргі заманғы құрылыстың әртүрлі темір-құйматас құрылымы мен бұйымында, сондай-ақ металл құрылымдарында кеңінен қолданылады. Әдетте темір-құйматасты алдын ала кернелген құрылымдарда құйматас сығылады да, арматура созылады. Мұның нәтижесінде арматуралық болаттар 70 пайызға дейін үнемделіп, құрылымның беріктігі артады. Темір-құйматасты алдына ала кернелген құрылымдарды үй мен инженерлік құрылыстарда, көбіне көпірлерде пайдалану тиімді. Баққа пайдаланудың да мақсаты сол, жауын-шашынға қарсы материалды осы бағаналардың үстіне тартып қояды, оның үстіне салмақ түскен кезде бәріне шыдас беріп, көтеріп тұрады. Майысқанда сынып кетпес үшін алдын ала кернеулік құйылады», дейді инженер-технолог Д.Қоразов.

Италиялық технологияның іске қосылғанына бес жыл болған. Осы уақыт ара­лығында қалыптасқан 2 желіде 30 шақты адам тұрақты еңбек етіп жатыр. Олар­дың барлығы да жергілікті ауыл азамат­тары. Өндіріске қажет шикізат – қиыр­шық тас, құм, цемент отандық болға­нымен, металл тапшылығы барын жасырмады. Оны кәсіпорын Ресейден алады.

Компания осы күні еліміздің оңтүс­тік өңірлері мен Алматы қаласынан тұрақты түрде тапсырыстар қабылдап жүр. Сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстаннан да сұраныс артып, та­уарлар кідіріссіз жөнелтіліп жатыр.

Алдын ала кернеулі бағана шығару­дың шебері болған кәсіпорын келешекте өнім көлемін ұлғайтумен қатар, темірбетон конструкциялардың түрін көбейтіп, кеңейтіліп жатқан 3-жүйені іске қосуды жоспарлап отыр.

 

Алматы облысы