Қоғам • 30 Сәуір, 2024

Русия һәм көшпелілер

33 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «AmalBooks» баспасынан шыққан Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілер» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек алғаш рет 1916 жылы Лондон мен Нью-Йоркте жарық көрген.

Русия һәм көшпелілер

Кітапта 1905 жылғы Орыс-жа­пон соғысы өршіп тұрған кезең бей­­не­ле­неді. Сол кез­дегі қа­зақ да­ласында ор­на­ласқан ке­ніш­тердің бірін сатып алған бри­тан тау-кен инженері, «Спасск мыс кен­­­дері» кәсіп­ор­­­нының бас­қарушысы Нель­сон Феллдің да­ла өл­кесінде өт­кен жылдары баяндалады. Естеліктер қара­пайым баяндау тілімен жазылған. Дала халқының ерекше болмысы, табиғатпен үй­лесімде өмір сү­руі, риясыз пейілі, дәстүрді сақ­тауы Батыс өр­кениетінің өкі­ліне ерекше тартымды кө­рінген, қызықты әң­гімелеріне ар­қау болған. Ав­тордың көрген-білгендерін сол кездегі көшпелілердің тұрмысын егжей-тегжей танытатын этножазба деуге болатындай.

– Кітап үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені қазақтардың этнография­сын зерттеуші немесе саяхатшы емес, менеджер ойы бар адам жазғанын өте сирек кездестіреміз. Егер натуралистің қазақ даласына сапары туралы жазбаларында табиғаттың көркем сипаттамасын, құстардың түрлерін, киіз үйдің құрылысын жиі кездестірсек, онда Фелл өзінің мыс балқыту зауытының орыс және қазақ жұ­мысшыларымен практикалық мін­дет­терді қалай шешетініне, жер­гілікті жерден қаражатты қалай табаты­нына немесе шахталарды қалай сатып табатынына назар аудартқан. Бұл сол кез­дегі ауқатты қазақтар ара­сын­дағы ахуал мен этикет нормаларын жақ­­сы түсінуге мүмкіндік береді, – дейді еңбекті аударуға атсалысқан «AmalBooks» баспасының басшысы Бақыт­жан Бұхарбай.

Ең қызығы, Нельсон Фелл алғаш рет 1902 жылы қазақ даласына ат басын тіреп, 1909 жылға дейін лайық­ты байлық жинай алған. Кейбір дерек­көздерге сәйкес, айына 640 мың доллар пайда тапқан.