Халық • 01 Мамыр, 2024

Достық дәнекері

58 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз зайырлы мемлекет ретінде қазақ жеріндегі түрлі этностардың еркін өмір сүріп, дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен ділін сақтауға еш шектеу қойған емес. Алматыдағы Достық үйінің дәнекер болуымен олар ұдайы бас қосып, түрлі іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Миллиондар тоғысқан мегаполис – қаншама ұлт пен ұлысты бөле-жармай бауырына басқан киелі тұрақ.

Достық дәнекері

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Рухани байланыстардың ортақ алаңына айналған Достық үйінде 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар мұнда тіл үйреніп, түрлі іс-шара ұйымдастырады. Арнаулы үйірмелер арқылы өнерлерін шыңдап, этностарды өзара ынтымаққа ұйыстыратын маңызды жобалар қолға алынған. Биылдың өзінде бірнеше бастама қанат қағып отыр. Атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ба­лалар әдебиетінің бәйтерегі» атты та­нымдық іс-шара Жазушылар одағы­мен бір­лесе ұйымдастырылған. Мазмұнды кеште түрлі этнос өкілдері арасында жазушы шығармалары насихатталып, қаты­су­­шылар қаламгердің өміріне қа­тыс­ты қызықты деректерге қаныққан.

«Татулық бесігіне айналған Қазақ­станы­мыз – ынтымақ пен ырыс мекені. Еркін елдің ер­теңіне баланатын жасөспірімдеріміз қа­зақ халқының дәстүрін, тілін меңгеруге ынта танытатыны байқалады. ҚХА бастамасымен қазақ тілін үйренуде нәтижелі жұмыс жүр­гізіліп келеді. Бейбітшілік, бірлік, этнос­тардың өзара сыйластығы мен дос­тығы – тұрақты дамып келе жатқан Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Оны сақтауға бар күш-жігерімізді біріктіру – бәрімізге ортақ міндет», дейді «Үйде сөйле» жобасының негізін қалаушы, ҚХА мүшесі Александра Мыскина.

Қазақстан халқы Ассамблеясына қарас­ты этномәдени бірлестіктер мемлекет өміріндегі кез келген іргелі істе бой көр­сетіп жүр. Айталық, елдегі су тасқыны кезеңінде қиындықта қалған өңірлерге олар да өз әлінше қолұшын созды. Алматыдағы этномәдени бірлестіктер апат аймағына 30 тоннадан аса гуманитарлық көмек жол­да­­ды. Әлі де құрылыс материалдары мен аса қажетті заттар тиелген бірнеше жүк кө­лі­гін жөнелтпек.

«Елдігіміз қиын кезеңде сыналады. Ба­тыс­тағы, солтүстіктегі отандастарымыз бас­па­насынан айырылып, тосын апатқа тап болғанда қарап отыра алмадық. Ауқат­­ты азаматтарымыз бастап, ел аға­ла­ры қостап, көмек көрсетуге асықты. Ақ­са­қал­­­дарымыз, зиялыларымыз осы іске бас­­­тамашы болды. Бірлігімізді осындай қысылтаяң сәтте көрсетпесек, қашан көр­се­теміз. Президентіміз алға қойып отыр­ған «Бір ел, бір халық», «Адал азамат» тұжы­­­рымдамасындағы бастамалар – бізді бір арнаға тоғыстыратын, бірлігімізді арттыра түсетін ұстанымдар. Жастарымызды еңбек­сүйгіштікке, отансүйгіштікке баулуға, олар­дың рухани тәрбиесін өрістетуге бағыт­тал­ған жұмыстарға маңыз беріп отыр­мыз», дейді Қазақстан ұйғырлары этно­мәдени бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай.

Этномәдени бірлестіктер еліміздегі этнос­тардың азаматтық және мәдени ортақ­тығын, қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлігін нығайтудың маңыз­ды институтына айналып келеді. Олардың қабырғасынан қанат қаққан жобалар тиімділігін көрсетіп отыр.

– Этномәдени бірлестіктер қызметінің бірегей мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, азаматтардың саяси-құ­қықтық мәдениетін қалыптастыруға қатысу, Қазақстан халқының дәстүрін, тілі мен мәдениетін ілгерілету және дамыту. Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында, Ұлттық құрылтай отырыстарында және Қазақстан халқына Жолдауында айтылған идея­лары – Достық үйлері жұмысының мақсат-міндеттерін қалыптастыру кезінде негізгі тірек әрі бағдар. Этномәдени бірлестіктердің қызметі мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қазақ тілінің рөлін біріктіретін заңдар мен саяси институттарды құрметтеу, «Әділет­ті Қазақстан – Адал Азамат» идея­сын ұс­тану, ортақ мәдениет, ортақ тарихи сана қалыптастыру сияқты маңызды қағи­даттардан құралған. Бүгінгі таңда ЭМБ өз қызметінде қоғамдық келісім мен жал­пы­ұлттық бірлікті нығайтудың жаңа тетіктерін дамыту, этносаралық өзара іс-қимыл арналары мен алаңдарын кеңейту, қазақ халқының Қазақстан халқы бірлігінің тарихи, саяси және мәдени өзегі ретіндегі интеграциялық рөлін нығайту сияқты аса маңызды мақсаттар мен міндеттерді іске асырады, – дейді МАМ ЭҚДК рес­публикалық Достық үйінің қызметін қам­тамасыз ету басқармасының басшысы Нұрсәуле Альтекова.

Этномәдени бірлестіктерге қарасты жас­тар ұйымдары волонтерлік бастамаларда ұдайы бой көрсетеді. «Таза Қазақстан» акциясында олар мыңнан аса көшет отырғызып, саябақтар мен алаңдарда таза­лық жұмыстарын жүргізген. Жастар ара­сында дәстүрлі түрде өтетін мәдени байқаулар кең өріс ала бастаған. Мәселен, биыл мұндай ондаған іс-шара өткізіліпті.

«Қазақ пен қырғыз – тарихы теңіз, тамыры егіз халықтар. Бауырлас елдердің бірлігін насихаттайтын мәдени іс-шаралар бірлестікте ай сайын өтіп тұрады. Жамбыл мен Тоқтағұл, Сүйінбай мен Қатаған секілді жыр алыптарының мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында жыр сайысы өтті. Одан бөлек, биыл Алматыда өткен «Адамзаттың Айтматовы» атты әдеби кешке еліміздегі барша этномәдени бірлестік белсене қатысты. Сондай-ақ «Әуезов және Айтматов: қырғыз-қазақ руханиятының алтын діңгектері» атты халықаралық конференция бірнеше елдің ғалымдарын тоғыстырған игі басқосу болып, әдебиет пен мәдениеттің маңызды мәселелері сараланды», дейді «Мұрас» қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Манас Ташыбеков.

«Барбанг» күрдтер қауымдастығының мүшесі Мурад Смайлов Қазақстан ха­лық­тарының ынтымақ күні барша этнос өкілдері асыға күтетін, өздерінің дәстүрі мен мәдениетін, өнерін паш ете­тін айрықша мереке екенін айтады. Қазақ­станның «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығы, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдері де бұл күнге қызу дайындалған. Биылғы мерекеде олар су тасқыны болған аймақтарға қолдау көрсету мақсатындағы іс-шараларға басымдық берілетінін айтады.

 

Алматы