Қоғам • 02 Мамыр, 2024

«Жергілікті әкімдіктер елді дүрліктірді»: Депутат су тасқыны үшін кімдерді жазалау керек екенін айтты

64 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Абзал Құспан биылғы су тасқынының алдын алмағаны үшін жауапты шенеуніктер неге жазаланбағанын білмекке Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

«Жергілікті әкімдіктер елді дүрліктірді»: Депутат су тасқыны үшін кімдерді жазалау керек екенін айтты

Фото: gov.kz

«Биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады. Алайда осы кезге дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады», деді Абзал Құспан.

Мәжілісмен су тасқынына байланысты мамандардың болжамын елемеген жергілікті атқарушы органдар тасқын тақағанда дүрбелеңге салынғанын айтты. Депутат кінәлілерді жазаға тартуды ұсынды.

«Әбден тақағанда жергілікті атқарушы орган дүрбелеңге салынып, бүкіл елді дүрліктіріп, жан-жақтан техника мен еріктілерді алдыртты, су деңгейі 10 метрден асып кетеді деп бөгеттер тұрғызды. Адамдарды шұғыл эвакуациялады, Қазақстанды айтпағанда шетелден гуманитарлық көмектер алдырды. Нәтижесінде келген судың максималды деңгейі 8 метр 64 см құрағанын көріп отырмыз. Бұл салғырттыққа және келген шығындар үшін жауапты шенеуніктер заң алдында жауап беруге тиіс», деді депутат.

Халық қалаулысы Орал да 2011 жылы суға кетсе де тағы сол аумақтан учаске берілгенін сынады.

«Толықтай суға кеткен «Нұрлы жер» ауданының схемасы өте қарабайыр, бірақ ол ондаған жылдар бойы еш кедергісіз жұмыс жасап жатыр, әкімдікке жақын пысықтар мен пысықайлар гектарлап тегін жер алып алады да, қара халыққа он сотықтан бөліп сатады, болды. Нәтижесінде, жергілікті әкімдік қызметкерлері сол жерді бөлу мен берудің «қызығын» көреді, қарапайым халық зардабын тартады, ал барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Отыз жылғы ескі схема қашанғы жалғаса бермек?!», деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.