Құқық • 03 Мамыр, 2024

Жұртшылық ұсынысы жерде қалмайды

112 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», деген болатын.

Жұртшылық ұсынысы жерде қалмайды

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осыған орай ұзақ та кеңінен талқы­­лаудан кейін 2023 жыл­ғы 2 қазанда қабыл­данған «Қазақстан Республика­сының кейбір заң­­намалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкім­шілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң арқылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске алғаш рет петиция ұғымы енгізілді. Онда: «Петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi жəне атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген жəне осы Кодексте белгіленген тəртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс», деп көрсетілді. Бұл заң нормасы биылғы 1 сәуірден бастап күшіне енді.

Осы орайда бір ескеретін жайт, «Әр кәллада – бір қиял» дегендей, пети­ция заңдастырылды екен деп оған кез кел­ген мәселені арқау етіп, «буынсыз жер­ге пышақ ұруға» болмайды. Себебі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс­тің 90-2-бабының 3-тармағында конс­титуциялық құрылысқа, қоғамдық тəр­тіпке, халықтың денсаулығы мен иман­дылығына нұқсан келтіруі мүмкін мəсе­лелер, еліміздің бiртұтастығы мен аумақ­тық тұтастығын, оны басқару нысанын, ел Президенті жеті жыл мерзімге сайланады жəне бір адам бір реттен артық Мемлекет басшысы болып сайлана алмайды деген ережені өзгерту, республиканың əкімшілік-аумақтық құрылысы мен мемлекеттік шекарасы, сот төрелігін жүзеге асыру, прокура­тура органдарының заңдылықтың сақта­луын жоғары қадағалауы, құқық қорғау қызметі, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және азаматтық заңнама, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік жəне қоғам­дық тəртіпті сақтау, Президенттің, Пар­ламент Палаталары мен Үкіметтің қарауына жататын адамдарды лауазымы­нан босату, халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді орындау мəселелері, сайлау жəне республикалық референдум туралы заңнамада реттелетін мəселелер, мемлекеттік рəміздер, мемлекеттік тілдің мəртебесі, мемлекеттік органдардың құзыретін, өкілеттіктерін, функциялары мен міндеттерін өзгерту, төтенше жағдай жəне төтенше ахуал режімдерінің қолданылуы аясында қабылданатын шешімдердің күшін жою туралы мəсе­ле­лер петицияның нысанасы бола алмай­тындығы атап көрсетілген.

Петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастыру үшін оған он жұмыс күні ішінде электрондық нысанда жəне жиырма жұмыс күні ішінде жазбаша түрде кемінде елу азамат қосылуы қажет. Олар мұны интернет-ресурста электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе жазбаша түрде куəландыра оты­рып жүзеге асырады. Петиция интер­нет-ресурста еркін қолжетімді етіп орна­ластырылған кезден бастап алты ай ішінде оған өзге азаматтардың қосылуына болады. Бұл ретте Үкіметтің құзыретіне жата­тын мәселелер бойынша оны қолдау­ға Қазақстан азаматтарының кемін­де елу мың даусына, облыстардың, респуб­ли­калық маңызы бар қалалардың, астана­ның жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде екі пайыз дау­сына, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде бір пайыз дау­сына, қалалық, аудандық жергілікті өкілді органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда – кемінде бес мың дауысқа, қалғандары үшін – халық санының кемінде он пайызына, аудандардың, облыс­тық маңызы бар қалалардың жергі­лікті атқарушы органдарының, респуб­ли­калық маңызы бар қалалардағы, астана­дағы аудандардың, облыстық маңы­зы бар қалалардағы аудандардың әкім­де­рі аппараттарының, аудандық маңы­зы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттер­дегі, ауылдық округтердегі әкімдер аппараттарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда – кемінде екі мың бес жүз дауысқа, қалғандары үшін – халық санының кемінде бес пайызына ие болған петиция қолдау тапқан болып есептеледі. Заңнамада көрсетілген шекті мәнге жетпеген петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай өткен соң арыз иесіне қайтарады. Дегенмен мұндай пети­цияға да ден қойылып, ол тиісті мемле­кеттік органға, жергілікті өкілді немесе атқарушы органға жіберіледі және хабар, үнқосу немесе ұсыныс ретінде қаралады.

Ал заңнамада белгіленген тəртіппен берілген петиция міндетті түрде қаралуға жатады. Оны қарау кезінде орталық мем­лекеттік орган құрамына мүдделі мемле­кеттік органдардың өкілдерін, Парламент пен мəслихаттардың депутаттарын, арыз иесін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құруға, петицияға қатысты келіп түскен пікірлерді, экономикалық, əлеуметтік, статистикалық жəне өзге де ақпаратты талдауға, заңнамаға өзге­ріс енгізу талап етілген жағдайда халық­аралық тəжірибені зерделеуге міндетті. Петицияны қарау нəтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергiлiктi өкiлдi органның төрағасы оны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы және қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабыл­дай­ды. Мұндай шешім арыз иесінің жəне пе­тицияға қосылған Қазақстан азаматтарының қабылданған шешімге шағым жасау құқықтары бар екендігі айтыла отырып, олардың дəлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс. Петицияны қарау нəтижелері бойынша орталық мем­лекет­т­ік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергiлiктi өкiлдi органның төрағасы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.

Әзірге «e-Petition» сайтында 2 петиция жарияланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 18 жас­тан асқан екінші топтағы мүгедектігі бар балаларды күтіп отырған ата-аналар жолдаған петицияда: «Бүгінгі күні Қазақстан заңнамасына сәйкес 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдардың күтімі үшін ақшалай төлемді тек бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын тұлғалар ғана ала алады. Алайда пси­хо­неврологиялық және психикалық ауруларға ұшыраған екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар да тұрақты күтім мен бақылауды қажет етеді. Біздің балаларымыз дәрменсіз, басқа адамдармен тіл табыса алмайды, тіпті кейбіреуі санауды және жазуды үйренсе де, қоғам ережелері бойынша өмір сүруге қабілетсіз. Олар тамақ әзірлей алмайды, кейбірі өз бетімен тамақ іше де алмайды. Ақшаның мәнін түсінбегендіктен, ештеңені сатып ала алмайды. Өз бетімен дәрі-дәрмек іше алмайды. Яғни олар қарапайым болып кө­рінетін істерді істеуде де біздің көмегімізге мұқтаж. Олар физикалық қана емес, мо­ральдық қолдауды да қажет етеді. Біз өз баламызды өмір сүруге бейімдеу үшін тәулік бойы оның жанында болып, жағдайын жасауымыз керек. Мұндай балаңның болуы – оның қиналғанын, қабілетсіз екенін көріп, жаныңды жеген уайыммен өмір сүру. Бізге мемлекеттік қолдау қажет. Өйткені біз балаларымызды бағып-қағу кезінде жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан зейнетақы жарналарын және медициналық сақтандыру аударымдарын төлеуге мүмкіндігіміз жоқ. Бұл мәселе тез арада шешімін табуды қажет етеді. Психикалық және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды күте­тін тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары төлене отырып, олар ақшалай төлемдер алуы керек деп есептейміз. Осы мәселе оңынан шешіл­ген көршілес елдердің тәжірибесін ескерулеріңізді сұраймыз», делінген. Ал Ақмола облысының Степногор қаласы әкімінің аппаратына жолданған екінші петицияда Ақсу мен Заводской кенттерінің бас жоспарлары кезінде жергілікті тұрғын­дардың пікірлері ескерілмей қабылдан­ғандығы себепті олардың күшін жою және жаңаларын жасау талабы қойылыпты.

Осылайша, отандастарымыз елімізді одан әрі демократияландырып, мықты азаматтық қоғам құруға бағытталған маңыз­ды заңнамалық қадам саналатын петиц­ия институтын пайдалануға кірісіп жатыр.