Пікір • 04 Мамыр, 2024

Құндылықтардың демографиялық ахуалға әсері бар

162 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі этностық, мәдени, діни әртүрлілік – саяси тұрақтылық үшін жауапты сын. Мемлекеттің тұрақтылық, бірлік, ұлттық идеология сынды мәселелері азаматтық татулық пен этносаралық келісіммен өлшенеді. Құндылықтар мен демографиялық ахуалдың арасындағы байланыс жан-жақты байыпталуы керек.

Құндылықтардың демографиялық ахуалға әсері бар

Фото: yassy-tur.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайдың ұлт ұясы Ұлытауда, киелі Түркістанда, аңыз Атырауда өткен отырыстарында да ұлттық құндылықтардың маңызын ерекше атап өтті. Биылғы басқосуда ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Еліміздің жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ашық айтылды. Өйткені қоғамдағы түрлі күрмеулі мәселелер, халық­тың арасында жиілеп кет­кен зорлық-зомбылық, жемқор­лық фактілерінің салдары ортақ құндылықтардың өзекті­лігін арттырып отыр. Осы тұр­ғыдан алғанда «ұлт қалыптас­тыру – nation building» үрдісі жалпыұлттық, адами құнды­лықтардың негізінде жүретінін ескерген Президент әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деді. Сондай-ақ ол «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – үштағанын озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болатынын, балалар мен жастарды қалыпты тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керектігін ерекше атап өтті.

Қазақстан қазір өтпелі кезең­де тұр. Осы ретте халықтың поли­этностық құрамы мен демо­гра­фиялық даму мәселелерін қа­рас­тыру қажеттілігі туындайды.

Дамыған елдерде демо­графия­лық ахуал ұлттық қауіп­сіздіктің бір бөлігі ретінде есеп­теледі. Ал бізде көбіне гендер­лік және отбасылық саясат тұ­жы­рым­да­масы аясында қол­данылады. Соң­ғы демографиялық саясат тұжы­рымдамасы күшін 2011 жылы жой­ды. Әлемде халық санағы он жыл­да бір рет өткізіледі. Осы есеппен, тәуелсіз Қазақстанда Ұлттық ха­лық санағы үш рет өткізілді. Олар 1999, 2009 және 2021 жылдары.

Халық санағының ақпарат көзі ретіндегі басты артықшы­лығы – халықтың этностық құра­мын мен этностық топтар­дың жас құрылымын және отбасы мөлшерінің анықталуы. Санақ қорытындысы халық­тың перспективалық репродук­тивті мінез-құлқын бағалауға да мүм­кіндік береді. Ал Құрыл­тай­да Мемлекет басшысы ұсын­ған жалпыұлттық құндылық­тар­дың нақты тізімі: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік жә­не ынтымақ, әділдік және жауап­кершілік, заң және тәртіп, еңбек­қорлық және кәсіби білік­тілік, жасампаздық және жаңа­шыл­дық қоғамда бүкіл еліміздің және әрбір азаматтың мүддесін тоғыс­ты­ра­тын прогрессивті мінез-құлық үлгі­лерін қалыптастыруды көздейді.

Этносаралық қатынастар саласын бағалау мәселелерінде де этнодемографиялық жағдай маңызды параметрлердің бірі болып есептеледі. Дерекке көз салсақ, 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады. Елде 124 этностық топтың өкілдері тұрады. Ал 2009-2021 жылдар­дағы санақаралық кезеңде қазақтар саны 33,7%-ға (үлес салмағы – 70,4%), өзбектер – 33,4%-ға (үлес салмағы – 3,2%) өсті, орыстар саны 21,4%-ға (үлес сал­мағы 15,5%) төмендеді.

Табиғи өсімнің жоғары деңгейі елімізде халық санының екі жыл ішінде 1 млн адамға ұлғаюына әкелді: 2023 жылғы 14 қарашада халық саны 20 миллион адамға жетті. Халықтың деректер базасының көрсеткіштері­не сәйкес, былтыр 14 қараша­да таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болды. Еліміздің мерейтойлық азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл мен 2 қыз бар.

Қазақтар мен басқа да азиялық этностардың (өзбек, дүнген, күрд, тәжік, ұйғыр, түрік) демографиялық әлеуе­ті еуропалық этностық топтардан әлдеқайда жоғары. Еуро­палық этностар арасында халықтың қартаю деңгейі азиялық этностық топтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Ел аумағында тұратын негізгі этностық топтардың арасында халық санағының деректеріне сәйкес, халықтың қартаюының ең жоғары деңгейі украиндарда (23,4%), поляктарда (18,1%) және орыстарда (17,4%) байқалады.

Қазақтар салыстырмалы түрде жас этнос. 65 жастан ас­қан егде жастағы азаматтардың үлес салмағы халықтың жалпы санының 5,5%-ын, ал жастар­дың үлесі 28,8% құрайды. Ал тәжіктердің (35,7%), түріктер мен күрдтердің (33,8%) 1/3 бөлігінен астамы жастар, дүнгендердің (32,1%) және өзбектердің (32,0%) 1/3 бөлігіне жуық жастар. 15-34 жас тобындағы жастардың ең азы украиндарда (18,8%), поляктарда (23,2%) және қырғыздарда (23,6%).

Санақаралық кезеңде отбасылар саны 38,7%-ға өсті, алайда отбасы көлемі 3,5-тен 3,2-ге дейін азайды. Санақ қорытындысында отбасылар саны – 5 578 947, оның ішінде балалары бар отбасылар саны – 3 633 869, 10-нан астам баласы бар отбасылар саны – 163. Екі адамнан тұратын отбасылар – 41,2, үш адамнан – 27,6, төрт адамнан – 14,9, бес адамнан – 8,2, алтыдан – 4,5, жетіден – 1,7, сегізден – 0,8, тоғыздан – 0,4, оннан және одан да көп адамнан 0,7 пайызды құрайды.

Халық санағының қоры­тын­дысы көрсеткендей, еліміздегі әйелдер біртіндеп аз бала тууға көшкен. 15-49 жас аралы­ғын­дағы 1 024 911 әйел балалы болуды жоспарлап отыр. Бұл осы жас тобындағы барлық әйел­дің 22,6 пайызын құрайды. Бала­лы болуды жоспарлайтын әйел­дердің арасында көпбалалы болғы­сы келетіндердің үлесі өте төмен.

Жас топтарының ішінде балалы болуды жоспарлаушылардың ең көп үлесі –35-39 жас тобы. Олар 1982-1986 жылдар аралығында санақ кезінде туған әйелдердің ұрпағы, ең кішісі – 45-49 жас тобында (7,1%), себебі, осы жас тобында әйелдер негізінен репродуктивті функцияларын аяқтайды. Болашақта бала туудың төмендеуіне 15-19 жас және 20-24 жас топтарында бала тууды жоспарлаудың салыстырмалы түрде төмен деңгейі ықпал етеді.

Бұдан қоғамда, әсіресе қазақ­тардың арасында отбасы, бала құндылығы мен рөлінің шегеріліп, отбасы және неке институтында трансформация жүріп жатқанын байқаймыз. Ал мемлекетіміз демографиялық тұрғыдан қарағанда жас мемлекеттер санатына жатқанымен, халықтың қартаю үдерісі де кең етек жайып отыр.

Осы және басқа тұрғыдан алғанда жалпы адами құнды­лық­тардың, соның ішінде дәстүрге негіз­делген құндылықтарды наси­хаттау маңызы алға шығып отыр. Бұл «Елдігіміз – бірлікте» қағи­да­тын жүзеге асырудың және поли­этностық қоғамда тәртіп пен тұрақ­тылықты дамытудың не­гізі әрі болашақ демографиялық тұ­рақ­тылығымыздың кепілі болады.

 

Аяулым САҒЫНБАЕВА,

демограф-сарапшы