Таным • 06 Мамыр, 2024

Атауы сұсты болғанмен...

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Табалдырықтан асыға ат­таған жиен бұйымтайын айта жө­нелген. «Жігіт сұл­таны» бай­қауына қатыспақ екен. Бай­қауда «Өзін-өзі таныстыру», «Өнер алды – қызыл тіл» деп аталатын бөлімдері бар екен. Соған сөз жазып беруім керек.

Атауы сұсты болғанмен...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Алла аузыңа салғанын айта бер­мейсің бе? – дедім мен, – менен гөрі өзіңді-өзің жақсы білесің ғой.

– Жоқ, нағашы, аузыма сөз түспей абдырап қаламын, – деді жиен.

Басқа шаруаны жиып қойып, жиеннің өтінішін орындауға кірістім. Шамасы белгілі ғой. Нағашыларына тартпай туған.

Тапсырмасын тап-тұйнақтай орын­­даған соң байқаудың жай-жапсарын сұрамаймын ба, сөйт­сем қатысатын балалардың бәрі сахнада айтатын сөздерін былайғы ағайынға жаздырып алады екен. Бола­шақ сұлтандардың сыбағасы өзгенің өзегін жарып шыққан сөзді нәшіне келтіріп айту ғана.

– Шынымен солай ма? – деп тәп­тіштеймін ғой.

– Әлбетте, нағашы, – дейді «болашақ сұлтан».

Кейін ойлаймын, сұлтан деген айбарлы атауды аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен осыларға қор қылғанша, байқаудың атауын жігіттер сайысы дей салсақ қайтер еді. Қазақы ұғымның ұңғысында, жігіттің өзі кез келген бозөкпеге айтыла бермейтін сөз ғой. Ілкідегі қазақ әлдекімнің шаруасына тәнті болғанда, «әй, шіркін, жігіт-ақ екен» деп ризашылығын білдіріп отырмау­шы ма еді?

 

Көкшетау