Таным • 09 Мамыр, 2024

Момышұлының тактикасы

180 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мектеп жасында алғаш оқыған кітабымның бірі – батыр Бауыржан Момышұлы туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогі еді. Қазір Бәукең жөнінде қаншама зерттеу бар, ал біз өмір сүрген кеңес кезінде ол кісі хақында халық айтпаса, ресми орындар көп насихаттамайтын.

Момышұлының тактикасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ақиқат пен аңыздан» соң батырдың өз кітаптарын және қазақ қаһарманы туралы жа­зылған Александр Бектің кіта­бын оқып, Екінші дүние­жүзілік соғыс шындығын там-тұмдап білдік. Біз «Азаттық» («Освобождение») атты көркем фильмді көргенді ұна­татынбыз. Осы қан майдан­дағы аталарымыздың (ішінде Әлия мен Мәншүктей апаларымыз да бар) бәрі біз үшін халық баты­ры еді.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өз еркіммен әскерге сұра­нып, Жамбыл қаласынан кеңес әскері қатарына алындым. Об­лыс орталығынан ұшақпен сол кез­дегі одақ астанасы Мәскеу қала­сына жеттік. Содан бізді Латвияның орталығына пойызбен алып келді. Ригаға жеткен соң сапаржайдан ауыр әскери машиналармен Адажидегі (Гауя өзенінің сол жағалауы) сержант даярлайтын әскери гарнизонға апарды. Мен сол жерде кеңес одағының түкпір-түкпірінен келген жоғары білімді азаматтармен 9-ротаға түстім. Ротада 104 сарбаз болдық. Арада төрт ай өткеннен кейін Рига қаласындағы Жоғары әскери оқу орнынан дәріс оқуға бір топ офицер келді.

пр

1985 жыл. Желтоқсан айы. Гарнизонның оқу залы. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Әске­ри дәріс басталды. Дәрісші – ма­йор шеніндегі офицер. Сабақ­қа кірісер алдында даусын кенеп қойып: «Араларыңда Қазақ­станнан келген азаматтар бар ма?» деп сұрады. Біз үш жігіт орнымыздан атып тұрдық. Біреуміз  Арқалықтан, екіншіміз Шым­кенттен дегендей, алдында танысып үлгергенбіз... Бұдан кейін әлгі офицер: «Іштеріңде Жамбыл облысының азаматы бар ма?» деп сұрады. Мен әскери тәртіппен «Дәл солай!» деп саңқ ете қалдым.

Сонда дәрісші майор: «Сіз даңқты атаңызды лайықты мақтан ете аласыз! Бүгінгі дәрісіміздің тақырыбы – «Бауыржан Момыш­ұлының тактикасы» деп, сабағын бастап кетті. Мен ғана емес, сол кезде жанымдағы екі жерлесім де қуаныштан төбеміз көкке екі елі жетпей тұрды. Елімізден 4,5 мың шақырым жердегі Балтық бойы жұртында тегі, есім-сойы бөлек кәсіби сардар біздің Бәукең – халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы және оның қол­басшылық шеберлігі жөнінде дәріс оқығалы тұр. Түсімізде емес, өңімізде!

«Бауыржан Момышұлының тактикасы – Жеңісті жақындатқан, қан майданда тәжірибе мен шеберліктен туған соғыс тәсілі...» деп бастады сөзін майор. Содан кейін Мәскеуді қорғаудағы жа­уапты кезеңді, қолда бар әскери техника мен сарбаздардың санын, сондай-ақ сол шешуші шайқасқа дейінгі соғыс амалдарын айта келіп, «Момышұлы тактикасы бұрын болмаған тәсілді жүзеге асырды. Бұл – әскери теорияны тәжірибемен жаңғыртқан тың, тосын қадам еді» деді.

Баяндамашы сол дәрісті тың­дап отырған бүкіл ротаның алдында тактиканың жоспарын, жүзеге асуын, нәтижесін тақ­таға сызып көрсетті. Осы дәріс үстінде қан майданда қа­зақ жауынгерлерінің абыройын көтеріп, даңқын асырған Б.Момыш­ұлы ерлігін естіп, құй­қа­мыз шымырлап, жүрегіміз дүрсілдеді.

Орыс офицері Бауыржан атамыздың шешуші соғыстағы сара жолын білгірлікпен, білік­тілікпен, тіпті адами-ұстаз­дық сүйіспеншілікпен түсін­дірді. Бұл жағдай роталас жолдас­та­ры­мыздың алдында беделімізді одан сайын асқақ­татып жіберді. Біз, Қазақ­станның үш сарбазы, отаншылдық сезіміміз оянып, көпке дейін марқайып жүрдік.

Әскерден келген соң, газет-журналдан Бәукеңнің азамат­тық ерлігі бейбіт заманда да жал­ғасқанын оқып-біліп, батыр­дың сан ғасырда бір туатын тұлға екеніне әбден көзіміз жетті.

 

Әуез БӘЙДІБЕКОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор