Ауыл • 09 Мамыр, 2024

Сағадат ауылы

63 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақтың барлық ауылы киелі. Алайда Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туған Еңбек ауылының жөні бөлек. Жақында Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы осы елді мекенге жолымыз түскен еді.

Сағадат ауылы

Биыл даңқты тұлғаның туға­ны­на 100 жыл толып отыр. Осыған орай батыр ауылына сапар шектік. Жолбасшымыз – Ақкөл ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Еркін Дәуешұлы. Ол кісінің жасы 85-те. Бірақ тың. Зердесі мықты. Осыдан 40-50 жыл бұрынғы оқиғаларды кеше көргендей айтып береді. Әсіресе Еркін ақсақал осы өңірден шыққан тұлғаларды ұлықтауға үлкен еңбек сіңіріп жүр. Мәселен, белгілі жазушы Жайық Бектұровтың есімін туған жерінде ардақтауға 17 жылын арнапты.

па

– Осы бағытта алдыма екі мақ­­­сат қой­дым, – дейді ақсақал.
– Бірі­н­­­­шісі – Жәкеңді елімен таныс­ты­ру, екіншісі – оның есімін ел есінде қалдыру. Осы тарапта біраз жұмыс істелді. Алдымен Ақкөл ауданы орталығынан жазушы атына көше берілді. Одан кейін аудан орталығындағы қазақ мектебі Ж.Бектұровтың есімімен аталды. Қазір бұл – Ақкөлдегі ең үлкен білім ордасы. Онда 800-ге жуық бала оқиды. Қарымды қаламгердің 105 жылдығы атап өтілді. Ал 110 жылдығы жоғары деңгейде тойланды. Оған Астана мен Қарағандыдан белгілі ақын-жазушылар келіп қа­тыс­ты. Осы іс-шаралар бір күнде іске асқан жоқ. Біраз жыл табанымнан таусылдым. Қаншама лауазымды шенеуніктің алдынан өттім. Ұсынысымды айттым. Бұған сол жыл­дардағы ауданды басқарған аза­маттардың қосқан үлесі мол, – деді қарт ұстаз.

Әңгіме жол қысқартады. Бұдан кейін қазыналы қарт армия генералы С.Нұрмағамбетовтің есімін туған жерінде ұлықтауға кіріскенін айтты.

– Туған ауылға жиі келемін. Арасында Бурабайға да жолым түседі. Сонда көлікте отырған серік­те­рімнен Еңбек ауылы тұсынан өтіп бара жатқанда «Бұл кімнің ауылы?» деп сұраймын. Көбі басын шайқайды. Сағадат ағаның ауылы екенін білмейді. Содан кейін осы ауылдың тұсына «Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туған ауылы» деп жазылған белгі қо­йылса деп ойладым. Осыны сол кез­дегі аудан басшысы Алпысбай Қайыржановқа айттым. Ол бірден қолдап, тасжолдың екі жағына ба­тыр­­д­ың есімі жазылып, суреті бей­не­ленген көрнекі билборд орнатып қойды, – деді ақсақал.

Сөйткенше біз де аталған бел­гі­нің тұсына келіп, Еңбек ауы­лы­на бұрылдық. Бұл елді мекен бас шаһардан 90 шақырым қа­­шықта орналасқан. Астана-Бурабай автобанының үсті. Сан түрлі көлік ағылып жатыр. Сондай-ақ ауыл жанынан «Астана-Бурабай» бағытындағы электр по­йызы жүреді. Көктемнің әсері ме, ауыл табиғаты ерекше. Құлпырып тұр. Дала гүлдерінің хош иісі мұрын жарады. Іргеден тып-тынық өзен ағып жатыр. Біз алдымен ат басын Мәдениет үйіне тіредік. Бұдан бір-екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен екі қабатты ғимарат көздің жауын алады. Ине-жіптен жаңа шыққандай. Осында Халық қаһарманының шағын му­зейі орналасқан. Мәдениет үйі­нің директоры Ақылбек Нұр­ма­ғамбетовтің айтуынша, музей 2020 жылы ашылған. Мұражай жәдігерге бай деу қиын. Ең құнды­сы – Кеңес Одағы Батырының «Ал­тын жұлдыз» медалі. Содан ке­йін со­ғыста тұтынған планшеті мен бел­беуі.

пн

Майор С.Қ.Нұрмағамбетов және капитан П.Ищенко. Берлин, 1945 ж.

«Қазір музей қоры толық­ты­ры­лып жатыр. Әзірге қорымыз аз. Соған қарамастан музейге келушілер көп. Бізде армия генералының әскери шеруге киетін киімі мен қысқы пальтосы сақталған. Сондай-ақ қайраткердің балалық шағы мен ерлік жолын бейнелеген суреттермен танысуға болады. Әсіресе соғыс аяқталғандағы Берлинде түскен фотоларынан көп сыр аңғарасыз. Сонымен бірге ол кісінің балалары, немерелерімен түскен отбасылық суреттері де бар. Көзі тірісінде батыр туралы біраз кітап жазылды. Газет-журналға да көп материал шықты. Соларды жинақтадық. Айтулы тұлға 2004 жылы 80 жасқа толғанда ауылға келді. Жерлестерімен кездесті. Ауыл өнерпаздары шағын концерт қойды. Соған ризашылығын білдірді. Осы кездесудегі суретін де іліп қойдық. Жыл басынан бері музейде түрлі іс-шара өтті. Оған мектеп оқушылары белсенді атсалысты», дейді ол.

С.Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда осы округке қарасты Қосым ауылында туған. Кезінде бұл жерді бір қауым ел мекендепті. Қазір көне жұрттағы ескі зираттар ғана сол дәуірден сыр шертіп тұр. Батыр ата-анасынан жастай айырылып, ағасы Сағиттың қамқорлығын көріп өседі. Болашақ генерал жасынан оқуға алғыр болады. Аудан орталығындағы мектепте оқиды. Екі сыныпты бір жылда бітіріп, озат оқушы атанады. Мектеп бітіргеннен кейін туған ауылында есепші, клуб меңгерушісі болып істеген. 1942 жылы 18 жасқа толғаннан кейін әскерге алынған. Түрікменстанда пулеметшілер дайындайтын училищені үздік тәмамдап, взвод командирі ретінде майданға аттаныпты. Біртуардың бұдан кейінгі өмір жолы жақсы белгілі. Сағадаттың ағасы Сағит та соғыс басталғанда әскерге алынып, майданда ерлікпен көз жұмған. Қазір осы ауылда ағасының ұрпағы тұрады. Бірақ біз олармен кездесе алмадық.

Халық қаһарманы туған жері­нен байланысын үзбеген. Елге келіп, жерлестерімен жүздескенді жақсы көріпті. Мұны бізге осы ауылдың үлкені Рамазан Көшенұлы есімді қария айтты.

«Әкем де 1941 жылы соғысқа кетіп, содан оралмаған. Осы ауыл­да тудым. Ұзақ жыл кеңшарда жұ­мыс істедім. Трактор жүргіздім. Сағадат аға елге жиі келуші еді. Дәмдес болдым. Өте кішіпейіл, сыпайы, адамгершілігі биік еді. Көп сөйлемейтін. Елдің жағдайын көбірек сұрайтын. Осында жақын туыстары болды. Солардың үйіне түсетін. Ағасы Сағиттың баласы Төлеген тұрды. Мәкен деген жақын ағасы бар еді. Ол кісі де соғысқа қатысқан. Соңғы рет 80 жасқа толғанда келді. Сонда бір дастарқанда отырып, әңгімесін тыңдадым. Балалық шағы туралы тағылымды естеліктер айтты. Сол есімде қалды. Ауылдағы ағайынға жанашыр болды», дейді ақсақал.

Еңбек ауылы ардақты азамат­тың жүзжылдық мерейтойына қызу дайындалып жатыр. Ауыл­да­ғы Мәдениет үйі қасында шағын гүлзар қанат жаяды. Оған 9 мамыр – Жеңіс күні батырдың ай­шықты бюсті қойылмақ. Бір бай­қа­ғанымыз, ауылдың іргесі берік. Үйлерінің сырты жұмырт­қадай, аулалары таза. Көшеде күл-қоқыс жоқ. Ауыл әкімі Асхат Мусин осы округке 2021 жылы басшы болып келіпті. Ол мерейтойға дайындық ерте басталғанын жеткізді.

«Еңбек – Ақкөл ауданындағы іргелі округтің бірі. Мұнда бас-аяғы 1054 халық тұрады. Сонымен қатар округке Рамадан, Табиғат деген ауылдар кіреді. Еңбектің өз басында 250-ге жуық үй бар. Сағадат атамыздың кіндік қаны тамған жер – Қосым ауылы. Қазір онда ел жоқ. Біз атамыздың ғасырлық тойына ерте қамдандық. Осыдан бір-екі жыл бұрын ауылдағы С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектеп пен Мәдениет үйі күр­делі жөндеуден өтті. Биыл ауыл ішіндегі жолды жөндеуге 280 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жақын арада жұмыс басталады. Одан кейін ержүрек жерлесіміздің есімі берілген көше жаңғыртылды. Былтыр көше тұрғындарының су құбырларына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл асфальт төсейміз. Барлық көше жарықтандырылды. Ауылда бос үй жоқ. Ауылымыз жыл санап көркейіп келеді. Жол қа­ты­насы жақсы. Әлі де атқаратын жұмыс көп. Атамыздың 100 жыл­дығы ауданда кең көлемде атап өтіледі. Соған үлесімізді қосуға дайын­далып жатырмыз», деді округ әкімі.

Оның айтуынша, ауылда 15-ке тарта шаруа қожалығы бар. Соның ішіндегі ең ірісі – «Еңбек» жа­уап­кер­шілігі шектеулі серік­тес­тігі. Бұл шаруашылық мал өсі­ріп, егін егеді. Ауыл тұрғын­да­рының 70 пайызға жуығы аталған серіктестікте жұмыс істейді.

Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшысы Келешек Әшімов оқу жылы басталғаннан бері армия генералының жүзжылдық мерейтойына орай білім ұйымдары арасында түрлі мәдени, танымдық, спорттық көптеген іс-шара өткізіл­генін тілге тиек етті. Атап айт­қан­да, барлық білім ордасында отансүйгіштік рухтағы тәрбие сағаттары мен тарих және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ара­сында семинар сабақтар ұйым­­­да­с­тырылған. Сондай-ақ мек­­теп оқушылары Астанадағы С.Нұрма­ғам­бетов атындағы әскери кол­ледж­­ге экскурсия жасаған.

Еңбек ауылындағы орта мектепке көрнекті әскери қайраткердің есімі 2021 жылы берілген. Мектеп директоры Мейрамбек Ерғанатұлы сол жылы білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілгенін баяндады. Екі қабатты еңселі ғимаратты Ха­лық қаһарманы атындағы мектеп деп ұялмай айтуға болады. Мұн­да оқу­шы­ларға барлық жағдай жа­сал­­ған.

«Облыстық бюджеттен күрделі жөндеу жұмысына 182 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сонымен қатар заманауи құрал-жабдық сатып алынды. Роботтехника каби­неті жабдықталды. Қазір мектепте 130 оқушы оқиды. 30 мұғалім қызмет істейді. Бәрі жоғары білімді мамандар. Орыс сыныбында 102, қазақ сыныбында 28 оқушы білім алады. Шындығын айтсам, қазақ сыныптарында бала өте аз. Бірақ қарап отырған жоқпыз. Ата-аналармен сөйлесіп, қазақ сыныптарын көбейтуді қолға алдық. Өкініштісі, осы ауылға көшіп келгендердің балалары бұған дейін орыс сыныбында оқыған. Содан соң орысшаға береді. Биыл Сағадат атамыздың жүзжылдығына байланысты мектепте түрлі іс-шара өтті. Сынып жетекшілері балаларға ерен тұлғаның өмірі мен ерлік жолын зерделеген тәрбие сағатын өткізді. Ауылдағы музейге экскурсия жасады. Аудан көлемінде біздің мектепте С.Нұрмағамбетов атындағы шахматтан турнир ұйым­дас­тырылды. Сондай-ақ оқу­шылар шағын футбол мен волейболдан жарысқа түсті. Енді білім ұясына даңқты жерлесіміздің шағын бюстін қоямыз. Оған тапсырыс берілді. Оны 25 мамырда ашамыз деп жобалап отырмыз», деді мектеп директоры.

Армия генералының ауылында болған екі-үш сағат ішінде біраз нәрсені байқадық. Ауылда тұрақты даму бар. Әскери тұлғаның ме­рей­тойы аясында атқарылған жұмыс көңіл қуантады. Еркін Дәуешұлының айтуынша, осы жобалардың іске асуына біраз тер төгіпті.

«Ердің атына елі сай болуы керек. Сағадат ағамыздың есімін ел есінде қалдыруға алдымен жо­ба жасадық. Сол мақсатпен біраз лауазымды тұлғаның есігін қақ­тық. С.Нұрмағамбетов атын­дағы халықаралық қордың өкілі Қали екеуміз Ақмола облы­сы­ның сол кездегі әкімі Ермек Мар­жықпаевтың қабылдауына барып, тұңғыш Қорғаныс министрінің туған ауылындағы орта мектеп мен мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге қолдау көрсетуін сұрадық. Екі ғимаратқа да қаржы бөлді. Сөйтіп, мектеп пен Мәдениет үйі қайтадан жаңғыртылды. Жөндеу жұмыстары сапалы атқарылған. Мәдениет үйінің екінші қабатынан шағын музей ашылды. Автобаннан Еңбек ауылына дейінгі 3-4 шақы­рым жол нашар еді. Осы жолды жөндеуге сол кездегі ауыл әкі­мі, қазіргі Ақкөл аудандық мәс­ли­хатының хатшысы Сағындық Абаханов үлкен үлес қосты. Енді біртуар жерлесіміздің ғасырлық тойы тұсында туған жерінде еңселі ескерткіші қойылса деп ойладық. Қаңтар айында Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтың қабылдауында болып, осы ұсынысымды айттым. Бұған министр бірден келісті. Қазір тұғырлы тұлғаның ескерткіші дайын. 25 мамырда Ақкөл ауданы орталығында ашылады. Осы қызметі үшін Руслан Фатихұлына ерекше ризамын. Енді аудан орталығында тұрған бюстті туған ауылына апарып орнатады. Бұл ауыл бұрын Трудовой деп аталған еді. 2000-жылдардың бас кезінде Еңбек деп өзгерді. Бірақ бұл атау кеңес дәуірінен қалған белгі. Сондықтан ауылға С.Нұрмағамбетовтің есімі беріл­се, орынды болар еді», деді Е.Дәуешұлы.

Шынында да, даңқты ердің есімі туған ауылына сұранып тұр. «Сағадат ауылы» деген сөз қандай керемет. Құлаққа да жылы естіледі. Жақында Мемлекет басшысы «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырлары Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов және Рақымжан Қошқарбаевтың есім­дерін беру туралы заңға қол қойды. Осының бәрі – ерліктің ерен үлгісін көрсеткен баһадүр бабаларымызға құрметтің белгісі.