
Суреттерде: 1. В.Волкодав мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға бара жатыр. 2. Майдангер Ф.Щегловты 97-көктемімен құттықтау. 3. Майдангер Д.Сергеев.
Соғыс ардагерлерінің ең үлкені – биыл 102-ге келген Валентина Волкодав. Кейуана әбден қартайғанымен рухы әлі мықты. Былтыр 9 мамырда жұрт қатарлы шеруге қатысып, соғыста қаза болғандарға орнатылған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға қатыса алмаған еді. Бірақ тәуір болған соң қалалық ардагерлер алқасы қызметкерлерінің көмегімен қызымен бірге барып, өлгендердің рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойды.
Валентина Архиповна – украин қызы. Соғыс басталғанда Киевтің технология институтының студенті болған. Біз соғысқа қатысқандар дегенде алдымен винтовка, автомат немесе пулеметпен атысып жүрген солдаттар мен оларға бұйрық беретін офицерлерді елестетеміз. Ал шын мәнінде әскери бөлімдердің тамағын, киімін қамтамасыз ететіндер, жараланғандарды емдейтін дәрігерлер де соғысқа қатысушылар. Ол түгіл әскердің есеп-қисабын жүргізетін, солдаттар мен офицерлерге еңбекақы төлейтін есепші, кассирлер де соғысқа қатысушылар санатында. Өйткені зуылдаған оқ, жарылған снаряд, аспаннан түскен бомба оларды солдаттар мен офицерлерден айырмайды, оғы немесе жарықшағы тисе бәрін де жайратады. Валентина Волкодав та қолына қару ұстамағанымен 41-механикаландырылған әскери көпір қалау жасағына тіркеліп, қаржылық бөлімде есеп-қисап жағын жүргізуге қатысқан. Оның кәсібі қазынашылық кассирі деп аталады. Төрт жыл бойы әскердің еңбекақысын есептеу, ақшаларын тарату қызметін атқарған. Соғыс уақытында да солдаттардан бастап барлық офицерге еңбекақы жазылып отырған. Алайда кейбірі соғысқа кіргенде қаза болып, еңбекақылары алынбай қалған. Марқұм болғандардың ақшаларын Валентина мекенжайы бойынша ата-анасына немесе әйелі мен балаларына жіберіп отырған. Бәлкім сондай жандардың айтқан алғысының шапағаты болар ол бүгінгі күнге денсаулығы сыр берсе де ақыл-санасынан айырылмай, аман жетіп отыр. Соғыс кезінде өзімен бірге қызмет істейтін Яков дейтін ревизор жігітке тұрмысқа шығыпты. Майдан өрті басылғанда тыңның дүмпуімен Ақмолаға келіп, керамикалық зауытта есепші болып жұмыс істейді. Екі қызынан 4 жиен, ал олардан 3 шөбере көрген. «Берлинді алғаны үшін» медалі, бірнеше мерекелік орден-медалі бар. Күйеуі 1969 жылы қайтыс болады. Валентина Волкодав кіші қызының отбасымен бірге 70-жылдардан бері Петропавл қаласында тұрады.
Биыл 98-ге толып отырған Василий Макиенко облыстың тумасы. Қазіргі Есіл ауданындағы Волошинка ауылында туып-өскен жас жігіт 1944 жылы соғысқа аттанады. Соғыс біткен соң Петропавл қаласына келіп, ұзақ жыл осындағы құрылыс кәсіпорындарының бірінде жұмыс істеген. Үш қызы және олардан туған бірнеше жиені бар. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін ардагер 1985 жылы алған.
1927 жылы туған Федор Щегловты соғысқа 1944 жылы 17 жасқа толған бойда алған. Ол – Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы. Уфа қаласының түбінде әскери дайындықтан өтіп, танкіге қарсы ататын мылтықты игереді. «Мылтықтың ұңғысының өзі 1,5 метр, салмағы 16 кило болатын. Оның оғы дәл тисе танкінің 45 мм-лік бронін тесіп өтетін еді», деп еске алады майдангер.
Ф.Щегловты 371-атқыштар дивизиясын толықтыруға әкеледі. Бұл кезде дивизия неміс жерінде, Кенигсберг қаласын алу жолында соғысып жатыр екен. Жас бозбала жұрт қатарлы қанды қырғынға күмп етіп кіріп кетеді. Ақсақал жеңісті немістің Палау қаласында қарсы алған. Алайда кейінгі алынған жастарды командование Шығыстағы, жапондармен соғысқа жібергенде Федор Щеглов та бірге аттанады. Сөйтіп, ол соғысты 1945 жылдың қыркүйек айында ғана аяқтайды. Кеудесіндегі мерекелік медальдардан басқа «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені» үшін медальдары оның ерлік жолының айғағы.
Биыл 9 қаңтарда майдангер 97-і жасқа келді. Ақсақалды туған күнімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ардагерлер алқасының төрағасы Ескендір Елеусізов және қала әкімі Серік Мұхамедиев құттықтады.
Майдангерлердің төртіншісі Дмитрий Сергеев те М.Жұмабаев ауданының тумасы. Ардагерлердің арасындағы «ең жасы» осы ақсақал, өткен желтоқсан айында 96 жасқа толды. Ол бірден Шығыстағы соғысқа алынған. Соғыстан кейін Петропавл қаласына келіп, ауыр машина жасау зауытында дәнекерлеуші-құрастырушы болып ұзақ жыл еңбек еткен. Балалары мен немерелері бар.
Солтүстік Қазақстан облысы