Сараптама • 15 Мамыр, 2024

Орнықты бәсекеге қабілеттілік

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орнықты даму мәселесі – тауарды жеткізудің халықаралық тізбегі өзгеріп, аймақтық қақтығыстар мен санкция сал­­да­рының әлемдік экономикаға әсері адамзаттың күн­де­лікті өмірінде сезіліп жатқан бүгінгідей уақытта өзек­ті тақырыптың бірі. Осыған орай оқырман назарына «Жаһандық орнықты бәсекеге қабілеттілік индексін» ұсы­­намыз.

Орнықты бәсекеге қабілеттілік

Дереккөз: Жаһандық орнықты бәсекеге қабілеттілік индексі Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Индексті Швейцария мен Оңтүстік Кореяның біріккен талдау ұйымы ретінде танылған «SolAbility» ақыл-ой орталығы құрастырған. Алғаш рет 2012 жылы жарияланған «Жаһандық орнықты бәсекеге қабілеттілік индексі» халықаралық ұйымдардан (Дүниежүзілік банк, ХВҚ, БҰҰ) алынған 190 сандық көрсеткіш негізінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеті мен орнықтылығын өлшейді. Зерттеу нәтижесінде, әр елдің мықты және осал жақтарына жан-жақты талдау жүргізіліп, келешек бағыты мен әлеуетін айқындау көзделген.

Мамандар зерттеу барысында алты құрамдас бөлікті негізге алып, статистикалық мәліметтер мен зерттеу нәтижелеріне талдау жүргізген. Олар:

  • Табиғи капитал: ресурстарды есепке алғандағы елдің табиғи байлығы және сол ресурстардың сарқылу деңгейі.
  • Ресурс тиімділігі: әлем ресурстарының шектеулігі жағдайында қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану.
  • Әлеуметтік капитал: денсаулық, қауіпсіздік, бостандық, теңдік, өмірге қанағаттану мен дамуды қамтамасыз ету.
  • Зияткерлік капитал: жаһанданған нарық жағдайында инновация мен қосымша құн қалыптастыратын өндірістер арқылы байлықты жинақтау мен жұмыс орындарын ашу қабілеттілігі.
  • Орнықты экономика: Экономикалық орнықтылық пен бәсекеге қабілеттілік әлемді әлеуетті етуге қауқарлы орнықты экономикалық даму арқылы байлықты жинақтау мүмкіндігін білдіреді.
  • Басқару тиімділігі: ресурстарды тарату, инфрақұрылым, нарық және жұмыспен қамту құрылымы туралы нұсқаулық арқылы орнықты түрде байлыққа қол жеткізу фреймуоргын қамтамасыз ету.

Жаһандық орнықты бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша ең жоғарғы ұпай жинаған ел көрсеткіші 100-ден 61,9 құрайды. Жаһандық орташа көрсеткіш – 46 ұпай. Мінсіз орнықты бәсекеге қабілетті әлемге қол жеткізу жолындағы жаһандық алшақтық – 56,7. Адамзат баласы қоршаған ортамен тепе-теңдікте өмір сүретін инклюзивті және қалдықсыз қоғамды қамтамасыз етуден әлі алыс.

Индекстің маңызды параметрінің бірі – әлеуметтік капитал. Елдің әлеуметтік капиталы – халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен әл-ауқатының жиынтығы. Әлеуметтік капитал қоғамдағы ауызбіршілікті және белгілі бір деңгейдегі консенсусты тудырады, бұл өз кезегінде экономикада орнықты ортаны қамтамасыз етеді және табиғи ресурстардың шамадан тыс пайдаланылуына жол бермейді.

Даму деңгейі бойынша аймақтық көрсеткіштерде көп өзгеріс болмады. Скандинавия елдері тұрақты бәсекеге қабілеттілік бойынша ең жоғары ұпай жинап Батыс Еуропа, Солтүстік Америка және Солтүстік-Шығыс Азия елдерінен озық шықты. Ал Африка мен Таяу Шығыс тұрақты бәсекеге қабілеттілік бойынша ең төмен көрсеткіш көрсетті. Азия зияткерлік капиталда Еуропаны басып озса, Еуропа Ресурс тиімділігі мен Әлеуметтік капитал көрсеткіштерінде Азиядан басым түсті.

Зерттеуде Қазақстан 44,7 ұпай жинап, 66-орында орналасқан. Бұл жаһандық орташа ұпайға жақын көрсеткіш. Дегенмен Орта­лық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда Қазақстан жетек­ші позицияда.

Әлеуметтік капитал индексінің көшбасында Батыс Еуропа мен Балтық елдері орналасқан. АҚШ қылмыс деңгейінің жоғары болуы, медициналық қызметтердің төмен қолжетімділігі және теңсіздіктің өсуіне байланысты 89-сатыдан көрінсе, Қазақстан бұл көрсеткіште 68-орында.

Зияткерлік капитал – орнықты дамудың ажырамас бөлігі. Зерттеуде Зияткерлік капитал индексі білім беру, ғылым мен зерттеу, жаңа бизнесті бастау көрсеткіштері тұрғысынан өлшенеді. Өйткені бәсекеге қабілеттілік пен инновацияның қарқынын тиісті деңгейде ұстап тұру интеллектуалдық әлеуетсіз мүмкін емес. Осы индикаторда әлемдік орташа көрсеткіш – 37 ұпай. Бұл салада Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан алдыңғы орында.

Жаһандық орнықты бәсекеге қабілеттілік индексі мемле­кет­тердің даму көрсеткішін, әлемдік тенденцияның өзгеріс динамикасын беретін көлемді зерттеуге жатады. Есеп статис­ти­калық мәліметтер, мамандар берген талдамалық қорытындылар, орнықты дамуға қатысты үкіметтерге берген кеңестерімен ерек­шеленеді.

 

Айнұр АБАЙ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы