Аймақтар • 15 Мамыр, 2024

Маңғыстауда зәйтүн ағашы өседі

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Маңғыстау климаты, топырағы жеміс-жидектер мен ағаш түрлерін өсіруге қолайлылығын мойындатып келеді. Бұл жаңалық азық-түліктің, әсіресе көкөніс, жеміс-жидек түрлерінің басым бөлігі өзге аймақ, шетелдерден тасымалданатын даланың тілі мен бабын тапса, басқаға тәуелділіктен құтқарар ма еді деген ойға жетелейді.

Маңғыстауда зәйтүн ағашы өседі

Қазіргі таңда Маңғыстауда зәй­түн ағашын өсіру бойынша қанат­қақты жоба жүзеге асып жатыр. Бұл – өңір агроөнеркәсіп кеше­ніндегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Маңғыстаудағы зәйтүн плантациясы Құрық ауылында орналасқан, егілген 2 мың зәйтүн ағашы тамыр жайды. Мамандар олардың тамыр жаюын ауа райының қиын жағдайына бейімделуі деп түсіндіреді. Зәйтүн ағашын отырғызу тек аталған аудан аумағында емес, өзге аудандарда да жүзеге асырылады. Осы мақсатта қолайлы жер телімін бөлу мәселесі талқыланып жатыр. Бірнеше апта ішінде облыстың өзге аудандарына мыңдаған көшет жіберу жоспарланған.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев­пен кездесуде Халықаралық зәйтүн ке­ңе­сінің президенті Георгий Сва­нидзе мен Грузияның Экономика және тұ­рақты даму вице-премьер-министрі­нің ке­ңесшісі Жақып Марабаев инвес­тициялық жоба мен плантация туралы айтты.

Халықаралық зәйтүн кеңесінің прези­денті Георгий Сванидзе кездесуге қа­тысушыларды Грузиядағы зәйтүн өндіру және өңдеу өнеркәсібімен таныстырып, сондай-ақ Қазақстандағы бұл саланың кезең-кезеңімен даму үдерісі туралы атап өтті. Өңдеу зауытын іске қосу, отан­дық зәйтүнді шетелге экспорттау үшін қажетті халықаралық сертификат алу жоспарда бар.

– Жергілікті атқарушы органдардың белсенді қолдауы арқылы Қазақстанда зәйтүн мәдениетін дамытудың орасан зор әлеуетін көріп отырмыз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, экспорттық болашағы бар кәсіпкерлікті дамытудың қозғалтқышына айналады. Зәйтүн майы жай өнім емес, бұл – денсаулық пен ұзақ өмір сүру­дің қайнар көзі. Осы аймақтың ерекше жағдайларының арқасында қазақ­стандық зәйтүн майы әлемдегі ең үздіктердің біріне айналатынына сенімдіміз, – деді Халықаралық зәйтүн кеңесінің президенті Георгий Сванидзе.

Ол Грузияның Қазақстанда зәйтүн өс­ірудегі білімі, тәжірибесі және инно­вациялары туралы айтуға дайын еке­нін, Қазақстанға зәйтүн майынан түсе­тін әлемдік кірістің 90%-ын, оның сауда­сының 74%-ын бақылайтын ұйым Халық­аралық зәйтүн кеңесіне мүшелікке өтуге көмектесетінін жеткізді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаев Мемлекет басшысының Қа­зақ­станның аграрлық саласына, заманауи аграрлық ғылымды дамытуға және агро­өнеркәсіп кешеніне инновацияларды белсенді енгізуге үлкен көңіл бөліп отыр­ғанын атап өтті және үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу өнімдерінің үлесін 70%-ға жеткізу міндеті қойылды.

Тараптар Маңғыстау өңірінде жос­пар­­ланған жобаларды жүзеге асыру бо­йын­ша жұмысты жалғастыруға келісіп та­ра­ды.

 

Маңғыстау облысы