Аймақтар • 16 Мамыр, 2024

Жаңа автобустар жолға шықты

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Керекудегі қоғамдық көліктер жаңа­рып жатыр. Былтыр облысқа лизинг арқылы 200-ден аса автобус сатып алынса, биыл бір ғана Павлодар қаласына жаңадан 50 автобус алынуы керек.

Жаңа автобустар жолға шықты

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын ірі компания – «№1 автобус паркі» ЖШС жалпы сыйымдылығы 56 адамға ар­налған бірінші санаттағы «Isuzu» маркалы ав­тобустарын сатып алды. Осы аптада алғашқы 30 автобус жеткізілді. Қоғамдық көлік­терде жолаушыларға ыңғайлы жағ­дайлар жасалған. Мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың мініп-түсіне арналған аппарельмен, салқындатқышпен және тағы басқа қажетті құрал-аспаптармен жабдықталған.

Жаңа автобустар №115 және №126 бағыттар бойынша қала көшелеріне шығады. Бұған дейін аталған бағыттардың жұмысына қатысты қала тұрғындарынан шағым жиі түскен. №115 бағытта 10 автобус және №126 бағытта 16 автобус жүреді. Ал 4 автобус резервте болады. Қозғалыс аралығы екі есе қысқарып, 10 минутты құрайды.

Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті жаңарту тәжірибесі басқа да автопарктерде, сондай-ақ трамвай депосында жүзеге асырылуға тиіс деген талап қойылып отыр. Павлодар трамвай басқармасы жаңадан 70 трамвай сатып алуды жоспарлап қойды.

 

Павлодар облысы