Саясат • 16 Мамыр, 2024

Орталық Азия елдері қауіпсіздіктің үш бағытында күш біріктіреді

71 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Орталық Азия елдері қауіпсіздіктің үш бағытында күш біріктіреді

фото: elorda.info

«Мемлекеттеріміздің президенттерінің күш-жігері мен дәйекті қадамдарының арқасында Орталық Азия интеграциясы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл елдеріміз арасында қалыптасқан сенім мен көпғасырлық достық пен тату көршілік байланыстарын нығайтуға деген ұмтылысты көрсетеді. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері біздің қарым-қатынасымызды тереңдетуде шешуші рөл атқарады. Өзара іс-қимылдың бұл форматы сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай серпін берді», деді кездесу барысында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов.

Ол тамыз айында Астанада өтетін VI Саммитке дайындық қызу жүріп жатқанын қоса айтты.

«Геосаяси және геоэкономикалық турбуленттілік аймағымыздағы қауіпсіздік жағдайына кері әсер етеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бізбен кездесу өткізіп, Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейіндегі кездесулер сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша күш-жігерді біріктіру алаңына айналуға арналғанын айтты. Сондай-ақ біздің өзара іс-қимыл форматымыз саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын нығайтуға көмектеседі деп үміттенеміз», деді спикер.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасындағы су тасқынына байланысты көрсеткен бауырластық ынтымағы мен гуманитарлық көмегі үшін Орталық Азия елдеріне шын жүректен алғыс айтты.

«Біз бастапқы кезеңде үш тармаққа жұмылып, оларды жүзеге асыру үшін дәйекті түрде ілгерілеуге уағдаластық. Бірінші – су-энергетикалық қауіпсіздігі, екінші – азық-түлік қауіпсіздігі, үшінші – Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі мен көлік-логистикалық әлеуетті дамыту», деді ол.