Жансарай • 16 Мамыр, 2024

Көзінде мұңы жоқ әйел бақытты

136 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқымыз ер-азаматты отағасы, шаңырақтың иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы, ұйытқысы, құт-берекесі деп мәртебесін көтерген. Сондай-ақ әйелді өмірдің тірегі, махаббаттың шырақшысы деп жоғары бағалаған. Шындығында мұның бәрі әйелге, әйел-анаға қатысты данышпандықпен дәл тауып айтылған сөздер екендігін күнделікті тұрмыс-тіршілігімізден көріп жүрміз.

Көзінде мұңы жоқ әйел бақытты

Қазақты ертеректегі талай нәубет пен зобалаңның, бертіндегі солақай да содыр саясаттың салдарынан ұлт ретінде жойылып кетуден сақтап қалған алтын құрсақты аналарымыз екені де белгілі. «Бір үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады», «Баланың санын шектеме, жетіден асса көп деме» дегендей, әріптесіміз Ләззат Мейрамбекқызының анасы Қалиман да 12 бала туып-өсірген сондай кеңқұрсақ аналарымыздың бірі еді. Ләззат үйдегі балалардың ең кенжесі болғандықтан, қазақ отбасындағы жазылмаған заң бо­йын­ша еркелеу болып өсті, бірақ шек­­тен шыққан кезі жоқ. Ал мектеп та­бал­дырығын аттаған сәттен бастап, тәртіпті оқушылар қатарынан көрінді.

Орта мектепті тәмамдаған соң үш жылдай өзі туып-өскен Целиноград (қа­зіргі Ақмола) облысының Целиноград ауданындағы Кеңес ауылында жаңадан ашылған жылыжай шаруашылығында жұмыс істеп, содан кейінгі өмірін облыс орталығы – Целиноград (қазіргі Астана) қаласымен байланыстырғанды жөн көрді. Қалаға табан тіреген 1984 жылдан 1999 жылға дейін облыстық баспаханада (қазір «Астанаполиграфия») линотипші болып жемісті еңбек етті. Одан кейінгі үш жылда республика Ішкі істер министрлігінің кадр бөлімінде қызмет атқарды. Тәртіп сақшысы болып жұмыс істеп жүрген болашақ жары Айтмағанбетті де осы қалада кездестірді. Атал­ған салада ұзақ жыл қызмет атқарып, полковник шенінде зейнет демалысына шыққан Целиноград қаласының тумасы бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

«Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші – сені жақсы көріп қана қоймай, түсіне білетін, сыйлап, құрметтейтін өмірлік жарың; екінші – жаныңа жағатын, қанағат әкелетін күнделікті жұмысың; үшінші – қуанышың мен қайғыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың» деген тәмсіл бар. Әрине, өмірлік серігің – жар таңдауда қателік жібермеу маңызды. Қателік соңы кейде бүкіл тағдырыңды теріс айналдырып жіберуі әбден мүмкін», дейді әріптесіміз.

Ерлі-зайыптылардың жалпы ішкі үйлесімі – нағыз таразы. Өйткені өмір таразысын тең ұстай білгендер ғана бақытты, тату-тәтті отбасын құра алады. Осы ұс­таным үдесінен шыға алмағандар арасында ұрыс-керіс, айтыс-тартыс көбейіп, ыдыс-аяқ жиі сылдырлайды. Үйден татулық, тү­сіністік қашқан соң, ырыс-берекенің ауылы да алыстай беретіні түсінікті. Ал Ләззат болса, Айтмағамбеттей адал жар, қамқор әке, өнегелі ата сыйлаған тағдырына дән риза. Екеуі шекесі торсықтай бір ұл, алтын асықтай бір қыз тәрбиелеп өсірді. Оқытты, тоқытты. Қазір ұлы – экономист, қызы – заңгер. Балалары жұбайы екеуіне екі немере, төрт жиен сүйгізіп отыр.

 «Егер біреу менен: «Өмірдегі үлгі аларың кім?» деп сұраса, «әкем» деп жауа­п берер едім. Әрине, әркімнің әкесі өзіне ғой. Ауылда қарапайым бухгалтер болып істеген ол кісіде «коммунист» дегеннен басқа атақ та жоқ еді. Иә, Екінші жаһандық со­ғысқа қатысты. Кеудесінде сыңғырлаған м­арапаттары да біршама-тұғын. Бірақ әкем маған ақ көңілімен, баршаға деген ізгі ниетімен, досының қателігін кешіре білетіндігімен, тырнақ астынан кір іздейтіндерге кек сақтамайтындығымен үлгі-өнеге еді. Жәрдем сұраған жанға барын беріп, қайтарымын күтпейтіні де бә­збіреулерді таңғалдыратын. Қысқасы, өмірдің небір бұралаң жолдары оның рухын еш сындыра алмады. Қандай жағдайда да әділдіктің жолынан аттаған жоқ. Осындай ақ-адал болмысымен балаларына, немерелеріне адамилықтың ерен үлгісін көрсетіп кетті. Біз де ата-анамызға сөз келтірмеуге тырыстық», дейді Л.Нұрпейісова.

Ата-ана демекші, 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіру Ләззаттың үй шаруасындағы аяулы анасына да оңайға түспегені анық. Әр баланы бір-бір әлем десек, олардың көңілін тауып, ойындағысын дөп басу әсте де қиын шаруа. Ауылдардағы қазақтың көпбалалы көптеген аналарындай күнделікті күйбең тіршілігіне көнбістік танытқан Қалиман шешесінің алдында қанша рет бас исе де аздық ететінін кейіпкеріміз жақсы түсінеді. Қалада туып-өсіп, ауылға ке­лін болып түскен анасының «Алтын алқа» иегері – «Батыр ана» атанғанын әр кез мақтан тұтады. Қала қыздарына көпбалалы ана атануға әлеуметтік-экономикалық жағ­дайдың толыққанды қарастырылмауы көп кедергі келтіріп келгенін, бүгін де келтіріп отырғанын көлденең тартады. Мұндай уәжбен қалада тұрамыз деп шешкен кешегі-бүгінгі жас отбасылардың толықтай келісетіні күмәнсіз.

Қазіргі кезде әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісінде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни әйелдер от басы, ошақ қасында қалып қоймай, заман талабына сай мем­лекеттік қызметте, бизнесте, оқу-ағарту, денсаулық сақтау салаларында, басқа да түрлі мекемелерде жемісті еңбек етіп жүр. Л.Нұрпейісова да өз замандастарынан қалып қоймай, белсенді әйелдер қатарынан табылуға ұмтылды әрі бұл ұмтылысы өз нәтижесін беріп келеді.

«Еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетіне жұмысқа қабылданған 2002 жылдан бері де зу етіп 22 жыл өте шығыпты. Қазақылығы басым бас басылымға келуге әуелде жүрексінгенім рас. Өйткені мен бұған дейін жұмыс істеген жерлердегі орта өзгешелеу, ділі бөлектеу еді. Түбім ауылдың қызы болғандықтан да шығар, «Егемендегі» әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Осындағы жасы үлкен аға-апаларымның қамқорлығы да жаңа ортаға тез бейімделуіме септігін тигізді», дейді Ләззат Мейрамбекқызы. Қазір өзі кейінгілерге жанашыр, қамқор.

Газеттегі жұмысын әріптесіміз терім­ші-оператор болып бастады. Ыждағат­ты­лығының нәтижесінде бұрын істеп көрмеген жұмысын тез меңгеріп әкетті. Арада екі жыл өтер-өтпестен авторлардың, өңірлердегі тілшілердің, Алматыдағы бөлімше журналистерінің материалдарын қабылдап, олармен тікелей жұмыс істейтін жауапкершілігі жоғары жұмыс – электронды байланыс операторы қызметіне жоғарылатылды. Бұл жерде келген материалдарды мазмұнына қарай сұрыптап бөліп, тиісті бөлімге жеткізіп беру, түрлі саяси-экономикалық, мәдени-рухани бағыттағы үлкенді-кішілі жиындарға ша­қырған көптеген баспасөз парақшасын бөлім басшыларына уақтылы хабарлап отыру, Ақордадан бастап Парламент, Үкімет үйі сияқты атынан ат үркетін биік мекемелерден, министрліктерден, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардан түсетін ресми-бейресми ақ­параттарды дер кезінде қабылдап үлгеріп, қажеттілік туындаған жағдайда солармен кері байланыс орнату айтарлықтай ыждағаттылықты талап ететінін атап көрсеткен жөн. Авторлардың бәрі бірдей биязылық таныта бермейді, аты мен атағын алға тартып, мінез көрсететіндері де кездесіп қалады. Солардың бәрімен тіл табысып, мәмілеге шақыра білу де өнер десек, артық айтпағанымыз.

Кез келген қоғамдық жұмысқа да бел шеше кірісіп кететін қимылы шалт, ісі өнімді, әр кез күлімдеп тұратын мұңсыз әдемі көздері қараторы жүзіне әр берген, жайдары да ашық мінезімен бүкіл ұжым алдында сыйлы, бойына қазақ әйеліне тән барлық қасиетті молынан сіңірген Ләззат Нұрпейісова әріптесімізге арналған бүгінгі шағын мақаламызды халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, аяулы ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», деген сипаттамасымен қорытындылағанды жөн көрдік.