Спорт • 17 Мамыр, 2024

Нұрбек Оралбай қарсыласқа өте ыңғайсыз боксшы - Мырзағали Айтжанов

880 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Ұлттық құрама спортшылары лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, қоржынды мейлінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр. Ал лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.  

Нұрбек Оралбай қарсыласқа өте ыңғайсыз боксшы - Мырзағали Айтжанов

Фото: Olympic.kz

Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған спортшының бірі – боксшы Нұрбек Оралбай. Отандасымыз  жолдаманы биыл Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік іріктеу кезеңінде жеңіп алды.  

«Апеннин түбегіндегі турнирге алты боксшы барып, соның бесеуі жолдамаға қол жеткізді. Әрине іріктеу жарысы болған соң, барлық боксшының мақсаты – Олимпиада жолдамасын жеңіп алу ғой. Сондықтан барлығымызға жекпе-жектер оңай болған жоқ. Менің салмағымда 62 боксшы жұдырықтасып, соның төртеуіне жолдама бұйырды. Енді біз үшін маңызды кезең басталды. Олимпиадаға жоғары дайындықпен барып, қазақ елін алтын жүлдемен қуантуға тырысамыз», дейді Нұрбек Оралбай.

2000 жылы туған спортшы боксқа кездейсоқ келген.

«Әкем сыңарым Айбек екеумізді Астанадағы «Алатау» спорт кешеніне ертіп апарды. Ойы – күреске беру еді. Алдымыздан кездейсоқ Асқар Еркебаев есімді жаттықтырушы жолықты. Ол кісі: «Мен бұрыннан осындай егіз балаларды боксқа баулып, соларды чемпион етіп тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтып жүр едім», деп айтып қалды. Сөйтіп әкем қазіргі бапкеріме рұқсатын берді. Осылайша, бокс залынан бір-ақ шықтық», дейді әлем чемпионы.

«80 кг салмақтағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбайдың боксқа келгендегі өз мақсаты бар. Сол мақсатына жету үшін тынбай еңбек етіп жүр. Бір артықшылығы – ол қарсыласқа өте ыңғайсыз боксшы. Сол себепті Нұрбек – осы Олимпиадада медаль күтетін жігіттеріміздің бірі», деп пікір білдірді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Боксшы өзінің басты жанкүйері отбасы екенін айтады.

«Былтыр Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем чемпионатына ата-анамыз біз үшін барып, қолдау көрсетуі қосымша күш берді, сенімділігімізді арттырды. Біз де ата-анамызды, қолдап отырған жанкүйерлерді қуанту үшін әр жекпе-жекте, жарыстарда жеңіске жетуге тырысамыз», дейді Нұрбек Оралбай.