Пікір • 18 Мамыр, 2024

Бала құқын қорғайтын шешім

56 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң – елімізде балалар қауіпсіздігін қорғауға бағытталған өте маңызды әрі дер кезінде қабылданған құжат.

Бала құқын қорғайтын шешім

Фото: ru.sputnik.kz

Құқық қорғаушы ретінде кәмелет­ке толмағандардың жыныстық тиіспеу­шілігіне қарсы қылмыстар жасағандарға еліміздің азаматтығы берілмейтіні, сондай-ақ ондай адамдардың елге кіруіне тыйым салынатыны туралы шешімді өте жоғары бағалаймын.

Жалпы, кейінгі жылдары Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, соның ішінде әйел мен бала құқын қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылықтың жолын кесуге бағытталған іргелі қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, жуырда Президент қолданыстағы заңнамаға әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойғаны белгілі. Соның ішіндегі ең басты жаңалық – жасөспірімдерге қарсы жыныстық зорлық-зомбылық көрсетілетін болса, бірден өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұған дейін мұндай жазалар қолданыла бермейтін. Мұны бала құқын қорғау саласындағы ірі жеңіс деп бағаладық.

Бүгінгі қабылданып отырған заңның да әлеуеті зор. Өкінішке қарай, өз елімізде де педофилдер бар. Ал егер сырттан келіп жат­қан адамдардың арасында бұ­рын балаларға жыныстық тұрғыда тиіс­кендер болса, оларды ішке кіргізу онсыз да күрделеніп тұрған жағдайы­мызды қиындатып жіберері хақ. Педофилия қылмысына бару – баланы өлтіргенмен тең. Олардың болашағына балта шабу. Ондай баланы қайта қалпына келтіру, психикасын дұрыстау – қиынның қиыны. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең басты міндетіміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – күн тәртібін­дегі күйіп тұрған мәселе. Олардың қауіпсіздігін сақтау мен құқын қорғау мақсатында біз бұнымен де шектеліп қалмауымыз керек. Президенттің осы проблемаға айрықша назар аударып отырғаны қуантады.

 

Айман ОМАРОВА,

құқық қорғаушы