Аймақтар • 22 Мамыр, 2024

Өрт қауіпсіздігін жан-жақты ойлаған жөн

33 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыста орман қоры 550 мың гектар аумақ пен «Көкшетау» ұлттық табиғи паркіне тиесілі 134 мың гектар жерді алып жатыр. Бұл – облыс аумағының 5,5 пайызы. Орманның 85 пайызы – ақ қайың, 7 пайызы – терек, 4 пайызы – қарағай, қалғаны шырша, тал сияқты аз санды ағаштар.

Өрт қауіпсіздігін  жан-жақты ойлаған жөн

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Орманды өрттен сақтау – маңызды міндет. Кейбір қуаң­шылық жылдары орманның өртке қауіп­тілігі арта түседі. Әсіресе қураған ағаштары тазаланбаған, қалың нуының арасы ашылмаған ормандарда өрттің тұтануына себеп көп. Сөндірілмеген темекі тұ­қылының өзінен-ақ жел кө­терсе қураған қалың ағаш бұрқ ете қа­лары сөзсіз. Ал өрт күшіне бір мініп алса, қы­зуы ешкімді жақын­датпай, өрт­сөндірушілерге қиын­дық тудырады. Орман өр­ті өсімдік, шөп-шалам, жабайы жануарлар мен аңдардың бә­рін күйдіріп, микроклиматты бұ­зады, то­пырақтың құнарын жоя­ды, ауаның экологиялық және хи­миялық көрсеткіштерін бүл­діреді. Сондықтан орман­дар­дың өр­тенуіне жол бермеу – орман­шы­лардың, өртсөн­діргіш­тердің ғана емес, жалпы халықтың міндеті.

Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалану­ды реттеу басқармасы бас­шы­сының орынбасары Ерлан Тәшімовтің айтуына қарағанда, ормандардың өрт қауіптілігі маусымы қар кеткен сәттен басталып, күзгі жаң­­быр бас­талатын уақытқа дейін со­зы­лады. Сондықтан ор­манды өрттен қорғау ісі шаруа­шы­лықтарда қар кетпей басталады. Өртке қарсы күресетін мате­риалдық-техникалық база нығай­тылып, жаңа техникалар мен агре­гаттар алынады. Қазір 12 ор­ман шаруашылығында 25 өртсөндіргіш машина бар. Соны­мен бірге өрттің таралуын шектеу үшін жер жыртуға пайдаланылатын 87 трактор, патрульдік автомобиль, 38 су сақтайтын сыйымдылық, жедел хабар жет­кізетін 810 радиостанса бар.

«Өрт қауіпсіздігі мәселесіне өте сақ қараймыз. Барлық ша­руа­шылық пен орманды пай­даланушылардың өрттің таралуына жол бермейтін минералды жолақтарды жүргізуін қатты қадағалаймыз. Өртке қар­сы кү­ресте жаңадан шыққан техно­логияларды енгізуді де үнемі ес­керіп отырамыз. Қазір 11 шаруа­шылықта өртті бейнекөрініс арқылы табу мүмкіндігі бар 16 интерактивтік кешен 20-22 метр биіктіктегі мұнараларға орна­тылған. Сонымен бірге орман қорын бақылайтын 3 дрон бар», дейді Е.Тәшімов.

Бұлардан басқа биыл об­лыс­тық бюджеттің есебінен ор­ман шаруашылықтарына 300 млн теңгеге 2 өртсөндіргіш машина, 8 дөңгелекті трактор және 12 квадроркоп алынып, таратылып берілген. Қазір ша­руашылықтар материалдық-техникалық жабдықтау нор­мативі бойынша 87 пайызға қамтылған.

Облыстық ТЖД басшы­сының орынбасары Дмитрий Расти­хиннің айтуына қарағанда, биыл өрт қауіптілігі маусымы бастал­ғаннан бері 14 рет қау шөп пен қо­қыстар жанып, өрт 3,4 гектар жерді қамтыған. Алай­да орман өрті әлі болған жоқ. Былтыр 6 рет ор­ман өрті бо­лып, ол 28,6 гектар жер­ге жайыл­ған.

Биыл тасқынның күш­тілігінен көптеген орманда әлі су тұр. Сондықтан ұтқыр топтардың ор­ман­дарды аралап, рейдтер жүр­­гізуі де төмендеп кеткен. Би­ыл олар­дың саны 209 рет болған, ал был­тырдың сәйкес мерзімінде жа­салған рейдтер саны 247 еді. «Өрттің жайылуы өте қауіпті және тұрғындарды әсіресе осындай өрт алаңдатады. Кейінгі үш жылда өңірімізде бірнеше үлкен өрт болып, 12 тұрғын үй мен 200-дей саяжай құрылыстарын жоқ қылды. Әсіресе былтыр мамыр айында Береке шағын ауданында болған өрттің қасіреті зор болды. Бұл өрт 9 тұрғын үйді құртып, 2 үйді жарамсыз етіп кетті. Сондықтан өрт қауіпсіздігіне жалпы халық болып сақтық жасауымыз керек», деді Д.Растихин.

 

Солтүстік Қазақстан облысы