Таным • 21 Мамыр, 2024

Әуесқойлық әлемі: Баладан бетер қызыққан

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коллекцияны біреу зеріккеннен, біреу еріккеннен жинауы мүмкін. Кейбірі Гиннесс рекордтар кіта­бына енуді мақсат тұтып, үйін тұтас музейге айналдырады. Ал бельгиялық тұрғын Селин Коренттің коллекцияға келгенде арманы бөлек, талғамы басқа.

Әуесқойлық әлемі: Баладан бетер қызыққан

1978 жылы Селинге жолдасы Италия­дан панда жұмсақ ойыншығын алып келеді. Осы сәттен бастап ол панда десе ішкен асын жерге қоятын деңгейге жетеді. Содан сүйкімді жануарға қатысты дүниенің бәрін жинайды. Оның үйіндегі ыдыс та, киім де, сурет те бәрі-бәрі соған қа­тысты. Ақыр аяғында тек жұмсақ ойын­шықтың өзі 2 200 данаға жеткен. Бұл хоббиі мәнсіз болмас үшін С. Корент осы ойыншықтың барлығын науқас балаларға таратып бермек.

 

Үтіктер үйі секілді

па

Шығыс Словакия тұрғыны Янош Наги 40 жыл үздіксіз үтік жинаумен айналысқан.

Ол 20 жасында алғашқы үтігін жер қазып жатқанда тауып алады. Содан бас­тап үтік біткеннің бәріне үйір болып, үйіне әкеліп, үйе береді. Жәдігердің тарихы неғұрлым тереңде болса, оның құны да соғұрлым қымбаттай түсетіні анық. Осыны ұққан Н.Янош ХІХ ғасырда жасалған үтіктерді көбірек топтастырған. Сонымен қатар ол коллекциясын Ресей, Германия, Франция, Италия, Бельгия, АҚШ, басқа да елдерден құрап, жалпы санын 150-ге жеткізген.

 

Әлде де аз...

ми

Дик Фаленски – гольф ойынының жанкүйері. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген 36 000 гольф шарын топтастырған.

Бұл көрсеткішті көп деп ойламаңыз. Оның негізгі мақсаты – 50 000 данаға жеткізу. Өзі АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұрады. Коллекциясын 50 жыл бойы жинап келеді екен. Фаленскидің тізімінде Билл Клинтон, баскетболшы Майкл Джордан ойнаған шарлар бар.