Тұлға • 22 Мамыр, 2024

Сезімді сөйлеткен сазгер

73 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Ұмытпа, жаным, ұмытпа, күнім, хат күтіп сенен шыдамсыздықпен, сағынар жүрек, сүйгенін тілеп». Осылайша, Оңдасын Сексенбайұлы баритон дауысымен мандолинге қоса әуелете шырқаған әнге тебіренбейтін жан болмайтын. Ол әнін аяқтап, азырақ үнсіздіктен соң: «Бұл ән – Жеңіс ағаның әні, композитор Жеңіс Естілеуовтікі» дейтін әнді өзі шығарғандай қоқиланып. Біз Жеңіс ағаның әнімен осылай танысқанбыз.

Сезімді сөйлеткен сазгер

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Домбыра, мандолин, баяннан өзге музыка аспабын көрмеген, ақын, жазушы, композитор деген ұғымды кітаптан ғана оқыған ауыл баласына, жалпы ақын мен композитор тек таулы жерде болатындай елестейтін. Ал біз дүниеге келген теп-тегіс жерде де «композитор тууы мүмкін-ау» деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін. Бұл Жеңіс ағаға деген құрметімізді еселей түсер еді.

Белгілі де беймәлім композитор Жеңіс Естілеуовтің музыка жолына түсуіне ақын Төлеген Айбергеновтің ықпалы мол. Оның «Алғашқы адым» деп аталатын күйін тыңдап, мәз-мейрам болып қуанғаннан: «Сен Алматы консерваториясына бар... Суретші емес, композитор болуың керек... Суретшілікке әбден құмар болсаң, бос уақытыңда салам деген суретіңді былай да сала бересің... Мен сенің құдіретті музыка жолына түскеніңді қалар едім » деген екен. Сол сәтті сазгердің өзі: «Төкең жеңді. Өзімді үгіттегені былай тұрсын, үйге талай рет келіп жеңгесін (мамамды) үгіттеді...Қысқасы, аз уақыт ішінде музыка училишесінің студенті болып шыға келдім», деп еске алады.

Ән дегеннен туады, ақын Төлеген Айбергеновтің «Өтті ғой, сәулем, ай талай» өлеңі ең алғаш «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Сірә, өлең 1958-1961 жылдар аралығында жазылған болса керек. Төкеңнің газет бетіндегі өлеңі сыртта оқуда жүрген бозбаланың сезімін қозғағаны соншалық, көп ұзамай жас шәкірт осы өлеңге ән жазған. Ол жайында: «Көп ұзамай ән жаздым. Екі-ақ шумақ. «Мынаған тағы бірдеңе жалғап бер» деуге Төкең Сарыағашта. Лажсыздан қайырма орнына ыңылды қосып айтып жүрдім», дейді Жеңіс Естілеуов. Тек арада үш жылдан астам уақыт өткенде ғана Жеңістің өтініші бойынша «Өтті ғой, сәулем, ай талай» әніне Төлеген Айбергенов жаңа шумақтар қосып берген. Тарихи сәтті композитордың өзі былайша еске алыпты: «Әскерден келген соң жазғы емтихандарымның бірқатарын күні бұрын тапсырдым да, Алматыға келдім. Төкең Алатау елді мекені, 70-үйде тұрады екен. Аға-жеңгем менің іздеп келгеніме қатты қуанды. Жазушылар одағының тапсырмасымен өзі де Қарақалпақстанға жүргелі отыр екен. Алматыда бір аптадан артық бола алмадым. Тапсырмаған емтихандарым бар болатын. Нөкіске келісімен қалған емтиханды тапсырдым да, пәтерімде жатып Төкеңнің келуін күттім. Айтқанындай өзі шамалап айтқан күні пәтеріме іздеп келді. Алматыдағы уәде бойынша «Өтті ғой, сәулем, ай талайды» толықтырып, жазып беруі керек еді. Мен әнді айтып бердім. «Тағы бір айтшы». Мен тағы қайталадым. Үнсіздік... Осылайша, әнді бірнеше рет қайталатты да: «Мен саған өлеңнің ізін емес, басын жазып беремін», деді. Бір кезде қағаздан басын жұлып алып маған күле қарады. «Тыңда:

«Мен жүрдім сені күнім деп,

Сен де едің маған құмар шын.

Қоштасқаныңмен күлімдеп,

Жылап та жүрген шығарсың.

Көп болды көрмегелі де,

Көрдің деп сен де айта алман.

Сезімнің пернелерінде,

Көгілдір көлім шайқалған.

Солдат боп жүрген кезімде,

Таң да боп талай атты арман.

Сен салған аппақ қайыңның,

 Жапырағындай хаттардан».

Мен енді «Өтті ғой, сәулем, ай талай» деген шумақты әннің қайырмасы етіп алдым да, бастан аяқ тағы орындадым. Төкең менің тапқырлығыма қуанып қалды. Міне, жоғарыда айтылған «Өтті ғой, сәулем, ай талай» әнінің қысқаша өмірбаяны осылай еді. Бұл әнді Қазақ радиосына домбырамен тұңғыш орындап, жаздырған – Қарақалпақстанның Қоңырат ауданының өнерпазы Қожахмет Ниязов», деп композитор жаңа әннің шығу тарихынан сыр шертеді.

Ол кезде Жеңіс ағаның біраз әні Қазақ радиосынан берілетін, соның ішінде КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың орындауындағы «Сен емес пе ең» әні ерекше болатын. Біздің үйдегі бір отырыста осы әннің қалай шыққанын Жеңіс ағадан сұрағанымда: «Бұл ән осындай танымал болады деп ой­ла­ған емеспін» деп әңгімесін жалғады. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында сол кездегі атақсыз ақын Төлеген Айбергенов түбіт иек бозбала Жеңісті ертіп Мақсұт Ниетәлиевті іздеп барады. Алматы қаласындығы партия мектебінің тыңдаушысы Мақсұт ағамыз қонақтарды көргенде аса қуана қоймапты. Сөйтсе, ақын ертеңгі емтиханға дайындалып жатыр екен. Төлеген ақын қызуқандылығына басып: «Немене, сен сол емтиханды көңілдегідей тапсырмасаң, партияңның бір жері опырылып кете ме?» деп ашу шақырыпты. «Төке, қазір, қазір», деп ұятына сүрінген ақын қонақтарын ертіп думанханадан бір-ақ шығыпты (Мейрамхана емес, думанхана. Қадыр Мырза әлі). Думанханада біраз алып жіберіп, тамақтың да, көңілдегі кірбіңнің де мұзы еріген шақта Төкең: «Мына жігіт – Жеңіс деген жас композитор, менің інім, өлеңдерің болса бер, ән жазсын» дейді. Әлі де қитығыңқырап отырған Мақсұт ақын төс қалтасынан автоқаламын алып, жалма-жан шегіп отырған сигаретінің қорабына табанда:

«Сол бір таңда шығушы еді күліп күн,

Неге, сәулем, неге соны ұмыттың?

Сен емес пе ең күлімдеген нұр сәуле,

                                                          нұр сәуле,

Сен емес пе ең алтын таңы үміттің?

Сол бір кеште қандай еді тұнық түн,

Неге, жаным, неге соны ұмыттың?

Сен емес пе ең өмірдегі махаббат, махаббат,

Сен емес пе ең жүрек кілті жігіттің?

Сен арқылы сауық, сайран құрыппын,

Сен арқылы сүюді мен ұғыппын.

Қайда, қайда, уа, дариға, сол күндер,

                                                       сол түндер,

Неге соны, неге мені ұмыттың?», деген үш шумақ өлеңді жазып Жеңіс ағаның қолына ұстата салады. «Ал ән шығара ғой мықты болсаң» деген кейіппен.

«Сол түні ұйқтамадым, таң ата ән де дайын болғанын білдірейін деп баянымды арқалап Төкеңе келсем, балаша қуанып қалды. Түсте екеулеп Мақсұт ағаға келсек, ақын емтиханын тапсырып, көңілді отыр екен. Сөйтіп, әнді емтиханға қосып жуғанбыз», деп әңгімесін аяқтаған. Ал «Әр нәрсенің шоқтығы болады» дейді бұрынғылар, қай әніңізді ең шоқтығы биікке санар едіңіз?» дегенімде, сәл ойланыңқырап, Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Сүйіп едім сүюдей, күйіп едім күюдей, бірақ та мұратқа жеткізбедің, қайтейін» деген әнін атап еді.

Сазгер өмірінің тағы бір жарқын сәті – өткен ғасырдың сексен жетінші, әлде сексен сегізінші жылы біздің елге, Қарақалпақстанға гастрольмен қазақтың біртуар азаматы, сол замандағы ең талантты композитордың бірі Жақсыгелді Сейілов келді. Иә, сол атақты «Неге солай жаратты екен адамды, Айтшы, жаным, махабатта шек барманың», «Жезкиік» әнінің авторы. Композитор Жақсыгелді Сейіловтің осы сапарының басы-қасында Жеңіс Естілеуов те бастан-аяқ бірге болды. Концерт арасында атақты композитормен Жеңіс ағаның үйіндегі шағын дастарқан басында кездестік. Бұл кез Жеңіс ағаның жергілікті ақын Мұсағали Бижановтың сөзіне жазылған «Іңкәрлік» атты әнінің Қожақмет жыраудың орындауында дүрілдеп тұрған шағы болатын. «Зер қадірін зергер білер» демекші, дастарқан басында атақты сазгер Жеңіс ағаға, бағанағы бір әніңді шырқашы» деп қолқа салып, «Іңкәрлікті» екі рет орындатты. Ол болса ескілеу баянда сүйемелдеп, қырылдаңқырап шығатын «кирзовой» дауысымен (өз сөзі) шырқаған әнін басын сәл қисайтып ерекше ықыласпен тыңдап, әнебір «Тояттатқан жанымды тұңғыш рет, Үлбірейді-ау гүл болып еріндерің» деген жерін қайта-қайта айтқызып, ерекше риза боп отырды. Жеңіс ағаның талантын атақты композитор Жақсыгелді Сейіловтің ерекше мойындағанына сол кездегі көпшілік куә.

Жалпы, Жеңіс аға саналы ғұмырында «еңбегі еленгендердің емес, есесі кеткен­дер­дің» қатарында біреуден ілгері, біреуден кейін қоңыр төбел, қоңторғай өмір кешті. Олай ғұмыр кешуіне оның талантын бағалай алмаған ортасы мен өздеріне «кемелдеген коммунизм құрып алған» басшылар кінәлі. Әйтпесе Жеңіс аға бір музыкалық училище мен ҚазМУ-дың журфагын тәмамдаған. Жетпісінші жылдары ҚазМУ-дың журфагына оқуға түсу мыңдаған адамның біреуінің ғана маңдайына жазылған бақыт еді. Десе де сондай талантты бола тұра дүр таланттың ішінде де көп «әттеген-ай» мен өкініш кетті ғой... Бір кем дүние...

Ал енді «Жеңіс аға неге талантын орнымен пайдаланбады?» дегенге келсек, менің түсінігімде құдіреті күшті Жаратқан ие үйіп-төгіп талант берген пендесіне, сол талантты орнымен пайдалану тетігін бермей ұмыт қалдырады екен. Ал Жеңіс аға нағыз шығармашылық сарбазы болатын...

Байқасаңыздар мен әңгіме барысында Жеңіс ағаның өмірбая­ны­на, яғни туған, қайтқан жылы, елі, жері, руы деген тармақтарға тиіспедім. «Басыл­ма­ған шығарма болып тіріліп, өлген соң да ақын тыныш жатпайды» депті абыз ақын. Композитор да солай. Ғайыптан тайып Жеңіс Естілеуовтің әндері тұғырға қайта қонып, концертіне мыңдаған көрермен жиналып, оны елжіреп еске алып, кейбіреу естелік жазып, кейбірі тіпті естелікпен шектелмей, тұтас кітап жазып, соны шығаруға демеуші іздеп жүрсе, қалай жарасар еді! Себебі азамат­тың атағы аспандаған сәтте, туыс­та­рының, жақындарының оған деген «қалғып» кеткен «туысқандық» сезімдері қайта оянуы – өмір заңдылығы. Дей тұрған­мен талантты тұлғаның 80 жылдық мерейтойында үнсіз қала алмадым. Бұл әңгімем де кезінде Жеңіс ағаның өзі түсірген керім кадрларындай, жан дүниесін ашып шығарған сырлы сазындай әдемі сәттердің тек екі-үшеуін ғана пайдаландым. Ендігі жазатындарға жол тастау үшін...

 

Нысанбай ҚУАНӘЛИҰЛЫ,

зейнеткер

 

Астана