
Фото: ҰОК
Әйелдер арасында 48 кг салмақ дәрежесінде Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбай украиналық тәжірибелі боксшы Анна Охотамен кездеседі. 29 жастағы Охота 2018 жылғы әлем чемпионатының финалына дейін жетіп, әйгілі үнділік Мари Комнан ғана ұтылған болатын. Ал 31 жастағы Назым Қызайбайдың қоржынында Олимпиада қола медалінен бөлек, үш дүркін әлем чемпионы атағы бар.
Ерлердің 50 кг салмағындағы ширек финалда Санжар Ташкенбай үндістандық Манденгбам Сингхпен күш сынасады. 22 жастағы қазақстандық боксшының өнері жанкүйерлердің жоғары бағасын алып жүр. Бұл кездесулердің жеңімпаздары әлем чемпионатының медаліне қол жеткізсе, жеңілгендер турнирді аяқтайды.
Әйелдер арасындағы 60 кг салмақта Виктория Графеева бразилиялық Ребекка де Лима Сантоспен кездеседі. Айта кетсек, биыл Астанада өткен Әлем кубогының финалында дәл осы екі спортшы шаршы алаңға шығып, жеңіс Викторияға бұйырған.
Тағы бір жартылай финалдық айқас 65 кг салмақтағы Аида Әбікеваның қатысуымен өтеді. Ол алдыңғы кезеңде Түркияның Олимпиада чемпионын айқын басымдықпен жеңіп, көпшілікті таңғалдырды. Бұл жолы оған қарсылас болатын ирландиялық Грэйн Мэри Уолш та мықтылардың бірі саналады.
Сонымен қатар әйелдер арасында 80 кг-нан жоғары салмақта Елдана Тәліпова польшалық Агата Кацмарскамен күш сынасады. Ал ерлер арасында 90 кг-нан жоғары салмақта Айбек Оралбайдың қарсыласы – екі дүркін Олимпиада чемпионы, кубалық Хулио Сезар ла Крус.
Айта кетейік, жартылай финалда жеңілгендер қола медальға ие болады, ал жеңімпаздар алтын үшін финалға жолдама алады.
Жекпе-жектердің күндізгі сессиясы астана уақытымен 16:00-де басталса, кешкі сессия 22:00-де өтеді.