Заң • 23 Мамыр, 2024

Қазақстанда заң білімін дамытудың жаңа тұжырымдамасы талқыланды

62 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Maqsut Narikbayev University-де заң білімін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша стратегиялық сессия өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда заң білімін дамытудың жаңа тұжырымдамасы талқыланды

Фото: MNU

2024 жылдың 21-23 мамыр аралығында Maqsut Narikbayev University «Құқық» бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестік ұйымдастырған сессия алаңына айналды.

Maqsut Narikbayev University-де Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті ұйымдастырған «Құқық» бағыты бойынша ОӘБ шеңберінде заңгерлік білім беруді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі стратегиялық сессияның ашылуы өтті. Бұл сессия Қазақстанда заң білімін дамытудың жаңа тұжырымдамасын талқылауға және әзірлеуге арналған.

Стратегиялық сессияның мақсаты алдағы жылдарға құқықтық білім беруді дамытудың негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын бірыңғай тұжырымдама әзірлеу.

Аталған сессия жұмысына құқық саласындағы жетекші мамандар, академиялық қоғамдастық өкілдері, білім беру саласының және мемлекеттік органдардың сарапшылары, сондай-ақ 52 жоғары оқу орындары мен ведомствалық оқу орындарының өкілдері қатысады. Атап айтқанда, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы, ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі Академиясы және ҚР ІІМ Қарағанды академиясы.

«Осы университеттегі әрбір адамды ортақ бір миссия біріктіреді – сапалы әрі қолжетімді білім беру арқылы халыққа қызмет ету. Бұл біздің ұстанатын миссиямыз. Сондықтан бүгін осы жерде жиналып отырғанымыз да бекер емес. Себебі келешекте біздің студенттер алған білімдері мен дағдыларын қоғамның игілігі үшін қолданатын болады», деді ОӘБ-нің «Құқық» бағыты бойынша төрағасы Талғат Нәрікбаев.

ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова өз сөзінде сессияның үш күні ішінде әзірлейтін құжат Республикалық оқу-әдістемелік кеңеске маусым айында бекітуге ұсынылатынын айтты. Ол сондай-ақ бұл құжат құқық саласы бағытына кадрлар даярлау үшін жауапкершілікті өз мойнына алған әрбір ЖОО-ның жұмыс үстел кітабы болатынын атап өтті.

Сонымен қатар сессия шеңберінде қатысушылар заңгерлік білім беру жүйесінің алдында тұрған барлық негізгі мәселелер мен сын-қатерлерді талқылады, сондай-ақ оларды шешу үшін нақты қадамдар ұсынды. Заңгерлік білім беру сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және оқытудың инновациялық әдістерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Осы үш күн ішінде баршаңыз белсенді түрде білім алып, жұмыс істеудің арқасында нәтижелі уақыт өткіздіңіздер. Пікір алмасып, барлық идеяларыңызды қамтитын және дамудың келесі қадамдарын анықтайтын жоба құжатын жасадыңыздар», деді ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова.

Сессия қорытындысы бойынша ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы атынан қатысушыларға сессиядан өткені туралы сертификаттар табыс етілді.

Стратегиялық сессияның қорытындылары Тұжырымдаманың соңғы нұсқасын қалыптастыру кезінде ескеріледі.

лш