Тұлға • 24 Мамыр, 2024

Қаһарман – халық жүрегінде

127 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

25 мамырда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады.

Қаһарман – халық жүрегінде

Сағадат Қожахметұлы – соңғы демі таусылғанша туған еліне қалтқысыз қызмет еткен ­да­ра тұл­ға. Рейхсканцелярияға шабуыл жаса­ған­ қазақтан шыққан батальон ­ко­ман­дирі.

Батырдың балалық шағы тауқыметке толы болды. Сағадат дүниеге келмес­тен бір ай бұрын әкесі Қожахмет көз жұмады. Алты жасқа толар-толмаста анасы Айса бақиға озды. Осылайша, бала Сағадат ағасы Сағит пен жеңгесі Құлтайдың қолында тәрбиеленді. Сабаққа ынтасы зор, мұғалімдерінің ерекше ықыласына бөленген Сағадат өзі қатарлы сыныптас орыс балаларынан озып, екі сыныпты бір жылда аяқтай жүріп, мектепті бітірді. Алайда сол екі ортада соғыс өрті бұрқ ете түсті. Сағит ағасы майданға аттанып, көз ұзамай Новгород түбінде қаза тапты. Осыдан соң отбасының бар ауыртпашылығы Сағадаттың иығына түскен еді. Батыр «Мой передный край» кітабында өзінің осылайша бала жастан ересектермен қатар тер төгіп, еңбекпен есейгенін жазады.

Сағадат Нұрмағамбетов 1942 жыл­­дың шiлде айында 18 жасында кеңес әскері қатарына қабылданып, Түрік­мен­стандағы пулеметшiлер даярлайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады.

Оның Отан үшін от кешкен майдан жолы Кубаньнан басталып, Донбасс, оңтүстік Украина, Батыс Беларусь, Молдавия, Польша арқылы Берлинде аяқталды. Гитлердің рейхсканцелярия­сын алғанда атқыштар батальонының командирі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов жиырма бір жасқа да толмаған еді.

Сағадат 1945 жылы 17 қаңтарда Поль­ша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсыр­маны ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жердегі Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Сағадат Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.

Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашистің көзін жояды. Осылайша, Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін жер жастандырып, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, оның ротасы кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шайқастарды кеңес әскерінің қолбасшысы Георгий Жуковтың өзі бақылағанын айтады. «Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Кеңес одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының батыры атағын беруді ұсынады. Бұл нақты ерлік еді», дейді ол «Долг, Честь, Подвиг Сагадата Нурмагамбетова» атты деректі фильмде. Осылайша, 1945 жылдың ­27 ақпа­нында 20 жасында Сағадат Нұр­мағам­бетовке Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.

1945 жылғы 16 сәуірде күндізгі сағат 12-де майор Нұрмағамбетов қызмет ететін атқыштар полкі өзіне берілген танк батальонымен тізе қосып, Гузов қаласына бағыт алды. Бұл жөнінде полк командирі подполковник Пешков пен дивизия командирі полковник Антонов қол қойған наградалық мінездемеде «Батылдық пен шеберлік көрсете отырып, ұрысты одан әрі дамыта білді, күндізгі сағат 3-те Гузов қаласының шығыс шетіне ие болды. Мұнда оның батальоны 200 гитлершіні жойды, 18 атыс позициясын, 8 тірек пунктін жо­йып, жаудың 68 солдаты мен офицерін тұтқынға алды», деп жазылған.

Бұл тұстағы ұрыстар сұрапыл болған. Күні таянғанын білген гитлершілер өлімге бел байлап, жан аямай қарсыласты. Зеелов шыңын бағындырар алдында ша­буыл­­ды тоқтатудың бар амалын жасап бақты.

Екінші күні жау Гузов қаласында аса көп жаяу әскерімен, танктерімен, өзді­гі­нен жүретін зеңбіректерімен кеңес жа­уын­­­­герлеріне қарсы тұрды. Майор Нұр­­­ма­­ғамбетовтің батальоны үшін 18 сәуір күнгі соғыс та естен шықпастай еді. Жан алып, жан беріскен ұрыс ұзаққа со­зыл­­ды. Полк командирі мен дивизия ко­ман­­­дирі қол қойған наградалық мінез­де­ме­де 18 сәуірдегі осы бір аса қиын соғыс жайы айтыла келіп, былай деп жазылған екен:

«Хармесдорф елді қонысы маңын­да 1945 жылдың 18 апрелінде күні бойы жау контратака жасады. Майор Нұрма­­ғам­бетов асқан табан­дылық пен шеберлік көрсетіп, немістердің барлық контратакасын тойтаруды қамтамасыз етті. Әскерлер күшін керекті жерінде тамаша ұйымдастыра білді. Жауды әскері жағынан да, техникасы жағынан да үлкен шығынға ұшыратып, орныққан шебінен қуып тас­тады. Оның батальоны жау фаусшылары мен автоматшылары ірі топтарының табанды қарсыласуын таптай отырып, 18 сәуірде Буков қаласына басып кірді. Көше ұрыстарының небір қиын жағдайында қаланың шығыс шетіне ие болу жөнін­дегі полк командирінің бұйрығын орындау­ды өте жақсы қамтамасыз етті. Буков үшін жүргізген ұрыстарда бұл батальон 100 гитлершіні жойды. 12 атыс ұясын талқандады, жаудың 3 танкін, ­1 өздігінен жүретін зеңбірегін құртып жіберді».

1945 жылдың сәуірінде оны коман­да­шылық Кеңес Одағы батыры атағына екінші рет ұсынады. Алайда қыр баласына келгенде жоғары жақтың қыр­сы­ғып қалатын әдеті емес пе, «Алтын жұл­дыз­дың» орнына осыны да қанағат тұтсын дегендей «Қызыл Жұлдыз» орденін табыстайды.

Соғыс аяқталғаннан кейін Сағадат Қожахметұлы кеңес армиясында коман­далық лауазымдарды атқарды.

Егер Сағадат Қожахметұлы тумы­сынан қайсар болмағанда, Фрунзе атындағы әскери академияға түспеуі де мүмкін еді. Емтихандарды сәтті тапсырып бол­ған соң, мандаттық комиссиясының төр­ағасы генерал-лейтенант Сухомлинов офицерлерді жеке-жеке қабылдайды. Ол «Сен небәрі жиырма екіде екенсің, әлі жап-жассың, Ака­де­мияда оқуға ертерек» дегенді айтады. Сонда Сағадат ағамыз жұлып алған­дай: «Соғысқанда жас болмадым, оқуға келгенде жас болып қалдым ба? Менің қазір түскім келеді, болмаса ешқашан! Әйтпесе, әскерден босатыңыз!» дейді. Генерал да азамат екен, сөзге тоқтайды. Осылайша, бірауыз сөз бүкіл ғұмырын әскери қызметке арнауға жол ашады.

Академиядан соң әскери қызметтің барлық баспалдағынан өтіп, ұзақ жылдар бойы Орталық Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Мажар­стандағы кеңес армиясы Оңтүстік тобы қолбасшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарады. Кеңес одағы кезінде мұндай жоғары әскери лауазымда болған қазақ азаматтары некен-саяқ.

1989 жылы «әскери қызметтің шек­ті ­жасына жетуіне байланысты» зей­неткерлікке шыққаннан Сағадат Қожах­мет­ұлы соғыс және еңбек арда­герлері кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ардагерлер істері комитетінің басшысы болды. Соны­мен бірге ол кісінің қатарынан бір­не­ше шақырылымға депутат болып сай­лан­ғанын да айта кету керек. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қарулы күштердің ардагерлері мен мүгедектері істері жөніндегі комитетін басқарды.

Тәуелсіздік алған сәттен бас­тап еліміз­дің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басым міндеттердің біріне айналды. Сол кездегі жағдай ел аумағында орналасқан әскери бөлімдерге дұрыс және қатаң бақылау орнатуды талап етті. Осы мақсатта 1991 жылдың 21 тамызында еліміздің Қауіпсіздік кеңесі құрылды.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста генерал-лейтенант С.Нұрмағамбетов құрметті демалыста болатын. Елдің егемендігін сақтап, оны нығайта түсу үшін шегеге ілген шинелін қайта киюге тура келді.

Қазақстанның мемлекеттік саясатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, 1991 жылы 25 қазанда Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорға­ныс комитеті құрылды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Кеңес Одағының батыры, генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен комитет Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылғы мамырда Сағадат Қожахметұлы Қорғаныс министрі болып тағайындалып, оған кезек­ті генерал-полковник әскери атағы берілді. Ал 1993 жылы 5 мамырда армия генералы атағын иеленді.

Сағадат Қожахметұлы ел тәуелсіз­дігі­нің алғашқы күндерінен бастап Қарулы күштерді басқарды, төл әскеріміздің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Осы ерен еңбегі үшін Президенттің 1994 жылғы 23 мамырдағы Жарлығымен Сағдат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық қаһарманы атағы берілді.

Алғашқы жылдары ұлттық әскери кадр­­лардың тапшылығы бай­қал­ды. Қор­ғаныс министрі кеңес ода­ғы­ның түкпір-түкпірінде, ар жағы Гер­ма­нияда, бер жағы Түрік­мен­станда әскери қызмет атқарып жүрген қазақ офи­церлерін елге шақырды. Бастарын бір жерге жиып, олар­ды басшылық қызметке таға­­йындай бастады. Сонымен қатар әске­ри тәжірибесі мол басқа ұлт өкіл­дерінің де елде қалуына жағдай жасал­ды. Қазақ генералдарының алғашқы шоғыры С.Нұрмағамбетовтің шине­лінен шыққан деп айтуға болады. Бүгін­де олар да ақсақалды ұстаз тұтып, әр­дайым ерекше ықыласпен еске алып оты­рады.

Ол тұста мен елден тыс жерде қызмет ететінмін. Сағадат Қожахметұлымен Мәскеуде, кеңес одағының бүкіл гене­ра­литеті жиналған соңғы бүкілармиялық кеңесте таныстым. Бұған дейін мен де елге оралуға тырысқан едім, бірақ лайықты лауазымдар табыла қоймаған. Өйткені ол кезде дивизия командирі, генерал болатынмын. 1992 жылы 1 сәуірде елге оралып, Алматыдағы әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс корпусының командирі болып тағайындалдым.

Сағадат Қожахметұлының тікелей қатысуымен қорғаныс саласында көпте­ген заң, алғашқы Әскери доктрина қа­был­данды. Қарулы күштердің құ­ры­­лымы мен құрамы түзілді, ықтимал қауіптер негізінде мемлекеттің әскери географиясы қайта қаралды.

Сағадат Қожахметұлы стратегиялық ойлау қабілетімен, жоғары парасат-па­йымы, терең білімі және орасан зор жұмыс қабілеттілігімен ерекшеленетін. Ол кісінің бай өмірлік және әскери тәжірибесі елі­міздің Қарулы күштерін құрудың қиын ке­зеңдерінде аса сұранысқа ие бол­ды. Орта­лық Азия әскери округі бас­шы­­лары­ның бірі ретінде ол еліміздің әскери географиясын, құрамалар мен меке­ме­лердің, техника мен қару-жарақты сақтау база­ларының орналасқан жерін, олардың бас­­шы­ларын жақсы білді, рес­публика аума­ғында орналасқан барлық бөлімде болды.

Бір сөзбен айтқанда, Сағадат Нұрма­ғам­бетовтің басшылығымен қысқа мерзім ішінде орасан зор жұмыс атқарылды. Қазіргі Қарулы күштеріміздің заманауи бейне­сінің негізі сол тұста қаланды. Құр­мет­ті демалысқа шыққан соң да Сағадат аға армиямен тығыз байланыста болып, қоғамдық өмірге, әскери-патриоттық тәрбие ісіне белсене араласты.

Ол – көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған тұлға. Төзімділіктің, ерліктің, Отан­ға шексіз берілгендіктің озық үлгісі бола білді. Сағадат Қожахметұлы Нұр­мағамбетов қандай атаққа ие болса да, КСРО мен Варшава шарты елдерінде қан­дай лауазымда қызмет етсе де, әрқашан же­ке құрамға ерекше назар аударды.

2005 жылы ол Жеңістің 60 жылдығына орай Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбе­рі­нен сөз сөйлеу құрметіне ие болған Екінші дүниежүзілік соғыстың жалғыз ардагері. Өкінішке қарай, Нью-Йоркте жүрген күндері зайыбы Лира Сабировна қайтыс болды. Маған ақсақалды Алматы әуежайынан қарсы алу тапсырылды. Мені көрген бетте, ол бірден: «Не болды?» деген сұрақ қойды. Сол жолы соғыс қаһарманының көз жасын көрдім...

2013 жылы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 89 жасында бақиға аттанды. Қазақтың қаһарман ұлы Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Биыл Ұлттық құрылтайдың «Адал­ адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Екінші дүние­жү­зілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге» деген ел Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыр­жан Момыш­ұлы және Рақымжан Қош­қарбаевтың есімімен атау туралы ұсыныс тастады. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.

Қаһарман бейнесі – халық жүрегінде. Бүгінде Құрлық әскерлерінің әскери инс­титуты С.Нұрмағамбетовтің атымен аталады. Елорданың бір көшесі мен әскери колледжге есімі берілген. Туған ауылында тарихи мұражайы да бар. Ал «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылына батырдың есімін беру туралы бастама жасады.

 

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

Халық қаһарманы,

армия генералы