Руханият • 25 Мамыр, 2024

«Түрік» түбірінен алыстамаған жөн

174 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Көп жылдан жұрт көңілінде жүрген мәселе тағы да қозғалды. Оның­ реті де бар. Өйткені әңгіме – байырғы баба атын дұрыс жазып, ертеңгі ұрпаққа дұрыс таңба­лап беріп кетуде. Бұл – мемлекетқұру­шы ұлт зиялыларының парызы. Бұл – ұлттық намыс ісі. Бұл – өркениеттік мәселе.

«Түрік» түбірінен алыстамаған жөн

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

2017 жылы ТҮРКСОЙ ықпалымен «Түрікстан – түрік халықтарының мәдени астанасы» аталып өткенін білеміз. Үш жүз жыл қазақ ханды­ғының астанасы болған жәдігер шаһар үшін бұл – өркендеудің жаңа белесі. Қазақ жұртшылығы Түрік­станға аса зор құрметпен қарайды. Арғы баба­ның, аталардың көзі деп аялайды. Қазақ қана ма? Жоқ, күллі түрік дүниесі. Түрік жұрты Түрікстанды баба мекен таниды. Қазіргі түркиеліктер ХІІ ғасырда осы Түрікстан маңынан қопарыла көшіп кете барған. Ол – Түрікстан аясын кеңейту ама­лы. Қазіргідей емес, бұрын мемлекетті сақ­тау, өркендету жолы – жаңа жерлерді ием­дену, игеру амалы, сондай-ақ империя ретінде өзге елдерді жаулап алу арқылы жүзеге асып отырғаны мәлім. Сондықтан көне түріктің әлденеше тайпасының байырғы Түрікстаннан бүгінгі Түркие Респуб­ликасы иемденіп отырған жер жан­натына ойы­са қоныстануы, онда Түркие Республикасын құрып, өркен­деп отыруы – қандай да бір түрік текті азамат үшін үлкен мақтаныш. Күллі түрік жұртының дені Ресейдің боданы болып келген ХХ ға­сыр­дың 90-жылдарына дейін Түркие Респуб­ликасы – жер бетіндегі түрік атын шығарған жалғыз түріктік мемлекет. Түрікстан уәлаятынан қопарыла көш­кенде қалған жұрт сол тайпалардың аты­мен әлі күнге Шәуілдір (Шамалдар), Шор­нақ (Шорнақ – шор аялдаған жер) күйін­де кейбірі сәл өзгеріспен сақталып, ата жұртта қалған қазақ үшін құт мекен, алтын бесік.

ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары баспасөзін қарасаңыз, жаппай оянғанын, қай-қайсы да тәуелсіздікке ұмтылғанын көресіз. «Бұлардың түрік еді арғы заты, Жиһанды тітіреткен салтанаты. Бұл күнде азып-тозып күлкі болған, Бұлар да сол түріктің жұрағаты!» (Сұлтанмахмұт) – деп Түрік қағанаты рухын­ оята, тірілте ұм­тылды тәуелсіздікке! Әр ұлттың Ғ.Тоқай, С.Торайғырұлы, М.Жұмабай, Ғ.Чулпон секілді ұлттың ұятына айналған ғажайып ақындары өз ұлтын оятқанда түрік атымен оятты. Түрік аты ХХ ғасыр басында қатты жаңғырықты. Біртуар Гаяз Ысқақи Еділ-Орал татар-башқұрт автономиялық мемлекетін ж­а­сақтамақ болды. Зәки Уәлиди Тоған В.Ленин мен И.Сталин есігін жиі-жиі ашып жүріп, Башқұрт автономиясын құрып кеп жіберді. Түпкі мақсаты Түрікстан Республикасына барып тұтасу болған Г.Ысқақи Ахмет Зәкиге қатты өкпеледі. «Бұл – бізді Русияның бөлшектеуі, сен соған көніп қалдың. Түрік тұтастығын мансап буы­на айырбастап жібердің... Енді біз әлсірейміз». Өкпе сыры осы. Кейін Түркиеге қоныс аудар­ған туыс ұлттың екі эмигранты бірін-бірін кешпей кетті. З.У.Уәлиди ұлт автономия­сы большевиктердің алдаусыратуы екенін білген соң, үкіметті тастап, Түрікстан Республикасына жәрдем беру үшін Ташкенттің ту сыртынан келіп, басма­шымен бірігіп күресіп бақты. Басма­шы кім? Бұлар – Орталық Азияны азат етуді ойлағандар. Армян дашнягымен салыс­тыруға кел­мейді.

Бұл кезде Түркие не халде еді? Оны алпауыт бес мемлекет өзара бөліспекке жаулап жатқан. Егер Мұстафа Кемалдың қайраты болмаса, жер бетіндегі жалғыз түрік мемлекеті сол жолы құрдымға кеткендей еді. Аттиланың қалыптастыруын еске алды ма, Түркиені Еуропада жалғыз алмандар ғана қолдады.

Аттила дегеннен шығады, арғы тарихтан Түрік қағанаты болып жеткен алып империя­ны орта ғасырда күйреткен Әмір Темір екені әмбеге аян. Тоқтамышты ша­уып, Алтын Орданы әлсіреткені және бар. Баязит сұлтанды шапқаны да тарихтан мәлім. Түркиенің басына күн туған ­ХХ ғасыр басында ортағасырлық тарихтан ащы сабақ алған бодандықтағы қазақ, татар, башқұрт, өзбек баспасөзі «Тарт қолыңды Түркиеден!» деп үн қатты.

Өзбек ақыны Чулпонның (Ғабдул­хамит Сүлейменұлы) «Ей, нұрлы жұл­дыз, ғажап жұлдыз, сөйле Сен, Атала­ры­мыздың тарихтағы хатасын» деп жер бетінен алауыздықтан жо­йы­­­­лып кеткен Хазар траге­дия­сын еске ала жырлауы, Мағжан Жұмабайдың «Түрікстан» жырында түрік ұлт-ұлыстарын ынтымаққа шақыруы, «Алыстағы бауырыма» өлеңінде Түркиені жігерлендіруі ортақ тарихта таңбаланып тұр.

Түрік ұлттық жаңаруының теориялық негізін жасаған Зия Көкалып 1905 жылы Түрікстан шаһарына келіп, бірлік туралы үлкен жиын өткізеді. Біздің Садық Өтегенов елден алтын жамбы, тай-тұяқтарды молынан жинап, Түркиенің Ресейдегі елшісі Тұрхан пашаға келеді. Жетекшісі – түрік­шіл қазақ зия­лысы Мұстафа Шоқай. Бұл Түрік­стан­ның қай кезде де тү­­­рік ұлт­-ұлыстарының ын­­­­тымағы ұйысқан кіндік шаһары бол­ға­нын көрсетеді.

Осындай береке-бірлік жаңа заманда жаңаша өрбуі қажет. Біз 90-жылдардан бері Түрікстанның Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті күллі түрік халықтарының талапты перзенттерін оқытатын оқу ордасына айналса деген ұсыныс айтып келеміз. Бұл тек Қазақстан мен Түркие арасындағы ел­аралық жоғары мектеп емес, шынайы Түрік ха­лық­тары университеті (РУДН форматында) болса, құрушы елдердің бәсіне шығары анық. Өкінішке қарай, бізді әр кезде «түрік» пен «түркі» сөзінің ара-жігін ажырата алмайтындар басқарғаны жасырын емес...

Тарихи «түрік» сөзі тұрғанда «түркі» деп қолдану – әріге салсаң парсылық, беріге салсаң кеңестік басымшылық. Сан­ғасырлық бодандық психология. Білген кісіге «түркі» сөзі түрпідей тиеді. Бодандық екенін білмеген кісі тарихи «түрік» ұғымын ұмытып, «түркі» сөзін малданып бара жатыр. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды... Белгісі ол надан адамның». Осылай Абайша ашынуға тура келеді.

Шынында, осы біз кімбіз? Түрік пе, әлде түркі ме? Осы сұрауды қазақтың руха­ният тарихын ХVІІІ ғасырдан түрік­тік кезеңіне дейін ілгерілеткен профес­сор Бейсембай Кенже­байұлының шә­кірті, белгілі қайраткер, түріктанушы Мыр­затай Жолдасбековке қойғаным да бар. Уни­вер­ситетте бізге ру-таңба жа­зуын үйреткен – осы Мырзекең мен Мархабат Томанов. Хатыма ұстазым «Біз түрікпіз!» деп тайға таңба басқандай етіп жауап берді.

Енді дәйек келтірейік: Бірінші мақам – «Диуани луғат ит-түрік» аталады. Білімпаз Ә.Нәжіпте – «түрк» («Древнетюркский словарь»), «Түрік қағанатынан бүгінге дейін» (Б.Кенжебайұлы), «түрік» – М.Жол­дас­бе­ковте де, Қ.Салғараұлында да тұрақты, «Түрік тарихының жаңғырығы және адам­заттың асыл мұрасы – «Шахнама» (И.Жеменей), «Түрік тілдес халықтар кітап­ханасы» (К.Мұсаев), «Түрік халықтары тарихынан терең мәлімет беретін еңбек» (қара­қалпақ С.Бахадырова), «Көк түріктер» пьесасы (Б.Вахабзаде, Р.Сейтметов). Екінші мақам – ТҮРКСОЙ (халықаралық ұйым), «Түрк» (А.Сейдімбек), «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» (Ж.Бейсенбайұлы), «Ч.Айт­ма­тов­дун чыгармаларынын түрк тилиндеги котор­молору» (Н.Казауова, қырғызша). Үшінші мақам – «Түбі бір түркілер» (С.Бизақов), «Түбі түркі өркениет» (Ә.Ахметов), «Түркі халықтарының этно­мә­дениеті» (А.Тоқтабай), «Түркілік бірлік бас­тауы – ортақ мәдени» (Д.Ысқақұлы, Қ.Нұрымова), «Жаһандану: жойылу қаупіндегі түркі тілдері» (З.Имашева), ТүркіАП (парламенттік ассамблея), Халық­аралық Түркі академиясы (халық­аралық ғылыми мекеме). Міне, көрдіңіз бе, жазуда бірізділік жоқ.

Бұл мәселеге Түркиелік түріктер қалай қарайды? Олар мемлекетінің бұрынғы кезеңін «Османлы» атайды. Бүгінгі мемлекетін «Түркие» дейді. Өздерін «түркиелікпіз» дейді. КСРО-дан кеткен тарихшы-музейтанушы Акдес Ныгмет Кураттың маңызды еңбегінің атауы – «Түркие ва Руссия». Түркиеде шыққан ғылыми еңбектер атауы: «Түрк лекшелері сөзлугу», «Түрк әдебиеттері (көпше) антология­сы», «Түрк дүниясы ортақ әдебиеті», «Түрк дүниясы әдебиеті тарихы», «Түрк дүниясы ортақ әдебиеті», «Генел Түрк тарихы» (10 томдық). Олар бізді «түрк» атап, ортақ тарихымыз, ортақ әдебиетіміз туралы том-том кітап шығарып келеді.

Түп-тамыры Томсен, Радлов (Фрид­рих Вильгельм), т.б. бастау алатын түр­ко­логия ғылымын орнықтырған – Ресей ғалымдары. «Түрік» терминін орыстардың қалай қолдануы жа­йында бірер сөз. «Победитель турок» (роман атауы), «турк», «тюрк», «Турция»... Қарап отырсаңыз, бір «түрік» сөзінің жазылуы қилы-қилы. Әйгілі В.В.Бартольд «турк», «тюрк» фор­масында қолданады. КСРО Ғы­лым академиясының қазақ базасын бас­қарған (1932), Нәзір Төреқұловпен дос­ болған А.Н.Самойлович Османлы тү­рік­терін, Түрікстан (Орта Азия – советтік атау) түріктерін жазғанда кейде «турк», кейде «тюрк» («О надписи тюркскими рунами на р.Бегре в Тувинской Республике») дейді, енді бірде «турецкий» («Турецкий памятник из Ихе-Хушоту в Центральной Мон­голии») деп жазады. Бір қызы­ғы, Самойловичтің түрік­­та­ну мақа­лаларын түрік тіліне аударғанда «түрк» формасында түбірге жақын­да­тып алады. Түріктану тарихында төңкеріс жасаған Л.Н.Гумилев «Байыр­ғы түріктер» (1967) кітабының бас­та­уында: «Посвящаю эту книгу нашим братьям – тюркским народам», дейді.

Сонымен, «түрік» түбіріне неге қиянат жасадық? Құдай­берген Жұбановқа да қайы­рылайық: «Диуани хикмәттің» тілі – қазіргі кездегі түрік нәсілдік қай ұлттың тіліне жақын... Өйткені ол кездегі Түркістанды жайлаған халықтардың аттары қазіргі қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікпен деген сияқты жеке-жеке ұлттардың атаулары емес еді. Қазіргі кезде осылайша түрлі атпен аталып отырған ұлттардың барлығы «түрік» халқы деген бір-ақ атақпен аталушы еді. Қазіргі сияқты «өзбек», «түрікпен», «қырғыз» тілі деген жеке ұлт тілдері әлі пайда болған жоқ еді» (Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөнін­­дегі зерттеулер. 321-б.). Мұнда да ­бабамыз аты «түрік» қалпында.

2008 жылы Мырзатай Жолдас­бековтің ұйытқы болуы­мен «Батыс Түрік қағанаты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция­ өтті. Осыны біздің БАҚ «Түркітанудағы тың деректер» деп бұзып жазды. Газет мақаласының ішінде – «түрік», сыртында – «түркі».

Өз басым 2010–2017 жылдары «Түрік­стан жинағы» атауымен 7 кітаптан тұра­тын түрік дүниесі руханиятын қамтыған жинақ шығардым. 2016 жылы 5–6 мамырда Түрікстанда халықаралық конференция өткізіп, оған әлемнің түрік ұлт-ұлысынан айтулы ғалымдарды шақырып, пікір алмастық. Бәрі «Түрік» атауымен, терминімен жүрді. Осы жиынды «Ана тілі» газеті «Құлбек Ергөбек және қазіргі түріктану» деген атаумен ұсынды.

Кеңес тұсында «Қазақтың тілі ме, ҚазТАГ-тың тілі ме?» деген қаламгерлер мәте­лі болатын. ҚазТАГ – аударма мате­риалмен жұмыс істейтін мекеме. «Тілбұзаризм» көбіне аударма арқылы келетін. Мерзімді баспасөз де тілшұ­бар­лауға да­йын тұрды...

Түрікстанда қызмет етіп жүрген түркие­ліктер бізден: «Қазақтың түркке қатысы жоқ па?» деп сұрайтын. Тілімізді тістеп алатынбыз.

«Түрік» сөзінің өзі көптік мағы­на білдіреді. Оған «түрік­­тер» деп көптік жалғау жалғадың не, «түрік халықтары» деп жаздың не – айырмашылығы шамалы. Тіпті болмағанда «түрік» деп – түркиеліктерді, «түрік халықтары» деп күллі түрік дүниесін жазайық.

«Тілде, пікірде, істе – бір­лік» деген Ысмайыл Ғаспаралы сөзі бүгін де көкейкесті. Түрік мемлекеттері саммитінде ықпал­дастық жайында жиі айтылады. Көбіне экономикалық ұғымда. Ал біз оның руха­ниятқа қатысты жағын неге дамыта бермейміз? Біз көп­тен көтеріп келе жатқан Қ.А.Ясауи университетін кешік­тірмей «Түрік халықтары уни­верситетіне» айналдыру да ба­уырлас ұлттар зиялыларының жігері мен нақты ісіне байланысты.

Президент Қ.К.Тоқаев «Түркістан – күллі түрік дүние­сінің мәдени бас қаласы» деді. Бұл тұжырым бәрімізді қуантады. Жаңарған қала атауы да Түрікстан болатын кез әлдеқашан туды. Шаһар тарихына келсек, бұл мекен Шауғар атанған бағзы­да (В.В.Бартольд, С.Л.Волин, С.Г.Кляш­торный еңбектері). Орта ғасырда (ХVІ ғ. дейін) – Иасы (Ясы емес), кейін келе Түркстан (Түркістан емес) аталады. «Стан»  парсы қосымшасы екені рас. Бірақ арабша жазуда «і» жазылмайды. Тіпті ауызекі айтылуда да «і» жоқ.

Сол секілді түріктану – әу бас­та «туркология» еді. Келе-келе ол «тюркология»-ға айналып кетті. Мұны да қайта сауатты, елдік мүддемен жазу – ғалымдар міндеті.

Бөрілі байрағын биік ұстаған бабаларымыз елінің атын «Түрік қағанаты» деді. Байырғы түрік бітік тасында: «Күндіз отырмадым, Түнде ұйықтамадым, Қара терімді төктім, Қызыл қанымды ағыздым, Түрк бұдыны үшін!» деп ойып жазылған. Біз осы тастағы жазуды бұрмалағанда не таптық? Кейін қасақана қосқан бір дыбыс, қосақталған бір қаріп көп ұғымды бүлдіргенін түсіне алдық па?..

Жылда бір түрік ұлт-ұлысы арасында болып, елі, жерін аралап қайтатыным бар. Түріктік алтын тамыр, асыл қайнарға ден қою мұраты! Сонда байқағаным: татардың бір бөлігі шоқынған. Оларды өздері «крешен татар» деп атап, солай таңбалайды. Аты-жөні бәрі орысша, тіпті көбі өз ұлтының санатына енбеген... Мұны олар намыс көре ме, жоқ па – онымен есептесіп жатқан жан жоқ. Орыстың тамаша ақыны Михаил Львов (Рафкат Маликов) та шоқынған татар-ды. «Түрік фамилиялас орыс­тар» кітабын ақтарып қарасаңыз, орыс әдебиеті, мәдениетін, тіпті ғылымын жасаушылардың дені – түріктер. Литва князінің тұқымы (А.С.Пушкиннің ұстазы) Чаадаев – Шағатай жұрағаты. Алтай, Тыва, Хакас, Шор түріктері де шоқынған. Өзі аз тұқым бола тұра әртүрлі дін сабағын ұстайтынын қайтерсің. Бар-жоғы 17 мың Алтай нәсілі 6 түрлі діннің жетегінде. Аты-жөн мұнда да орысша. Атақты рунист-архео­логтер әкелі-балалы Қызыласов – хакас. Әріптес, қанжығалас дос, көрнекті ғалым марқұм Виктор Бутанаев та осы ізбен тарпаң басып жүрді. Хакасша аты – Әстәй еді. Орыс фамилиялас түрік тұлғаларына жаның ашиды.

Тіл – жанды құбылыс. Бір­сыпыра түрік ұлт-ұлыс­тарының ассимиляцияланып бара жат­қаны – трагедия. «Турки» мен «тюрки»-ді шығарып жүрген – кеңестің әріпшіл ғалым­дары. Мұны елтігіш қазақ «түркі» деп іліп ала жөнелсе, бұл – біздің еренсіз енжар­лығымыз.

Біз – қара шаңырақта отырған халық­пыз. Қара шаңырақ тілдік, салттық дәстүрге берік болуы ­
керек. Байырғы тегіне, этноним атауына адал бола алмасақ, кімбіз? Қара шаңырақтың киесі ұрмай ма? Ха­лық­аралық ТҮРКСОЙ ұйы­мы арқа­сында тарихи үш ғасыр мәртебе­сін­ еске алған Түрікстан түрік халық­тарының мәдени астанасына айналып бақты. Бұл түрік халықтары жаңаруының басы шығар. Патшалық Туркестан, кеңестік Түркістан – азатшыл Түрікстанға айналуына үмітті­міз. Ләйім, сол күн тым ұзаққа созылмаса.

Асылы, «түрік» – біз үшін рәмізді атау. Бұл – мемле­кетқұрушы ұлт тарихының елеулі қатпары, белесті кезеңі. Ендеше, «түрік», «Түрікстан» болып айтылуы мен жазылуы – ұлттық намыс ісі, өркениет қағидаты.

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор