Оқиға • 28 Мамыр, 2024

Өз-ағамның өнегелі баласы

16 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Антоновка – ілкі заманда тыңгерлер қоныстанған, етек-жеңі кең пішілген ауыл. Бұрын сап-сары болып тұ­ратын. Кейінгі жылдары өңі өзгерді. Төңіректегі шағын ауылдың адамдары көшіп келіп жатыр. Себеп, қара жолдың бойына қоныстанған. Ауылды қақ жарып өтетін қара жолдың бойында қысы-жазы саудасы жүріп жатады. Негізінен картоп, көкөніс, қаз-үйрек сатады. Нәпақасын осы жаяу саудадан айырып тұрғандардың арасынан жергілікті ұлт өкілін емге таба алмайсыз.

Өз-ағамның өнегелі баласы

Ауылға кіре берісте, жазық даланың үстінде доп қуалап жүргендер көзге шалынды. Әуелі бала екен дегенбіз, сөйтсек, 25-30-дағы тепсе темір үзетін жігіттер. Ойыншылардың үстінен төніп, ұрандап тұрғандар қаншама. Бұл уақытта ауыл адамдары бір қолы екі ете алмай жанталасып жатушы еді. Қазір жайбарақат.

Ұлы нағашымыздың жылдық асына келгенбіз. Ас ішіп болған соң келер-кетері жоқ қысыр әңгіме басталды. Айтуларына қарағанда, қыстан қысылып шыққан. Әсіресе жылқы малы. Қара күзде-ақ көтеремге айналса керек. Биылғы қыс та оңай болмады. Әсіресе қалада тұрып, ауылда жылқы ұстайтындар қиналып қалды. Жылқышы мал иесіне хабар беріп, «кеудесінде жаны барды алып кетіңдер» дегенімен, қалада тұратын бейбақ қайда апарып бақпақ? Биыл жылқышы да таба алмай қалыпты. Қазір өзбектер келіп бағып жатыр екен.

– Бір бас жылқыға бес мың теңге алады, – деді Қайдар аға, – ауылда 400-дің үстінде қылқұйрықты бар. Сонда ай сайын екі миллион теңге өзекеңдердің қалтасына түсіп тұр-ау.

– Өздеріңіз неге бақпайсыздар, – деп сұрадық, біз, – әлде адам жоқ па?

– Ауылда екі қолын қайда сый­ғызарын білмей жүргендер толып жатыр, жүр ғой әне, доп қуып, – деді Қай­дар аға, – қарына құрық іліп, жыл­қы баққысы келмейді.

Төрде отырған Әбу ақсақал өзбек баласының өлермендігіне тамсанған. Жылқышы өзбектер күндіз тәмам жылқыны шарбаққа қамап тастап, ауыл адамдарының үйлерін сылап-сырлап, қораларын жөндеп беріп, қаражат табады екен. Бес баласы бар Әбекең де картоп ектіріп алмақшы. Өзінің айтуына қарағанда, жер жағдайын жақсы білетін өзекеңдер ексе, шығымы жақсы болуы мүмкін.

– Жыл сайын егіп жүрміз ғой, – деген Әбу ақсақал, – былтыр да ектім. Екі қап тұқым. Күзде екі қап алдым. Шығын жоқ.

– Күзде көргенмін, – деген көршісі мырс етіп, – қайсы картоп, қайсысы арам­шөп екендігін адам айырып болмайды.

Қайран, қазақтың тірлігі-ай!..