Аймақтар • 29 Мамыр, 2024

Құлсары тұрғындары баспана бойынша төлемақы алды

41 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құлсары тұрғындары баспана бойынша төлемақы алды

Фото: Видеоскрин. ТЖ жөніндегі жедел штаб

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы мәлім еткендей, бүгінде 1209 тұрғынның есепшотына төлемақы аударылды. Оның 451-і жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін, 758-і тұрғын үй сатып алу немесе үй құрылысын салу үшін төлемақы алды.

«Комиссия шешімімен үйіміз бұзылатын болды, хабарлама келген соң қаражат ертеңінде аударылды, оған үй сатып алғымыз келеді. Биыл салынғанына 10 жыл болған үйіміз суға кеткенде аяқ-қолды алып жүретін мүмкіндік болған жоқ. Құжаттарымызды ғана түгендеп ала алдық. Болашақта барлығы қалпына келеді деп үміттенеміз. Бұзылған үйдің орны өз иелігімізде қалатын болды. Су тасқыны болып жатқанда Маңғыстаудағы туысымыздың үйінде отбасымызбен уақытша тұрдық», дейді зейнеткер Дариға Ағысова.

Үйі бұзылатындардың қатарындағы Ерболат Таңқиевтің айтуынша, үйі мен автогаражын түгелдей су басқан.

«Ең алдымен залалсыздандыру жұмыстарына өтініш бердік. Үйдің қабырғасы жарылып, судың әсерінен еден көтеріліп кетті. Бағалаушылар мен техникалық зерттеу мамандары да үйдің жағдайын көрді. Мүлікті бағалаушылар да келді. Содан соң комиссияның шешімімен үйіміздің бұзылатындығы туралы хабарлама алдық. Үйді бұзуға 45 күн мерзім беріледі екен, сондықтан үйді бұзу жұмыстарына кірісіп кеттім», деді Е.Таңқиев.