Қоғам • 30 Мамыр, 2024

Жылқы мен қазақ – егіз ұғым

80 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Мәжілістің жалпы отырысында спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заң жобасы қабылданды. Бұл дер кезінде қолға алынған заңнама деп айтуға толық негіз бар. Өйткені қазір елімізде асыл тұқымды тұлпарлардың саны күрт азайған.

Жылқы мен қазақ –  егіз ұғым

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Заң жобасын талқылау кезінде депутат Айдарбек Қожаназаров аталған мәселеге назар аударып, Қостанай тұқымын мысалға келтірді. Әйгілі сәйгүлік тұқымы осыдан 70 жыл бұрын ғылыми зерттеу нәтижесінде өсіп-өнген еді. 2014 жылы мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін күрт азайды.

«1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқы санының 9,7 пайызын құраған. Алайда бүгін рес­ми­ тіркелген Қостанай жылқысының саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқы­мы­ның 1 300 басы тіркелген», деді А.Қожаназаров.

Заң жобасында қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға, өсімін молайтуға бағыт­талған субсидия қарастырылған. Атап айтқанда, асыл тұқымды орталықтарға шетелден спорттық бағытта арналған айғырлар сатып алуға, асыл тұқымды биелерді өсіруге қаржы беріледі. Сондай-ақ оларды күтіп-баптауға да қолдау жасалмақ.

Жылқыға мемлекеттің ерекше көңіл бөлуіне бірнеше себеп бар.

Біріншіден, жылқы мен қазақ – егіз ұғым. Қамбар ата тұқымын ең алғаш қол­ға үйреткен қазақтар екені мәлім. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген, дауға түс­пей­тін факт. Мәселен, еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін көрсетті.

«Science» журналына шыққан ака­демиялық зерттеу ең алғаш Ботай мәде­­ниетінің өкілдері жылқыны қолға үйрет­ке­нін бұлтартпастай дәлелдеді. Алан Оутрам бастаған ғалымдар осы зерттеуде Ботай мәдениетінің өкілдері біздің заманымыздан бұрынғы 3500 жылдары бие байлап, қымыз ішіп, жүйрік баптағанын айтады.

Екіншіден, жылқы саны мен сапасына ерекше назар аудару қажет. Ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы, про­фессор Игорь Нечаевтың жария­лаған мақаласына сүйенсек, 1916 жылы қазақ даласында 4,6 миллион бас жыл­қы жайылып жүріпті. Ұлттық статис­тика бюросы деректеріне сәйкес азаттыққа қол жеткізген тұста 1,6 миллион тұлпар қал­­ған екен. Өкінішке қарай, 2001 жылға дейін біртіндеп азайып, милионнан кеміп кет­­кен еді. Бірақ содан кейін көбейе бастады. Мысалы, 2012 жылы тәуелсіздік алған тұс­­тағы деңгейге теңескен. Былтыр Алтай мен Еділдің арасында 3,8 миллион тұлпар тебіндепті.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашы­лығы ұйымының мәліметіне сүйенсек, шартарапта 57 миллион жылқы жайылып жүр. Соның 10,6 миллионы АҚШ-қа тие­сілі. Мексика да тұлпары көп ел саналады. Онда Қамбар атаның 6,4 миллион тұқымы бар. Бразилияда да жылқылар жетерлік (5,7 миллион). Сол секілді Моңғолия мен Қытай да ер қанатын көптеп өсіретін елдер қатарында. Кейінгі жылдары Қазақстан бұл тізімге қосылды. Тізімдегі алғашқы үштікті қуып жете алмасақ та, жылқы саны жөнінен көрші елдерден кем түспейміз.

Үшіншіден, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде ежелден жылқы жануары­ның орны ерекше. Мінсе – көлік, жесе – ас.

Бұдан бөлек, ат спортына қатысты түрлі ұлттық ойынымыз бар. Бәйге мен көкпар десе, делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем. Теңге ілу, жамбы ату секілді сайыстардың орны бір төбе.

Төрткүл дүниенің төрт бұрышын түген­деген Абсенттің жеңісті жылнамасы баршаға аян. 1960 жылы Рим Олимпиадасында оза шауып, КСРО қоржынын алтын медальмен толықтырды. Содан кейінгі төрт­­жылдық­тың дүбірлі бәсекелерінде бір күміс, екі қола жүлдені жеңіп алды.

Өкінішке қарай, тәуелсіздіктен бері Қазақстан ат спортынан Олимпиадада жүлде алған емес. Қамбар ата тұқымын спорттық мақсатта қолдануға жете көңіл бөлмей отырғанымызды көрсетеді бұл. Әйтпесе, Құлагер мен Шалқұйрықтың тұқымы қалмады деп айтуға ауыз бармайды. Алысқа бармай-ақ қояйық, Адай жылқысы бүгінде халықаралық сарапшылардың тарапынан жоғары бағаланып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде алғаш рет «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйге өткізілді. Он екі күнге созылған сайыста Адай жылқысын баптап мінген маңғыстаулық шабандоздар бірінші келді. Былтыр өткен екінші жорықта Адай жылқысы жекелей сында шашасына шаң жұқтырған жоқ. Сөйтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Дегенмен бұл марафонда топтық есепте Жетісу облысының шабандоздары жеңіс тұғырынан көрінді.

Алғашқы марафон-бәйгеден соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне барған сапарында Адай жылқысының санын, өсімін молайтуды қолға алуды тапсырған еді.

«Халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше. Қазақтың Адай жылқысы – Маңғыстаудың бірегей байлығы. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. Қазақы Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады! Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырамын», деген еді Қ.Тоқаев сол кезде.

Президент тапсырмасының нәтижесінде Адай жылқылары ғылыми тұрғыда дербес тұқым ретінде танылды. Сөйтіп, былтыр жаңа жыл ауысар тұста Ұлттық зияткерлік мен­шік институты бірнеше тұқымға патент берді.

Ұлттық рухты нығайтатын, халықты біріктіретін сайыс биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы «Ұлы дала жорығы» көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Павлодардан бас­талды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 19 команда Астанаға дейінгі 500 шақырым қашықтықты еңсеруге тиіс болды. Биылғы сайыста Жетісу облысының өкілдері топ жарды. Мәре сызығын екінші болып кескен маңғыстаулық шабандоздар жүлделі екінші орынды иеленді. Алматы қаласының командасы көмбеге үшінші жетті.

«Ұлы дала жорығының» биылғы жеңім­паздары алдағы V Дүниежүзілік көшпелілер ойыны қарсаңында өтетін халықаралық сайысқа қатысатын болды. Оған әлемнің 15 елінен команда қатысуға тілек білдірген. Енді қазақ жылқылары өз мықтылығы мен жүйріктігін халықаралық спорттық жарыс­тарда дәлелдейді.

Төртіншіден, жылқы еті – қазақ үшін жеңсік астың бірі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 605 мың тонна ет өндіріледі. Соның ішінде 77 мың тоннасы жылқыға тиесілі. Бір қызығы, Ұлы далада Қамбар ата тұқымы миллиондап саналса да, шалғай шетелдерден жылқы етін тасымалдайды екенбіз. Мысалы, былтыр елімізге 3 мың тоннаға жуық ет импортталған.

Біз жылқы етін сатып алатын елдердің қатарында Аргентина, Уругвай секілді мемлекеттер бар. Ұлы даланың құнарлы шөбін жеп қоң байлаған жылқы жетіп жатқанда, сонау Латын Америкасынан жал-жая тасы­малдаудың себебін кім білсін?

Кейбіреулер шетелде жылқы еті арзан екенін алға тартады. Бірақ джунглиде жайы­лып, Амазонкадан су ішкен жылқының қазысы табан шыға қоюы екіталай. Ендеше, елімізде асыл тұқымды сәйгүліктер ­санын көбейтіп қана қоймай ет қорын да молайту керек-ақ.

 

 Әлихан ҚЫСТАУБАЙ 

Соңғы жаңалықтар