Digital • 30 Мамыр, 2024

Керек дерек

31 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәтін жазудың қыр-сырына мейлінше жетілдірілген, жарамсыз, нашар деген шығар­маның өзін бар қатесінен арылтып, мінсіз қалыпқа түсіре алатын ChatGPT сынды бағдарламалар күннен-күнге қарқын алып, дамылсыз дамып келеді. Соның бір мысалы, OpenAI компаниясы жақында GPT-4o деп аталатын жасанды интеллектінің жаңа моделін жұртшылыққа таныстырды.

Керек дерек

Жаңа бағдарламаның ерекшелігі қандай дейсіз ғой? Компанияның бас техникалық директоры Мира Муратидің айтуынша, GPT-4o алдыңғы модельдерге қарағанда әлдеқайда жылдам жұмыс істейді. OpenAI-дың бұған дейінгі GPT-4 моделі мәтін күйінде ғана берілген сөзді түсіне алатын еді. Ал жа­ңартылған GPT-4o нұсқасы 50 тілді еркін мең­геріп қана қоймай, ауызша айтылған сөзді де талдай алатын мүмкіндікке ие. Мұндағы «o» әрпі «omni» деген мағынаны білдіреді. Қазақшаласақ, «жан-жақты». Яғни ол мәтін­ді, ауызша айтылған сөзді, сонымен қатар бей­нені өңдей алады. Ал ең маңыздысы, қазақ тілінде еркін әңгімелеседі. «Әңгімелеседі» деп отырғанымыз да бекер емес. Өйткені OpenAI-дің бұл шығарылымы адамға көбірек ұқсайды. Ол сұрақтарға жауап бергенде әңгімелесушінің дауыс ырғағы мен көңіл күйін аңғарып, соған сай эмоционалды реңкте жауап қайырады. Тақырыпқа байланысты бірде қуанады, бірде мұңаяды. Сұрақ қоюшы мейлінше ашылып, сырын бүкпей, сауалын нендей мақсатта қойып отырғанына дейін айтып, еркін сөйлессе, жасанды интеллекті де жағымды ақпаратын жасырып қалмайды. Бұдан бөлек, GPT-4o моделі­мен ауыз­ша сөйлесе отырып, оған телефон камерасында математикалық есептің суретін көрсетуге болады. Сол арқылы жасанды зер­де  небір күрделі есептердің де шығарылу жо­лын сізге ауызша түсіндіріп береді.