Сараптама • 30 Мамыр, 2024

Баспана және «банкрот тәсілі»

134 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір жеке тұлға үшін банкрот атану біршама жеңілдетілді. Мемлекет азаматтардың қарыз жүктемесін шешу мақсатында осындай қадамға барған болатын. Әрине, тәуекелі көп қадам. Соған қарамастан көпшілік жаппай банкрот атануға кірісіп те кеткен сыңайлы. Бірақ қарыздан оңай құтылудың зардабы да жоқ емес. Әсіресе баспана алу кезінде.

Баспана және «банкрот тәсілі»

Шын мәнінде, мемлекеттің банкроттық туралы заң қабылдаудан басқа шарасы да қалмаған болатын. Себебі халықтың басым бөлігі несие жүктемесінен арыла алмай отыр. Бұл орайда қарыз ақшаны оп-оңай бере салып, бірақ «жегенін желкесінен шығаратын» микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) сорақылығын айтып өтуіміз керек. Бір оқырманымның басында 13 микрозайм бар екен. Ал ішіндегі біреуінің жылдық үстемеақысы 1024% болып кеткен. Қысқа мерзімдік займдардың пайыздық үстемеақысы бір күннің өзіне 0,1%-дан 3%-ға дейін жүреді. Уақытында төленбеген займның бір жылдық үстемеақысын санай беріңіз.

Сөйтіп, халық шектен тыс несие тұзағына ілінді. Осыған орай Үкімет нормативтік-құқықтық актілерге біршама өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. Енді проблемалық қарызы бар азаматтардың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін несие төлемі 90 күннен артық кешіктірілген жағдайда азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит беруге тыйым салынады. Бұдан басқа, банк­тер мен МҚҰ үшін барлық қолданыстағы өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады және жеке тұлғалардың кредитін коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізіледі. Заң жобасын әзірге депутаттар талқылап жатыр. 

Ал енді осыған дейін қарызға белшесінен батып, кредитін жаба алмаған азаматтар өзін  банкрот деп тану үшін өтініш беруге құқылы. Бірақ мұны жасамас бұрын, жеті рет өлшеп бір рет кесу керек деп ойлаймын. Банкроттыққа ұшыраған кезде азамат өзінің несиелік ұпайын төмендетіп алатынын түсінуі керек. Сондықтан мәселені жан-жақты саралағаннан кейін ғана шешім қабылдаған жөн. Банкроттық, әрине, жеке тұлға үшін бүкіл кредит пен микрозаймнан бір мезетте құтылатын таптырмас амал. Көбі болашақта туындайтын кедергілерді ойламай, әрекеттерін таразыламай банкроттыққа өтініш тапсырып жатады. Жыл басындағы статистика бойынша 80 мыңнан астам адам банкроттыққа өтініш берген екен.

Өкінішке қарай, борышкердің басым бөлігі аздаған сома үшін банкроттыққа ұшырап, енді соның зардабын шегіп жатыр. Олардың біразы – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар. Тиісінше баспанаға мұқтаж адамдардың басым бөлігі де – халықтың әлеуметтік осал топтары мен мемлекеттік қызметшілер. Қазір жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға 614,7 мыңнан аса адам кезекте тұр.

Азамат келешекте қандай да бір ипотека немесе займ алайын десе, бірақ ерлі-зайыптылардың бірі банкроттыққа ұшыраған болса, онда өтінім мақұлданбайды. Себебі банкроттыққа ұшыраған адам алдағы бес жыл ішінде несие ала алмайды, жеке тұлға ретінде тіркеле алмайды, ал қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы ұдайы тексерілетін болады.

Керісінше, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар болмайды. Бұл рәсімді қолданғанда сотта борышкер өзіне ыңғайлы төлем кестесін және төлеу мерзімін жасатып алады. Бұл рәсімнің артықшылығы – одан кейін азамат «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдар  қолданылмайды.

Осындай  проблемаға кезіккен азаматтар заңгерлерден шығар жолды іздеуге кеңес сұрап жатады. Мысалы, маған бірнеше адам хабарласып, осындай жағдайда не істеуге болатыны туралы кеңес алғысы келді. Айгүл есімді азаматша ипотека алғысы келіп, банкке барса оған ипотека мақұлданбады, себебі күйеуі банкроттыққа ұшыраған. Осындай кедергілерге болашақта тап болмас үшін алдымен кәсіби заңгерлер мен мамандардан кеңес алу қажет.

Егер жақын перспективада қандай да бір бағдарламамен баспана алуды ойластырып отырған болсаңыз, онда ең абзалы – төлем қабілеттігін қалпына келтіріп, қаржы инс­титутымен келісіп, ыңғайлы төлем кестесін жасатып, несие тарихын жақсарту.

Аз ғана сома болатын несие үшін банкрот тәсіліне жүгініп, ертесіне баспана алу мүмкіндігінен айырылып жүрмеңіз.