Қоғам • 31 Мамыр, 2024

Бүйрегінен тоқтаусыз ұрған: 18 жастағы сарбаздың өліміне қатысты тың дерек айтылды

45 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

13 мамырда Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінде 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүйрегінен тоқтаусыз ұрған: 18 жастағы сарбаздың өліміне қатысты тың дерек айтылды

Досымжан Сәлімжан былтыр күзгі шақырылымда өз қалауымен әскерге кеткен. Алайда көп ұзамай бала бүйрегіне, өкпесіне шағымданып ауруханаға түскен. Сарбаз Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонында қызмет еткен. Денсаулығы күрт нашарлай бастағанда алдымен Сарыөзектегі ауруханаға жүгінген. Онда баланың асқазаны тазаланған. Кейін ол жедел түрде Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінде жансақтау бөліміне жатқызылған. 10 күннен кейін баланың жүрегі тоқтап қалған.

Massaget.kz тілшісі жазғандай, баланың ата-анасы оның өліміне лейтенантты кінәлап отыр. Олардың айтуынша, билігін асыра пайдаланған әскери сарбазды тұрақты түрде ұрып келген, салдарынан баланың денсаулығы сыр бере бастаған.

 Дәрігерлер балаға жедел гломерулонефрит, яғни бүйрек жетіспеушілігі деген диагноз қойған.

 Досымжанның анасы 3 мамыр мен 13 мамырға дейін денсаулығы қандай болғанын, қандай ем-шараларының қабылданғанын, өзін қалай сезінгені туралы білгісі келеді. Олар баланың жаназасы өткеннен кейін Құлсарыдан келген. Анасы бұл істің байыбына бармай, жаным тынышталмайды дейді. Massaget.kz тілшісі марқұм сарбаз емделген әскери госпитальге барды.

 - Мен оны емдедім. Ол 3 мамырда келіп түсті, түскенде денсаулығы ауыр деп бағаланды. Бүйрек жетіспеушілігінің белгілері болды. Бұл белгілер зертханалық мәліметтерден кейін расталды. Бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Сол жерде гемодиализ, плевралық пункция және қан құюды қамтитын қарқынды терапия кешені жүргізілді. Оған қоса, симптоматикалық ем жасалды. Емдеу кезінде жағдайы алғашында қалыпқа келіп, жақсара бастады. Кейін ағзаның басқа да мүшелері бүліне бастады. 13 мамырда жағдайы күрт нашарлай бастады. Жүрегі тоқтап қалды. 45 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілді. Ол нәтиже бермеді. 15:15-те өлім тіркелді, - деп жауап берді сарбазды емдеген дәрігер Иван Карташов.

Сарбаз түскен бойда оған УДЗ жасалған. Сол кезде оның жүрегі мен іш-құрылысы суға толғаны анықталған.

- Баланың жүрегін, өкпесін қарадым. Жүрегінде де, өкпесінде де, іш-құрылысында да су көп мөлшерде толып қалған. Бүйректің жедел жетіспеушілігі белгілері көрінді. Бала түскенде оған осындай қорытынды берілді. Ағзаға су жиналуының себебі көп. Көп жағдайда қабыну ауруларынан, салқын тигеннен, бүйрек дұрыс жұмыс істемегеннен болады. Жүрегінде су - перекард те көбіне қабынудан болады. Бала түскенде ешқандай жарақат байқамадым, - дейді УДЗ маманы.

 Жансақтау бөлімінің басшысы да науқастың бірден жансақтау бөліміне жатқызылғанын растады.

- Тексеріс жасалды. Алғашында жағымды өзгеріс болды, алайда аурудың ағымы өршігеннен науқастың жағдайы нашарлай бастады. 13 мамырда науқастың жағдайы қатты нашарлап кетті. Кейін жүрегі тоқтап қалды, - деді ол.

Сарбаздың анасының айтуынша, 12 мамырда баланың жағдайы жақсы болған.

- 12 мамырда баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Ал 13 мамырда диализ жасалады деп жоспарланды. 10 мамырдан бастап денсаулығы жақсара бастады. Біз оны тіпті жансақтау бөлімінен палатаға ауыстыру туралы ойладық. Бірақ 12 мамырда таңғы 7:00-де жағдайына талдау жасау барысында басқа да ағзаларының нашарлай бастағанын байқап, жағдайын орташа ауыр деп бағаладық, - деді сарбазды емдеген дәрігер Иван Викторович Карташов.

 Сарбаздың анасы Ардақ Иманғалиева баласы ауруханаға түскен бойда келген. 4 мамырда баланың денесін толық қарап шыққан, дене жарақаттары жоқ, алайда мойнырнда бірнәрсе байқаған.

- Иә, шынымен, бас және мойын тамырларында қан ұйылғаны УДЗ арқылы анықталды. Ол оң жақ мойын тамырынан анықталды. Біз бірден емдеу жоспарына өзгеріс енгіздік, - деді сарбазды емдеген дәрігер Иван Викторович Карташов.

 Дәрігерлердің айтуынша, бүйрек жетіспеушілігінің алғашқы симптомдары байқалмайды.

- Бұл ауруға шалдыққан адамдарда зәрі айтарлықтай азаяды. Дені сау адамның зәрі 1,5-2 литр болса, оның зәрі 1 литрге де жетпейтін еді. Ауруханада жатқанда да көбеймеді. Дәретханаға өз аяғымен барды, Бүйректері дұрыс жұмыс істемеген соң, біз диализ (ағзадан артық сұйықтықты және қанда жиналған қалдық өнімдерді шығару - еск.) процедурасын жасадық, - деді ол.

 Айта кетейік, сот-медициналық әлі шықпады. Өз елінен сау деген анықтамамен шыққан бала 6 айда мұндай ауруға шалдығып, өлім құшуының себебіне болуы мүмкін?!

Баланың анасы 9-10 мамырда ұлымен ашық сөйлескен. Сол кезде Досымжан бүйрекке 5 минутта тоқтаусыз соққы жасалғанын айтты. Алайда баланың денесінде ешқандай жарақат іздері қалмаған.

18 жастағы Досымжанды ұрды деген күдікті 2 айға уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабы 1 және 2 бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Егер 2 бөлік бойынша қылмысы дәлелденсе, ол 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда баланың ата-анасы мұндай жазамен келіспейді.

Еске салайық, бұдан екі апта бұрын қайтыс болған сарбаз Досымжан Сәлімжанның туысқандары сұхбат беріп, бұл оқиға туралы айтып берген еді.

- Мінезі қатты, мықты жайдары бала, ақкөңіл еді. Әскерге былтыр 11 қазанда өз еркімен кеткен. Алғашқы кезеңдері бәрі жақсы болған, шағымы болмады. 2024 жылғы 3 мамырда таңертең анасына қоңырау шалып, "Мама, ауырып тұрмын, кеудем қысып тұр, қызу бар сияқты" деді. Анасы "Дәрігерге барып қарал" деді. Біраздан соң сержант қонырау шалып, "Баланыз аурып қалды, азқазаны ауырып тұрған сияқты, тамақ ішпегеннен шығар. Қазір дәрігер тексеріп жатыр" деді. Сәлден соң өзіміз қоңырау шалдық, "Апа, сіздің балаңызды Алматыдағы әскери госпитальға жедел алып бара жатыр" деді. Содан хабарсыз кетті. Кешке ғана подполковник Руслан Жылқыбаев қоңырау шалып, "Бәрі жақсы, қазір дәрігерлер асқазанын тазалап жатыр, жара бар сияқты" деді. Бірақ біз сонда да Алматыдағы туысқанымызды ауруханаға жібердік, ол баланың жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Сонда кім кімді алдап отырғаны белгісіз! Ата-енем сол күні түнде Алматыға ұшты, - деді Ақниет Суюнгалиева.