Балалар • 01 Маусым, 2024

Демалыстың қауіпсіздігін ескерген жөн

44 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жарқырап жаз жетті. Бұл – балалар асыға күтетін мерекедей мезгіл. Алайда ата-аналар мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастырушылар үшін қызығымен қатар шыжығы мол, асқан сақтық пен қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын кез. Өйткені бар байлығымыз – бала, ал оның өмірі мен денсаулығын сақтау бәрінен де маңызды.

Демалыстың қауіпсіздігін ескерген жөн

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осыған орай Оқу-ағарту ми­нистр­лігіне қарасты Балалар құ­қын қорғау комитеті төра­ға­сының орынбасары Жолдас Батырхан ата-аналарға:

«Жаз мезгілі балалардың қауіп­сіздігіне ерекше назар ауда­руды қажет етеді. Өкініш­ке қарай, өткен жазда бала­лар­дың суға кетуі, жол-көлік оқи­ға­ларынан зардап шегуі, арықтар мен кәріз құдықтарына құлап кетуі секілді жазатайым оқиғалардың саны артты. Бұл оқиғалардың басты себептерінің бірі – балалардың қадағалаусыз қалуы. Сол себепті ата-аналардан балаларға жол-қауіпсіздік ережелерін, бейтаныс адамдармен өзін-өзі ұстау ережелерін және су қоймаларына жалғыз, ересек адамсыз баруға болмайтынын түсіндіруді сұраймыз. Көпқабатты үйлердің терезелеріне міндетті түрде бұғаттағыш тор орнатыңыз. Қадірлі ата-аналар, бала­ларға қатысты қайғылы жағ­­дай­лардың алдын алуда ере­сек­тердің жауапкершілігі ма­ңызды. Балаларымызға бақыт­ты, қауіпсіз, көңілді демалыс сыйлайық», деп үндеу жасады.

Министрлік осыған қоса ата-аналар мен балаларға арнап жазғы демалыстағы қауіпсіздік ере­желерін түрлі тақырыпқа сай жады­нама ретінде ұсынды. «Жазғы демалыс: қауіпсіздік ережелері» деп аталатын жадынама келесідей тақырыпшаларға топтастырылған: «Орманда өзіңді ұстау ережелері», «Судағы тәртіп ережелері», «Қауіпсіз терезелер», «Өрт кезіндегі тәртіп ережелері», «Даладағы тәртіп ережелері». «Ор­­манда өзіңді ұстау ереже­лері» тақырыпшасында: «Ор­манға бару­­ға саған резеңке аяқкиім (етік дұрыс болады), шалбар немесе спорттық киім қажет (аяғың­ды жылан немесе жәндіктер шағып алмас үшін балағыңды аяқ­­киімге салып қой) депті. Ал «Судағы тәртіп ережелері» тақы­рып­шасында: «Есіңде болсын, шомылу маусымы ауаның температурасы +20–25 градус, ал судың температурасы +17–19 градус болғанда басталады, суда денеңнің тітір­кеніп, тоңбауын мұқият қадағала, бұл – денсаулыққа өте зиян. Суда қатты тоңғаннан аяқ-қолыңның сіңірі тартылып, құрысуы өмірге қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда шалқаңнан жатып жүзу керек. Сасқалақтап, қимылдамай қалсаң, батып кетуің мүмкін» делінген. «Қауіпсіз терезелер» тақырыпшасында «Шыбын-шіркейден қорғайтын тор баланы терезеден құлап кетуден қорғамайды, бұл – тек жәндіктерге қарсы тосқауыл» десе, «Өрт кезіндегі тәртіп ереже­ле­рі» тақырыпшасында «Шұғыл бөлмеден шық, өрт шық­қанда жасырынудың пайдасы жоқ, түтін ішінде қабырғаға сүйеніп, еңкейіп, бетіңді сулы шүберекпен жауып алып қозғал» деп кеңес беріліпті. Соңғы «Дала­дағы тәртіп ережелері» тақы­рыпшасында «Егер біреу ар­тыңнан ұзақ уақыт жүріп, аңдып келе жатқан сияқты көрін­се, бірден адамдар көп жинал­ған жерге барып, ересектерден көмек сұра» деген. Бұл кеңестер – әр тақырыпшадағы көзімізге түскен бірді-екілі сөз ғана. Жадынама әр тақырыпқа сай баланың өзіне қауіпсіз орта қалыптастыра алуына қажетті 10–15 керек деректен тұрады. Толық нұсқасымен ми­нистрліктің әлеуметтік парақ­ша­ларынан таныса аласыз.

Оқу-ағарту министрлігі бала­лар­да жазғы дема­лыс мәдениетін қалып­тас­тыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» атты Guidebook әдістемелік жина­ғын әзірледі. Аталған әдістеме то­ғыз бөлімнен тұрады: «Жаз кітаппен бірге», «Сенің қауіпсіз жазың», «Танымдық жаз», «Се­нің өмір салтың – сала­мат­ты өмір салты», «Жаз – өнер­дің, шығармашылықтың және сұлулықтың қызықты әлемі», «Жаз – өзін-өзі дамыту уақыты», «Сенің алғашқы жеке күнделігің», «Өз қолыңмен жазғы сыйлық жаса», «Жазғы ойындар». Сондай-ақ мұнда жедел қызметтердің телефон нөмірлері де көрсетілген. Аталған министрлікке қарасты тәрбие жұмысы және қосымша білім департаменті дирек­то­рының орынбасары Стэлла Ибраева әдістемелік жинақ жө­нінде:

«Балалардың жас ерекше­лік­тері ескеріле отырып, 1–4, 5–9, 10–11 сынып оқушылары үшін «Сенің қуанышқа толы жазғы де­ма­лысың» Guidebook жина­ғы­ның үш нұсқасы әзірленді. Оның әрбір парағында QR-кодтар орналастырылған, сол арқылы оқушы берілген тақырыптар бо­йынша ақпарат ала алады. Мұнда орталық мемлекеттік органдармен бекітілген балаларға арналған жазғы сауықтыру орта­лық­тарының да тізімі берілген», деді.

Guidebook-тің электронды нұс­қасын Оқу-ағарту министр­лі­гінің, сондай-ақ өңірлік білім басқармалары мен білім ұйым­­­да­ры­ның ресми сайттарынан алуға болады.